Ежелден еркіндікті сүйген ержүрек, ерік-жігері мықты, қажыр-қайратты батыр бабаларымыз алып аймақ, ұлы дала төсін дүбірлі күйге бөлегені, тиянақты тірлік кешкені белгілі. Алайда, кейіннен түрлі тарихи жағдайларға байланысты өзге елдің қанатының астына кірсе де, ұзақ уақыт бодандықтан бостандыққа талмай ұмтылып, табанды күресті. Ақыры азаттықтың ақ таңы арайлап атып, егемен ел атандық.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын», деген сөзі дәл бүгінгі күні толықтай жүзеге асқанына көз жеткізгенде еріксіз бас иесің. Барша қазақстандықтар үшін бұл мәңгі есте ұстайтын, өнеге тұтатын қағида болу қажет. Еліңді осылай сүйгенде ғана оның ертеңіне кемел қадам жасалады.
Сөйтіп, тәуелсіздік туын көтергенімізге, міне, 20 жылға жуықтады. Тәуелсіздік қазақ халқының өлгенін тірілтіп, өшкенін жандырды. Өркенін өсіріп, өрісін кеңейтті. Еркін тыныс алған егемен еліміз мемлекеттік істерін жалтақтамай, жасқанбай дербес шешетін болды. Қоғам жаңарды, жаңғырды. Әсіресе, санамыздағы сілкініс, жаңарудың жөні тіпті ерекше. Ортақ Отан – Қазақстанға деген мақтаныш сезімі кеуде кернеп, жүрегімізге оттай ыстық сезім орнықты. Сандаған ұлт пен ұлыс мекендейтін туған республикамызда тұмадай тұнған береке-бірлік пен татулық, тұрақтылық, тыныштық көктеген саяси жүйеміз өміршеңдігін көрсетіп, тәуелсіздіктің тәтті дәмін таттық. Кемел келешекке сергек сеніммен, үлкен үмітпен қарап, болашақты парасатты түрде пайымдап отырмыз. Өйткені, мақсатымыз айқын, анық. Иә, тәу етер тәуелсіздігімізбен бірге жеріміз бен елімізге ұлы өзгерістер келді.
Өмір көшіне жедел ілесіп, өркениет биігіне батыл бет алған Қазақстандағы тәуелсіздік жылдарындағы барлық өрісті, өркенді істердің басында тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы қиындықтарды жойып, байыпты басшылығымен дүниежүзілік қоғамдастықтан өз орнын ойып тұрып алған, тәуелсіз мемлекет құрған Нұрсұлтан Әбішұлына тағы да тарихтың таңдауы түсті. Бұл таяуда ғана өткен кезектен тыс президенттік сайлау. Елбасының айқын жеңіске жеткеніне бүкіл қазақстандықтар ғана емес, сырт жақтағы тілектес, ниеттес достарымыз да шын риза. Әсіресе, туған өңіріндегі жерлестерінің қуанышы, тіпті, бөлек, айрықша. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы қасиетті Қарасай жерінде өмірге келген, білім алып, биікке беттеген тұлға.
Асқақ Алатау баурайындағы Үшқоңыр етегінде дүние есігін еркелей ашқан Президентіміз бүгінде айдай әлемді аузына қаратқан сұңғыла, салмақты саясаткер, кемеңгер де көреген Көшбасшы, дара да, дана Елбасы, рухы мықты тұлға болып қалыптасты. Басқа да ерен еңбегін, адами асыл қасиеттерін жақсы білетін халқымыздың қалауы тағы да Тұңғыш Президентіміз болғаны аса таңдандырмайды.
Қарасайлықтар да тағдыршешті сайлауға бір кісідей белсене қатысып, осы өлкеден түлеп ұшқан тұғыры биік тұлғамызды жақтап, дауыс берді.
