14 Сәуір, 2011

Телқоңыр

486 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Болатбек Шәмшиевпен сұхбат Өлмейтін өнерді, яғни рухани құнды­лықты жасайтын – адам. Адам болғанда – Құдай ерекше жаратқан талантты адам. Ондай адамдар көп емес. Әрине, олар кеудесін өрге сүйреп, жүзден жүйрік болып көрініп қалуды мақсат еткендер емес, мыңнан тұлпар секілді дара жаралғандар. Дара тұл­ғалардың көп жағ­дайда ойы биік тұрады. Олардың ұлттық рухы да бөлек. Сол себептен де болар, ондай алыптардың ұлтпен бірге, жұртпен қатар жасайтыны. Иә, қанша жерден күл шашып, қоқысқа лақтырсақ та, кеңес дәуірінің өзін­дік жақсылығы бол­май қойған жоқ. Бұл арада біз бақталастықтан, бақас­тық­тан, мен кім, сен кім деген қара­ни­ет тақымдасудан туған қатыгездікті жоққа шы­ғарайық деп отыр­ға­нымыз жоқ. Әйтсе де, рухани дүниеде, өнерде тума таланттар шоғыр-шоғыр болып шық­ты. Олар төрткүл дүниеге та­нылды. Ондай дәрежеге жеткенге дейін біраз қиын­дық­­тар­ды көре жүріп, жоқтан бар жасады. Осы орайда жа­қын­да ғана газетімізде жа­рия­­ланған белгілі ғалым Құлбек Ерг­ө­бек­­тің «Қай­ран, қазақ қызда­ры!» (10.03.2011) атты триптихіндегі қазақ биі­нің тұңғыш қарлығашы Шара Жиен­құ­лованың: «Опера және балет театры ол кезде жоқ. Жоқты жасаймыз деп республика бас­шылары, бол­маған жанрды болдырамыз деп жазушылар жүр», деген сөзі ойға оралып отыр. Шынында, қазіргі әлемдік деңгейге көтеріл­ген өнеріміздің ір­ге­тасы сол кезде қалан­ғанын кім жоққа шығара алады. Қайта ал­дыңғы толқынның жалғасымыз деп жар салсақ жарасады. Бұл бір жағынан, өнерді, өнерпазды тану болса, екінші жағынан, алтын арқауы үзілмеген ұрпақтар сабақ­тас­тығын көрсетеді. Әйтсе де, күні кеше кеңес дәуірінің бастау ба­сын­дағы орашо­лақ­тық­­ты біз де қайталадық. Оны бүгін жа­сыр­ған­мен, ертең әшкере болады. Сол себептен де шындықты айтқаннан кеміп қалмаймыз, қайта тазарамыз, кейінгілер одан сабақ алады. Рас, бардың бағасына жете алмаған кездеріміз де болды. Қы­зыл­дар ол дәуірде жеке өмір сүріп жатқан адамдар­ды біріктіреміз деп құрық ұстап, қойдай қуалап жүріп апатқа, аштыққа ұрындырса, бұл заманда жекешелендіреміз деп ұйып отырған ұй­ым­дарды тарыдай шашып, талқа­нын шығар­дық. Осы науқанның тұсында рухани құн­дылықтарымыз әлсіреп-ақ қалды. Төрткүл дүниенің анталап келген қызыл-жасылына жастарымыз бой алдырып, дәл қазір соның балшығына батқан аяғымызды тазалай алмай жүрген жайымыз бар. Дегенмен, тәубе дейік. Соңғы жылдары іргелес отырған өзге жұрттардан көшілгері озып, әлемдік даму­дың алғашқы баспалдағын игер­дік деуге болады. Сондай жақсылы­ғы­мызды өзімізден гөрі өзге ағайынның аузынан естігенде бір марқайып қалатының анық. Қырғыздың атақты режиссері, КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаты Болатбек Шәмшиев Қазақ елінің Қызылжар өңіріне келіпті дегенді құлағымыз шалғаны бар еді. Таяуда бір замандары атағы жер жарған кино режиссерімен елордадағы Президенттік мәдениет орталығында дидарласып қалдық. Көрнекті жазушы Роллан Сейсенбаев аталмыш орта­лықта халықаралық