Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Осыған орай өңірге 11 сәуір күні Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко келген болатын. Ол облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовпен бірге су басқан жерлерді аралап шығып, төтенше жағдайға орай шұғыл кеңес өткізді. Министр су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың бәріне қажетті көмек жасалатынын жеткізді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен түскен мәліметке қарағанда, Деркөл, 1-ші Шежін және 2-ші Шежін, Быковка өзендерінің тасуы шырқау шегіне жетсе, Жайық пен Шағанның суы көтерілу үстінде.
Зеленов ауданы Зеленый ауылы тұсында Деркөл суы 61 үйге кіріп, 40 тұрғын қауіпті жерден көшірілді. Бакаушин ауылында 49 үйді су алып, 35 адам басқа жерге орналастырылды. Быковкадан Хамин елді мекені зардап шегіп, 30 үйді су басты.
Тасқала ауданы орталығында Деркөлдің көктемгі мінезінен 60-тан астам үй зиян шегіп, 550 адам көшірілді. Саман тастан салынған үйлердің алды құлап та жатыр. 1-ші Шежін өзенінен Атамекендегі 40-тан астам үйді су алған.
Теректі ауданы Подстепный ауылында 21 үй осындай күйге ұшырады. Зеленов ауылының Белес елді мекеніне де су кірді.
Орал қаласы төңірегіндегі елді мекендерді де су алуда. Сондықтан саяжайларда, Самал-1, Самал-2 ауданы, Чувашка және басқа жерлерде тұрып жатқан адамдар, «Жас дәурен» балалар кешені, «Ивушка» санаторийі, облыстық кардиоорталық көшірілді. Маштаков, Мичурин ауылдары да осыған ұқсас жағдайды бастан кешіруде.
Құтқару жұмыстарына мыңнан астам адам жұмылдырылып, 292 техника қатыстырылды. Сонымен қатар республиканың өзге өңірлерінен де құтқарушылар көмекке келгендігін айта кету керек.
Құтқарушылардың сөзіне қарағанда, Деркөл, Шағанға қоса Жайық өзенінің қоса тасуы жағдайды қиындатып жіберді. Негізі Жайық он күндей кейін таситын. Бастысы, қолдан келген шаралардың бәрі жасалынуда. Абырой болғанда, мал шығын болғанымен, адамдар аман.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.