Сайлау қарсаңында аудан мектептерінде жас ұрпақтың бойына отаншылдық сезімін қалыптастыру, оларды елі мен жерін сүюге баулу мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, «Біздің бір ғана Көшбасшымыз бар, ол – Нұрсұлтан Назарбаев», «Тәуелсіздік және Елбасы» атты форумдар мен «Сайлау өткізу қажет пе?», «Дауыс беру – азаматтық парыз» атты пікірталастар, «Біз Елбасын қолдаймыз!», «Тұңғыш Президент», «Біз Елбасымен біргеміз!» тақырыптарында сынып сағаттары өткізіліп, «Менің отбасымның таңдауы» деген тақырыпта шығарма жазылды. Елбасы бітірген Абай атындағы мектеп-гимназияда «Біз Президентті мақтан тұтамыз және қолдап дауыс береміз!» атты педагогикалық ұжым мен оқушылардың, жастардың қатысуымен акция өтіп, онда Нұрсұлтан Әбішұлының ұстазы Сейітхан Исаев пен сыныптастары өнегелі естеліктер айтты. Сондай-ақ, мектеп кітапханалары «Тәуелсіз Қазақстанға – 20 жыл» тақырыбында көрмелер ұйымдастырып, «Ұлтаралық келісім – Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының кепілі» атты дөңгелек үстелдер өткізді. Б.Сапаралының «Президенттің балалық шағы», А.Көсемованың «Менің Президентім» кітаптары бойынша оқырмандар конференциясы, «Біздің ел осындай», «Елім деп соққан жүрегі», «Ән-жырым саған, туған ел!» атты патриоттық әндер байқауы жас буынға нәр бергенін айтқан жөн.
Аудан орталығындағы тарихи-өлкетану музейі де қарасайлықтар мен қонақтар көп бас сұғатын мәдени орын. Бұл жерден Елбасының өмірі мен қызметі туралы өте мол мағлұмат алуға болады. Мұнда Елбасының өскен-өнген ортасы, отбасы, балалық шағы, мектептегі оқуы, еңбек жолы, мемлекеттік қызметі жайында кітаптар, газет материалдары суреттер, әртүрлі құжаттар жинақталған. Сондай-ақ, сандаған құнды жәдігерлер де орын алған.
Бүгінде Елбасының кіндік қаны тамған 257 мыңнан астам халқы бар, 30-дан аса этнос өкілдері мекендейтін Қарасай ауданы республикадағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы орындарда келе жатқан аудандар қатарында. Әрдайым жұмыс барысында: «Бұл – Тұңғыш Президенттің туған жері. Ендеше, ешқашан артта қалмауымыз керек!» деп өзімізді-өзіміз қамшылап, жақсы бастамаларға талпынып отырамыз. Оның үстіне Алатау алабындағы ер көңілді, ақ жүректі, еңбекті сүйетін осы аймақ халқының өзі Елбасымен жерлес болғанын мақтан тұтады. Үнемі үлкен іс атқарып, үлгілі жүруге күш салады.
Табиғаты тамаша, жасыл желегі мол, ауасы таза таулы өңірде мал асырап, егін мен бау-бақша, көкөніс өсіріп отырған, заман талабына сай шағын және орта бизнеспен, кәсіпкерлікпен шұғылданып, шаруасын дөңгелетіп жүрген қарасайлықтардың да ел ертеңіне еш алаңы жоқ. Себебі, қазіргі Қазақстан іргесі мықты, керегесі кең, шаңырағы биік, өсіп-өркендеген, дамудың даңғыл жолына түскен, тұрақтылық, татулық, тыныштық салтанат құрған мемлекет. Өйткені, оның басында жүрегі халқым деп соққан, көңілі кең, еңбегі еліне арналған, өмірі өнегелі Ұлт Көшбасшысы тұр.
Ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар туралы айтсақ, алдымен өнеркәсіпке тоқталған жөн. Мұнда 7200 адам жұмыс істейтін 25 ірі кәсіпорын бар. 2010 жылы 5 жаңа өндіріс орны іске қосылды. Сонымен қатар, халық 77 өңдеуші кәсіпорынның өнімін де пайдаланады. Жалпы, өткен жылы 88,3 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді, 2009 жылы бұл көрсеткіш 70,7 млрд. теңгені құраған еді. Қазіргі басты міндетіміз, Елбасы Жолдауында айтылған, жеделдетілген экономикалық жаңғырту арқылы Үдемелі инновациялық-индустрияландыру бағдарламасы бойынша тиімді жұмыстар атқару.