Абай клубының қол­дауы­мен шығарылған «Жидебай» жылна­ма­лық журналының және жыр дүлдүлі Сүйін­бай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым» атты кітабының тұсаукесерін өткізген еді. Соған Болатбек арнайы атбасын бұрыпты. Таяуда ғана 70-ке келген режиссердің тек тамырына көз салсаң, қырғыз ақыны Төлен Шәмшиевтің отбасында дүниеге келіпті. Сұх­бат үстінде ол өз отанындағы қилы ке­зең­дер туралы жабырқап тұрып, бір-екі ауыз сөзбен ғана ойын ортаға салды. Сондағы айтқаны, талас-тартыс, талан-тараж, бей-берекеттік орын алған жерде шығар­машы­лық жұмысқа орын болмайды екен. Сені түсініп, түйсінеді дегендер түгелге жуық түлен түрткендей түтігіп шыға келетінін, өнерің адыра қалып, сөзің қарабақыр бо­ла­тынын күйініп, біздің Отанымыздағы жа­расты тірлікке сүйініп, сүйкімділіктің белгісі елдің бірлігі екенін жеткізді. – Шығармашылығыңыз туралы не айта аласыз? – Не айтамын, біздің елде әбден қиын болып тұр ғой. Мен қанша жыл жұмыссыз отырып қалдым. Омалып отыра бермей, бір әрекет жасайын деп айналама қарағанда, қазақ бау­ыр­­лар шақырды. – Шақырған кім, осы жағын нақтылай кетсеңіз. – Сәбең (Мұқанов), Ғабең (Мүсірепов) туған топырақтың азаматтары, яғни Сол­түстік Қазақстан облысының әкімі Серік Бі­ләлов, оның орынбасары Фархат Қуан­ға­нов. Мұндай азаматтар қазақ топырағында көп болуы керек. Лайым солай болсын. Ұзақ­қа ба­ратын елдің ұлдары осындай бо­луы тиіс қой. Содан азаматтардың өтінішін жерде қал­дырмадым. Елден, жұрттан кешірім сұрап, осы өткен жылдарымның белгісіз қалған күндерінің орнын толтырайын, басым аман, есім түзуде қазақ туыстарыммен тізе қосып кино түсірейін, театрға бар күш-жігерімді жұмсайын, сөйтіп, сирексіп кеткен өнердің өрісін кеңейтейін деп белімді бекем будым. Қолқа салған азаматтар үй-жай берді, қол­дан келгенше мүмкіндік жасап жатыр. Қазақ әдебиетінің айтулы өкілі Ғабит Мү­сіреповтің 110 жылдық мерекесі таяп келеді, соған қолұшыңызды беріңіз, қандай жоба-жоспар, бағыт-бағдар ұсынасыз деді. Ала­қанға салып, аялап отырғанда мен неге аянамын. Қазақ әдебиетінің өткені мен кеткеніне көз жібердім. Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысын» қадалып оқыдым. Қалам­гердің өмір жолына үңілдім. Өткен ғасыр­дың 30-шы жылдарындағы ойранды санамда сараладым. Соның нәтижесінде «Ақан се­рінің махаббаты. Мүсірепов және НКВД» деп аталатын драма жаздым. Бұл дүниені алдымен театрда спектакль ретінде жұрт­шылыққа көр­сет­сем деймін. Одан кейін деректі фильм түсіру ойда тұр. – Болатбек Төленұлы, сіз осы уақытқа дейін қанша кино түсірдіңіз? – Он бестен асады. Олардың қатарында «Фудзияма биігін бағындыру», «Мерген», «Ерте келген тырналар», «Қасқыр­дың апа­ны», «Қараш асуындағы атыс», «Ақ кеме» – осылай жалғасып кете береді. Мен түсірген фильмдердегі кейіпкерлердің жартысын қа­зақ бауырлардан шыққан талантты әртістер сомдады. Мысалы, «Қасқырдың апа­нын­да­ғы» басты рөлді тағдырлы азамат, та­лант­ты әртіс Кененбай Қожабеков ойнады. Сол секілді керемет өнер иесі, кескін-келбеті, болмыс-бітімі бөлек