04 Наурыз, 2017

Солтүстік Қазақстанда су тасқынын ғарыштан бақылауға болады

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Солтүстік Қазақстан облысында наурыз айының соңына таман су тасқыны болады деп күтілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». «Қазгидрометтің» дерегі бойынша, өңірде жылы циклонның ықпалымен ауа температурасы +8 градусқа дейін жылынады. Көктем ерте келіп, қар ери бастайды. Биыл жекелеген аудандарда қар көп жауып, мұз қалыңдығы нормадан екі-үш есеге артқан. «2016 жылғы су тасқынын ескерген жөн. Еріген қар ешқайда ағып кетпеген. Оған М.Жұмабаев ауданы Булаево қаласының орталығындағы көл дәлел бола алады. Ол қазірге дейін толып тұр. Оның жан-жағынан бөгет салынды. Алайда, тасқынның қаупі сейілмеді. Еріген қар суы тұрғын үйлерді шайып кетуі мүмкін. Су тасқыны қаупі бар белдеуде 20 үй орналасқан», - деді СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Асхат Ержанов. Осындай қиын жағдай Камышлов сайында орын алуы мүмкін, себебі Таранкөл көлінің суы осы сайға қарай ағады. Асхат Ержанов атап өткендей, сайдың маңайында бірнеше елді мекен орналасқан. Камышлов сайындағы еріген қар суларынан теміржол мен республикалық маңызы бар «Петропавл-Астана» тасжолы зардап шегуі мүмкін. Құтқарушылар көктемгі су тасқынына дайын екендіктерін айтуда. Өткен жылдың жаз мезгілінен бері күрделі учаскелерге талдау жасалып, су тасқыны қаупі бар 95 елді мекен анықталған. Ол аймақтарда қажетті инженерлік жұмыстар жүргізілді. Елді мекендердегі қарлар шығарылды. Эвакуациялық комиссия құрылып, апта сайын өңір басшысының алдында аудан әкімдері жасалған жұмыстар туралы есеп беруде. «Су тасқынының дайындық жұмыстарына жұмсалатын қаржыны жергілікті атқарушы органдар жоспарлап қойды. Мотопомпалар сатып алынуда», - деді Асхат Ержанов. Өңірдегі барлық елді мекендердегі жағдайлар бақылауға алынған. Штабтар, бақылау қызметтері құрылды. Әр ауданда гидрометеорологиялық бекеттер жұмыс жасауда. «Біз су тасқынынан зардап шегуі мүмкін ең қауіпті елді мекенді анықтадық. Бізде спутник арқылы өңіріміздің барлық аумағын қадағалап отыруға мүмкіндік беретін ғарыштық бақылау бар. Су тасқыны барысында ғарыштық бақылаудың көмегімен қай аумақта судың көп жиналып қалғандығын анықтап, сәйкесінше әрекет етуге мүмкіндік бар», - деп атап өтті Асхат Ержанов.