Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбеков Мәскеуде тұратын бір топ қазақтармен кездесті. Елші Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық табыстары мен индустриялық-инновациялық дамуы жайында айтып, отандастарды Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың биылғы Жолдауының халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік жаңару бағыттарын көздейтін негізгі ережелерімен таныстырды. Мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға белсене қатысқаны үшін бір топ отандастарға Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына орай шығарылған құрметті белгі және Қазақстан елшісінің алғыс хаттары табыс етілді.
Ресейлік қазақтар өз кезегінде Қазақстанда өткен Президент сайлауына жоғары баға беріп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлаудағы айтулы жеңісімен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтайтындықтарын жеткізді. Сондай-ақ, елшіліктің Ресейде тұрып жатқан отандастарымыздың жай-күйіне тұрақты көңіл бөлетіндігі үшін ризашылықтарын білдірді.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.