Нұрмұхан Жан­тө­рин, Нұржұман Ықтымбаев, тағы басқалар бар. – Қазақстанға келгенге дейін қандай жұмыстар бітіре алдыңыз? – Кино түсіру мәселесі қиындап кетті, қаржыдан қағылдық. Содан қарап отырмай қолыма қалам алдым. Әңгіме, повесть, романдар жаздым. Екі повесім жарыққа шықты. Дайын тұрған екі романымның ба­сын біріктіріп, оқырманға ұсынсам деген ниетім бар. Ол алдағы күннің еншісінде. Әрине, бәрі қар­жыға келіп тірелетіні өзінен өзі түсінікті. – Қазақ еліне келіп, жақсы жұмысқа ұйытқы болмақ ойда екенсіз. Бұл – талант үшін шекараның жоқ екенін, оның ақыл-ойы бүкіл адамзаттың байлығы бо­лып саналатынын көрсетсе керек. Енді баяғы дәстүрді жаңғыртып, қазақ қалам­герлері шығармаларының желісі бойынша кино түсіру жағы қалай болады? – Бір замандары мені қазақтың бір шоғыр жазушылары «телқоңыр» деп атады. Оның да себебі жоқ емес еді. Мен көбіне  осы елдің азаматтарымен шығарма­шы­лық байланыста болдым. Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын 20 сериялы кино етіп түсірсем деген ниетімді білдіргенмін. Бірақ ол орындала қоймады. Тіпті, Абай рөліне Советбек Жұмаділов деген тума талантты да дайындап қойғаным бар. Ол бұл өмірден өтіп кетті. Одан кейін Құрманғазы туралы фильм жасауға да тал­пындым. Оған өздеріңізге таныс Сулей­мен­қул Чоқморовты тартпақ болдым. Сулей­мен­қул құйып қойған Құрманғазы еді. Ал жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» романының негізінде 21 сериялы фильм тү­сірмек болдым. Ертіс өзені мен қазақ жерін қан қақсатқан Ермак арқылы бүкіл бір дә­уірдің көрінісін жасасам дедім. Бұл 70-жыл­дары еді. Ол кезде сериал фильм деген бізде атымен жоқ болатын. Бұл тал­пы­нысым да орындалмады. Дегенмен қазір Ғабең шығармасының негізінде сценарий әзірлеп, «Ақан сері» деген фильм түсірмек ойдамын. Бір замандары Біржан жөнінде сценарий жазғаным бар еді. – Сізге қазір мүмкіндік берсе, «Абай жолын», Құрманғазы туралы кинолар түсірер ме едіңіз? – Әзірмін. Ширығып жүрген жайым бар. Ұлы Абай бейнесі 30 серияға дейін сұранып тұр ғой. Ғабеңнің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуын» атақты жырмен ұштастыра оты­рып оқығанымда, Сарыбай мен Қарабай, Қо­дар бейнелері киноға дайын тұр. Оларды бұ­рын­ғы қаралау тәсілімен емес, бүгінгі көзқарас­пен жасар болсақ, жайнап кетері хақ. Са­рыбай өлді, Қарабай тірі. Осы Қа­рабай бейнесін бүгінгі кейбір сараңдармен ұштастыра келіп, Қодардың қулық-сұм­ды­ғына ойысар бол­саң, ол қызы үшін емес, бай­дың бай­лы­ғын көздеп жүргенін аңғарасың. Өмір сү­ру­дің техно­логиясындағы ұқсастық­ты пай­ым­дай­сың. Қодар секілді жан­сыз­дар­дың қазір әр жерден табылатынын түсініп, түйсінесің. Шыны керек, қазақ қаламгерлері шығар­маларының түп тамырына үңілсең, халық­тың қадірлі қасиеті, алға қойған мақсаты, бола­ша­ғы астарлап айтылады. Мәселен, Ғабеңнің «Ақан серісі» Сталин билік құрған заманда жазылған туынды. Бір қарағанда, е, өткен өмір осылай ғой, дей салуға болады. Ал тереңдеп үңілсең, ол заманды айта оты­рып, бүгінгі күнді де суыртпақтап жіп су­ырғандай