Белоруссия астанасы – Минск қаласындағы метроның «Октябрьская» стансасындағы жарылыстан 12 адам қаза тауып, 149-ы әр түрлі деңгейдегі жарақаттар алды.
Осы елдің Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жарылысты жүзеге асыруы мүмкін деген күдіктіні анықтағандары туралы мәлімет те таратты. Жарылыс қуаты 5-7 кило тротилдей. Жарылғыш зат металл кесінділерімен толтырылыпты. Қазіргі кезде Ұлыбритания, Ресей және Израиль елдері қылмысты ашуға өз көмектерін ұсынып отыр.
ВАШИНГТОН ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ ТҰТҚЫНДАЛДЫ
Вашингтондағы Конгресс ғимаратының алдында рұқсат етілмеген қарсылық акциясына қатысқандары үшін Вашингтон мэрі Винсент Грэйді және қала кеңесінің бес мүшесін Капитолия полициясы тұтқынға алды.
200-ге тарта шенеунік пен қоғамдық белсенділер қатысқан бұл акция қала бағдарламаларын қаржыландырудың қысқаруына наразылық ретінде ұйымдастырылған. Қол ұстасып көшені жауып тастағандар «Қаладан қолдарыңды тартыңдар!» деп ұрандатқан көрінеді. Еске сала кетсек, АҚШ Конгресінің төменгі палатасы президент әкімшілігімен келісе отырып, 2012 жылдың бюджетін айтарлықтай қысқартқан болатын.
РАДИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІП КҮШЕЙЕ ТҮСТІ
Жапония «Фукусима-1» атом электр стансасының қауіптілік деңгейін Чернобыль апатындағыдай 7-ші деңгейге дейін көтерді. Ел билігі «Фукусима-1» стансасында Чернобыль АЭС-інде орын алған апат қаупі туындағанын мойындап отыр.
«Фукусима-1» АЭС-індегі жағдайдың бұлайша күрт нашарлап кету себебі әзірге айтылмауда. Белгілісі, №4 реакторда өрт шыққан, бірақ ол тез сөндірілген. Осы ретте Хонсю аралының шығыс жағалауында қуаты 6,6 балл болатын жер сілкінісі тіркелгендігін айта кетейік. Дүмпу ошағы Токионың солтүстік-шығысында, қаладан 77 шақырым жерде 13,1 шақырым тереңдікте болған.
БҰРЫНҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҮСТІНЕН ІС ҚОЗҒАЛДЫ
Кот-д’Ивуардың жаңадан сайланған президенті Алассан Уаттара өзінің теледидар арқылы халыққа арнаған үндеуінде елдің бұрынғы президенті Лоран Гбагбоның үстінен сот тексерісі басталғандығын мәлімдеді.
Арнайы комиссия Гбагбо және оның одақтастарының елдегі әскери қақтығыстағы әрекеттерін тексерумен айналысатын болады. Республиканың мойындалмаған басшысы апта бойы өз резиденциясындағы бункерде жасырынып келген. Уаттара телеарна арқылы таратқан үндеуінде котдивуарлықтарды кек қайтармауға шақырып, «жаңа дәуірдің» туғандығын атап өткен.
СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУҒА КЕЛІСКЕНДЕЙ ЕДІ
Коалиция ұшақтары Ливияның Әл-Джуфра қаласындағы бірқатар азаматтық және әскери нысандарды бомбалаған. Бұл жөнінде Ливия телеарнасы әскери басқарма деректеріне сүйене отырып хабарлады.
«Ливияға крест жорығын жасаған басқыншылардың ұшақтары тастаған бомбалар Әл-Джуфра қаласындағы әскери, сондай-ақ азаматтық нысандарға да түсті», деп хабарлады ливиялық телеарна. Бұған дейін Оңтүстік Африка Республикасының президенті Джекоб Зума бастаған Африка одағының делегациясы Муаммар Каддафимен кездесіп, онымен соғысты тоқтатуға келіскендей болған. Ал оппозиция болса, мәміле уақытының тым кеш жасалғандығын алға тартуда.
ҚАУІП ТУДЫРҒАН КЕЗДЕ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Израиль әскерилері соғыс жағдайында «Темір күмбез» төменгі эшелонды зымырандарға қарсы қорғаныс жүйесін сынақтан сәтті өткізгендіктерін мәлімдеді. Сәуірдің 7-9-ы аралығында осы қару арқылы Израиль аумағына қарай атылған 35 «Кассам» және «Град» зымырандарының сегізін жоюға қол жеткізіліпті.
Аталған қару жүйесі зымырандардың тек 24 пайызын ғана жойған. Оны жасаушылар «Темір күмбез» зымырандар тек елді мекендерге нақты қауіп тудырған кезде ғана іске қосылатындығын айтады. Тель-Авив бұл бағыттағы жұмысты дұрыс санап отыр. Бұған дейін әуе немесе артиллериядан соққы беру айтарлықтай нәтиже бермей келген көрінеді.
ТІЛСІЗ ЖАУ – ӨРТ 80 ҮЙДІ ЖАЛМАДЫ
АҚШ-тың Техас штатындағы табиғи өрт салдарынан 80-ге тарта ғимарат қызыл жалынға оранған. Тек Форт-Дэвис қаласының өзінде 40-қа тарта үй жанып кеткен.
Джефф-Дэвис пен Мидленд округтерінде тілсіз жау жалмаған аумақ 100 мың (шамамен 404 шаршы шақырым) акрға жеткен. Кейбір жерлерде қызыл жалын 5-6 метрге дейін көтеріліпті. Оның мұншалықты тез тарауына күшті жел мен ауа райының жылылығы әсер еткен. Тілсіз жауды ауыздықтауға еріктілер мен көршілес штаттардан өрт сөндіру командалары жұмылдырылған.
ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА:
Сицилияда Этна вулканы оянды. Одан атқылаған лава мен түтін бағанының биіктігі үш шақырымға дейін көтеріліп, жел арқылы күл ондаған шақырым жерге тараған.
Египеттің бұрынғы президенті мен оның балалары Гамаль мен Әли сотқа келуі керектігі туралы шақырту алды. Бұл жөнінде елдің уақытша үкіметінің құрамына кірген ішкі істер министрі «Әл-Арабия» спутниктік телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген.
Қардың қалың түсуінен транскавказ автомагистралі бойындағы қозғалыс мүлдем тоқтап қалды. Аталған жолда сел мен қар көшкінінің орын алу мүмкіндігі жоғары.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.