Сан ғасыр бойы ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын далада самал желдей еркін, азат күн кешкен ата-бабамыз өзінің күнделікті тіршілігінде қайталанбас ғажайып салт-дәстүрлерді орнықтырған. Бүгінгі күнде талықсып, үзіліп барып қайта жалғанып, өшіп барып енді жанып жатқан құсбегілік, атбегілік өнер тәрізді қаны таза текті иттерді тауып асырау, олардан тұқым алу қайта қолға алынып жатыр.
Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосында тұратын Оралбек Қайсанов бірнеше жылдан бері қазақы төбеттің тұқымын жақсарту бағытында тынымсыз ізденіп жүр.
– Қазақтың төбет иттерінің қадір-қасиеті қандай? – деп сұрағаным бар бірде ол кісіден.
– Төбеттің айырмашылығы дене бітімінде. Бізге дейінгі ата-бабамыз әр сөздің бояуын, дәмін айыра білген ғой. Атауының өзінен көрініп тұрған жоқ па? Бөрібасар, демек, бөріні алатын, соған шамасы қаптал жететін әулетті деген ұғымды білдірсе керек қой. Бөрібасардың басы ересен үлкен, мойны жуан, бас пен мойын зор кеудеге қоладан құйғандай тұтасып кеткен тәрізді болады. Езуі жарты қарыс. Азу тістері салалы, әрі өткір, мықты келеді. Кеудесі жуан, аяқтары сіңірлі, ұзын. Шынтақ кеудеден сәл алшақтау. Белі садақтың жағындай серіппелі. Күдістеу біткен мойын омыртқа жонданып барып күшті серпінді белге жымдаса жалғасады. Дауысы көмейінен, жұтқыншақтың түбінен, бәлкім зор кеуденің өзінен шыққан тәрізді қою гүріл араласып салмақты леппен шығады.
– Ит асырау ермегіңіз бе?
– Егер осы іспен ондаған жыл айналысып жүрсем, әрине, ермек деуге келмес. Зайыры ермек ерікеннің ісі. Өзіңіз ойлап көріңіз, қазір менде алпысқа жуық асыл тұқымды ит бар. Ермек еткен адам қызығы мен азабы бірдей осынша итті генетика заңын сақтай отырып, өсіре алар ма еді. Ол үшін айрықша төзім, ерекше ынта керек. Әр иттің мінез-құлқын қадағалау, денсаулығын көзден таса етпеу, дағдыландыру, тәрбиелеу кез келген адамның қолынан келе бермейтін азабы мол шаруа. Қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған мына заманда, ит түгіл адамды асырау оңайға түспей тұрған шақта, еріккен адам елу ит баға алар ма еді?
– Ит асыраудың мехнаты аз емес. Басқасын айтпағанда, көрші-қолаңның өзі үй іргесінде пәленбай ит арпылдап жатқанын ұната қоймайтыны анық...
– Асыл тұқымды итті бір шеті Ауғанстан мен бір шеті Түрікменстаннан жинадым. Отбасым ит асырағаныма қарсы емес. Әр адамның алдына қойған бір мақсаты болады ғой. Менің мақсатым осы. Кейбір түсінбейтін адамдар басқаша да ойлауы мүмкін. Ал көршілерім алғашқыда үркектей қарап, ептеп күңкілдегендері де рас. Кейін көндігіп кетті. Олай болатыны менің төбеттерім көршінің қаз-үйрегін ұрлайтын бұралқы ит емес. Кісі қаппайды. Ешкімге зияны жоқ. Сосын да көрші-қолаң төбеттердің тұлғасын көріп, тектілігіне тәнті болып, өздері де қызықтап жүреді.
– Бүгінде асыл тұқымды иттерді бизнес көзіне айналдырғандар да бар көрінеді. Сіздің ұстанымыңыз қандай?
– Қазіргі таңда асыл тұқымды иттерді сату өзінше бизнес екендігі рас. Әрі тұқымы тұздай құрып бара жатқан төбеттердің қымбат бағаланатындығы әртүрлі жарыстарда жүлде алған, атақты төбеттердің құны аса беретіндігі тағы мәлім. Тұқым жаңалау үшін өзіміз де сатып алып жүрміз. Текті төбеттер бес мың доллардан жоғары бағаланады. Бірақ, мен төбеттерді сату үшін емес, олардың тұқымын жаңалап, көбейту үшін бағамын.
Ит жеті қазынаның бірі деп Алаштың сұңғыла қарттары тегін айтпаған ғой. Төбет барлықтың, байлықтың, тектіліктің белгісі. Қазақ даласын жыртқыштан, жаудан қорғап қалған төбеттің жиырма бірінші ғасырда да өмір сүруге толық қақысы бар. Ендеше, сол жетінші қазынаның жанашыры болып жүрген Оралбайдың әрекеті қай жағынан да құптарлық іс дер едік.
Байқал БАЙӘДІЛОВ