етіп, алдыңа тартады. Мен қазақ қалам­гер­лерінің ақыл-ойының алыптығына таң қала жүріп, тәнті болудамын. Қазір Сәкен Сей­фул­линнің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жан­сү­гі­ровтің, Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіре­пов­тің – бәрінің де, тіпті осы күндері жұрттың аузында жүрген замандас қаламгерлердің де таңдаулы дүниелерін уақытым жеткенше парақтап отырамын. Бізде бір жағымсыз әдет бар. Өзімізден гөрі өзгенің киносын мықты санаймыз. Көбіне-көп қияли небір сұмдық жат қылықтарды бейнелейтін Голливудтың әртістеріне там­санып қараймыз. Олар да керек шығар, бірақ талғам деген таразы бар ғой. Сол таразыны ойдан шығарып алып, көзсіз бас ұра бермесек екен. Адамдық, адал­дық, ізгілік, ізет, инабат деген бар ғой. Көре алсақ, сезсек, түсінсек, ондайлар өзімізде де жетіп-ар­ты­лады. Қазақтың бір аталы сөзі ойы­ма ора­лады. Жат жарылқамайды, өзі өл­тір­мейді дегенге келеді ол. Шындық осы. Біз ал­дымен өзімізді өзіміз бағалайық, өзі­мізді өзіміз жарылқайық. Менің кейде есіме атам түседі. Шіркін, ол кісі тіріліп келсе, «Мы­на елімнің жайы қалай болып барады?» деп сұрар едім. Ол жаны ашып тұрып, ақы­лын айтар еді. Ал ішкі есебі бар жаттан ондай шарапат шыға қоюы екіталай. Олардың сөзі мен ісі үйлесе қоймайды ғой. Мен осыны өскін ұрпаққа жалықпай айтып келемін. – Болатбек Төленұлы, Шыңғыс Айт­матов туралы не айта аласыз? – Шыңғыс та қазақ пен қырғыздың ор­тасындағы телқоңыр еді ғой. Мен ол кісінің қасында 50 жыл жүрдім. Төрт туындысын кино тілінде сөйлеттім. Орындасақ, мәреге жеткізсек деген мақсатымыз көп бола­тын. Бірақ ол енді орындала ма, орындалмай ма, үміттен күдік көп болып тұр. Жатсам да, тұрсам да мені бір ой мазалай береді. Ол елімнің тынышы кетіп, тірлігі астан-кестең болғанын Шыңғыс аға көрсе, не дер еді деген ой. Шарасыздық танытпай, халқын ұйытқыдай ұйытар ма еді, суық қармаған жүректерін жылытар ма еді? – Сіз қазақ топырағында кино түсір­сеңіз онда ойнайтын әртістерді қайдан алар едіңіз? Музыкасын кімдерге жазды­рар едіңіз? – Қазақ талантты халық дедім ғой. Та­лантты әртістер жетіп-артылады. Тайдай тулап тұрған та­ланттарды қазірдің өзінде елеп-екшеп жүр­мін. Музыкасын жазатын сазгерлер де бар­шылық. Өмір болып жатса, Сәбең мен Ға­беңнің кіндік қаны тамған топырақта, бая­ғы­ның батырларындай күн санап түлеген Ас­танада шеберхана ашсам деймін. Жас та­ланттарды балапандай баулы­сам деймін, сөй­тіп қазақ киносы мен теат­рын шамам же­ткенше бір белеске көтеруге бауырлық үле­сімді қоссам, алаң көңіл орнығар еді. Менің бұл ниетімді қы­зыл­жар­лық азаматтар оң қабылдап, Алаш арыс­та­рының ақиқатын кейінгіге өлместей үлгі етіп қалдырып бе­ріңіз деген тілектерін айт­ты. Мұның өзі – білген адамның ісі. Біл­ген­нің тілін алған кісі кішілік танытуы керек қой деп ойлаймын. Олар­ға ризалығым шексіз. Қазақ пен қыр­ғыз­дың ортасындағы тел­қо­ңыр болып, ел аза­мат­та­ры бастаған істі өнер арқылы ұш­тас­­ты­рып, алтын көпір болсам, арман не? – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.