Еуропарламентте сөз алған Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер Ұлыбританияның Еуропа одағынан шыққан кейінгі одақ елдерінің дамуы бес түрлі сценариймен өрбуі мүмкін екенін айтты, деп жазады
newsru.com.
Бірінші сценарий бойынша, "қазіргі курс сақталмақ". ЕО-да қалатын 27 ел баяғыша бірлесіп жұмыс істей бермек. Алайда, Юнкердің айтуынша, көші-қон дағдарысының кесірінен одақта алауыздық туындап, мемлекеттердің бірлігі бұзылуы мүмкін.
Екінші мүмкін сценарийде ЕО басшысы интеграциялық саяси мәселелерді ысырып қойып, алдымен одақтың ішкі нарығын дамытуға күш салуға шақырады. Алайда, "бірлескен сауда жасау үшін ресур тапшылығы бар", дейді Юнкер.
Үшінші сценарийде әр ел өзінше даму қарқынын алмақ. Әркім өзінің шамасын максималды пайдаланбақ. Бұл жағдайда ЕО елдерінің ішінде мемлекеттер бірнеше топқа жіктеліп кетуі мүмкін екені айтылған. Олай болған жағдайда, одақтың болашағы бұлыңғыр екенін айтады Юнкер.
Ал төртінші сценарийдің ерекшелігі салаларды бөліп алуға келіп тіреледі. Ол кезде "аз шығын, жоғары тиімділік" принципімен жұмыс істемек. Әр мемлекет өзінің басым салаларын бөліп алғанда қорғаныс пен шекара мәселесі зардап шегуі мүмкін екені жоққа шығарылмайды.
Бесінші сценарийде "Еуроодаққа жақсы нәрсенің бәрі барлық мемлекет үшін жақсы" деген ұран аясында өрбуі мүмкін. Яғни, ЕО елдері тізе қоса отырып одақтың қуатын әлем бойынша арттыруға күш салмақ. "Дегенмен, мұндай жағдайда одаққа сенімсіздікпен қарайтын мемлекеттердің кері реакциясы пайда болып, ұлттық биліктің әлсіреуі туралы пікірлер қылаң беруі мүмкін", деп топшылайды ЕО басшысы.