Студент кезінде-ақ Астанада өткен ХVІІ Халықаралық «Шабыт-2014» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» аталымы (поэзия) бойынша бас жүлдесін алған Батырхан Сәрсенхан – болашағынан үлкен үміт күттіретін ақын. Біздің Батырханмен болған бүгінгі әңгімеміз жас таланттың өлеңге, өмірге деген көзқарастары төңірегінде өрбіді.
– Батырхан, өнер өскен ортаға, топыраққа байланысты дейді. Өзіңе ақындық өнер кімнен дарыды?
– Ата-бабамның бойында ақындық қасиеттің бары рас. Бірақ кез келген қазақтың атасында ақындық болуы мүмкін. Менің түсінігімде, үлкен еңбек шығармашылықты ұштайды. «Еңбек еткенге бақыт басын иеді». Біздікі, әрине, ой еңбегі. Ол ең азапты жол екенін аздап сезінген секілдімін.
– Сенің «Бейбітшілік әлемі», «Шырайлы Шұбайқызылым», «Туы биік, тұғыры мығым – Тәуелсіздік» секілді халықаралық, республикалық, облыстық бірнеше байқауларда топ жарып шыққаныңды жұрт жақсы біледі. Жалпы, жеңімпаз атану, атақ-абырой әсіресе, жас ақынға қаншалықты қажет?
– Көптің ықыласы, мемлекеттің бағалап сый бергені жақсы ғой. Оның несі жаман? Ақынды өлтірудің басты жолы – елемеу, ескермеу. Әркім еңбегіне қарай бағасын алсын. Талантты ұштамаса, бұл ықылас өлтірмейді.
– Бүгінгі қазақ поэзиясына көңілің тола ма?
– Бүгінгі біздің басты жауымыз интернет емес, әлеуметтік желілер. Желілердің ішінде де түкке қажеті жоқ, уақыт жұтуға шеберлері шаш етектен. Әрине, кейбір желілердің поэзиямызды оқырманға жеткізуде маңызы зор, алайда біз оны шектен тыс қолдану арқылы «Кітап мырзаны» қатты ренжітудеміз.
– Ақынды қоғамның барометрі деп жатамыз. Бүгінгі қазақ қоғамында сені қатты алаңдататын жайт не?
– Дәл қазір ұлт тағдыры алаңдатады. Меніңше, ұлттың дәрумені – ар-иманы. Арандатуды ойлағандар дәл осы тамырдың үстінен басып, түрлі ағымдар арқылы жұрттың миын ашытуда. Өткенде бір жас жігіт сұрақ қойды. «Ұлтқа қалай қызмет етсем болады?» дейді. Мен үйінің есік алдына гүл немесе тал отырғызуын өтіндім. Біз әрқайсымыз өз басымыздың директорымыз. Қол мырзаны, Ерін ханымды, Аяқ мырзаны дұрыс іске жұмылдыра білсек, қоғам өзінен өзі түзелер еді.
– Кімді сүйіп оқисың?
– Өмірді.
– Алдағы жоспарларыңмен бөліссең...
– Жоспар көп. Адамдарға жақсылық жасауға құштармын. Толстой секілді ұзын асхана ашып, мұқтаждарды тойындырсам, бақыттың кекілін табар едім. «Өмір – адамдарға жақсылық жасаудан басқа ештеңе емес». Бес жыл ішінде өз мектебімдегі үздік оқушыларға шәкіртақы тағайындасам, он жыл ішінде мұқтаждарға көмек қолын созатын қорлар ашсам деймін. Алдағы жылға жаңа жинақтың сұлбасы санамда жүр.
Әңгімелескен
Айнұр АСАНҚЫЗЫ