Ауданда 5 мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 19 кооператив және 5335 шаруа қожалығында 22 мыңнан астам адам еңбек етуде. Жалпы алаңы 52,7 мың шаршы метрлік 68 жылыжайда көкөніс өсіріледі. Аудан ет, сүт, жұмыртқамен өз халқын өзі толық қамтамасыз етеді. 2010 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 20,750 млрд. теңгені құрағанын да атап айтқанымыз дұрыс. Ал, бұл көрсеткішті үстіміздегі жылы 1,5 млрд. теңгеге өсіруді межелеп отырмыз.
Ел экономикасында кәсіпкерліктің де үлесі мол болуы заңдылық. Сондықтан ауданда бұл бағытта да біраз оңды жұмыстар атқарылуда. Бізде 1943 шағын бизнес нысаны тіркелген, 6715 жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Өткен жылы осы салада 23,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, тұтынушыға мінсіз қызмет көрсетілді. Ал, бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 21 млрд. теңгеге жетті.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2010 жылы құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын 3 өндірістік жоба мақұлданса, биыл кәсіпкерлік саласында 24,2 млрд. теңгенің өнімін өндіруді жоспарлап отырмыз.
Ауданда құрылыс саласы да айтарлықтай дамыған. Өткен жылы аудандық прокуратура мен халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараттары салынды. Әсіресе, «2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік «Тұрғын үй» бағдарламасы» аясында жақсы істердің тиянағы келтірілді. Жалпы аудан бойынша 9244 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, бағдарлама толық орындалды. Мәселен, Қаскелең қаласындағы «Алтын ауыл» ықшам ауданында осы мерзім ішінде 6 көп пәтерлі тұрғын үй салынды. Олардағы 233 пәтер ипотекалық, 64 пәтер жалға беру жүйесі бойынша берілді.
Ауданда негізгі капиталға инвестиция салудан да, бюджетке салық түсіруден де әрдайым алда келеміз. Өткен жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша да нәтижелі істер атқарылып, жұмыс іздеп келушілердің 99 пайызы жұмысқа орналастырылды. Және 631 жаңа жұмыс орны құрылды, қоғамдық жұмысқа 389 адам, кәсіби оқуға 187 адам жіберіліп, өмірден өз орындарын тапты.
2007 жылы бастау алған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында да кезең-кезеңмен жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2010 жылы Көлащы ауылында 615,1 млн. теңгеге 300 орындық мектеп салынса, Қаскелең қаласында сметалық құны 651,8 млн. теңге болатын 320 орындық балабақша пайдалануға берілді. Сонымен қатар, бірнеше елді мекенде бұрынғылары жөнделіп, жаңалары ашылды.
Қарасайлықтардың мәдениет пен спорт саласындағы жетістіктері де атап айтарлықтай. Соңғы кездері елімізде ауылды дамыту, ауылдық жерлерді көркейту, көтеру мәселесі жіті қолға алынуына байланысты, бұл бағытта біраз жұмыс бар. Атап айтқанда, «Дипломмен – ауылға!» атты бастама бойынша 2010 жылы 34 жас маман (4 денсаулық сақтау, 29 білім беру, 1 мәдениет) ауылға жіберіліп, оларға көтерме жәрдемақы берілді. Ал, үстіміздегі жылдың қазіргі кезіне дейін ондаған жас маман осындай жәрдемақыға ие болып отыр.
Айта берсек, қазақтың Қыдыр қонып, құт дарыған, берекелі, ырысы мол, киелі де қасиетті жерінің бірі – Қарасай ауданында басқа да ел игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар, тиянақты тірлік, байыпты бағдарламалар аз емес. Бір анығы Елбасының туған, өскен-өнген өңіріндегі өркенді, өрісті істерді алда да жалғастыра беретін боламыз.
Сөзімді қазақтың маңдайына біткен ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевтың:
Бәрі де, Отан, сен үшін!
Мәуелеп тұрған жемісім,
Еселеп жатқан жеңісім –
Бәрі де, Отан, сен үшін!
– деген жыр шумағымен аяқтағым келді. Дәл осы өлең «Қазақстан» атты алып кемені байыпты басқарып, оны ғаламдық ғаламат мұхит төсімен нұрлы болашаққа, кемел келешекке, көрікті көкжиекке қарай еркін жүздіріп бара жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арман-аңсарын, үміт-сенімін, мақсат-мүддесін айқын анықтап, көрсететіні даусыз.
Ләззат ТҰРЛАШОВ, Қарасай ауданының әкімі.
Алматы облысы.