13 Наурыз, 2017

Аптаның экономикалық күнтізбесі

150 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Осы апта жаһандық қаржды нарығы АҚШ, Жапония, Ұлыбритания мен Швейцарияның орталық банк басшыларының кеңесін назарда ұстамақ. Инвесторлар сонымен қатар, Германиядағы G20 елдерінің екі күндік форумынан да жаңалық күтеді. Онда жаһандық экономиканың бүгінгі ахуалы, валюта саясатының ендігі бағыты мен валюта айырбасының бағамы туралы сөз болмақ. 1. ФРЖ-ның пайыздық мөлшерлемесі туралы шешімі Қоғамдық пікірге сүйенсек, АҚШ Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) ашық нарықтар туралы федералды комитетінің осы жолғы отырысында АҚШ долларының базалық мөлшерлемесі 0,25 пунктке көбейтілуі мүмкін. ФРЖ шешімі Астана уақытымен сәрсенбіден бейсенбіге қараған түні қабылданбақ. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі 0,50-0,75 пайыздық мөлшерлеме 0,75-1,00 аралығына көтерілмек. АҚШ орталық банкі сонымен қатар, экономика өсімі туралы мәлімдемесін жарияламақ. Бұдан бөлек, ФРЖ төрайымы Джаннет Йеллен баспасөз мәжілісін өткізеді. Сарапшылардың пікірінше, биыл жыл соңына дейін доллардың пайыздық үстемесі тағы екі рет көтерілуі тиіс. Өйткені, өткен жылдың желтоқсанындағы отырыста Джаннет Йеллен осындай тұспал айтқан еді. 2. Жапония банкінің валюта саясаты туралы шешімі Өткен жолы Жапония банкі пайыздық мөлшерлемені 0,1 пайыз деңгейінде сақтап қалғаны есімізде. Енді сейсенбі күні таңертең Жапония банкінің кезекті отырысы өтіп, тағы осы мәселе қаралады. Шарадан кейін жапон орталық банкінің басшысы Харухико Курода баспасөз мәслихатын өткізбек. 3. Англия банкінің шешімі Астана уақытымен 17:00-де, бейсенбі күні Англия орталық банкінің фунттың базалық мөлшерлемесі туралы шешімі жарияланады. Сарапшылар, бұл жолы айтарлықтай жаңалық болмайды деседі. Инвесторлардың пікірінше, Англия банкі жетекшілері елдегі экономикалық ахуалды ескере отырып қаржылық қолдау мақсатында фунттың базалық мөлшерлемесін сол қалпы қалдыруы тиіс. Естеріңізге сала кетейік, елдегі жұмыссыздықтыцң көбеюі мен Брексит аясында Англиядағы инфляция деңгейі соңғы бір жылда көбейіп кеткен еді. 4. Швейцария ұлттық банкінің пайыздық мөлшерлеме шешімі Швейцария ұлттық банкі маусымдық кезекті мәлімдемісін жарияламақ. Сарапшылардың пікірінше, елдегі қазіргі 0,75 пайыздықө мөлшерлеме сол қалпы өзгеріссіз қалуы тиіс. Ел үкіметі цвейцариялық франкқа деген сұранысты қамтамасыз ету үшін шетелдік валюта интервенциясын жалғастыра түседі деген болжам бар. 5. G20 саммиті Жұма мен сенбі күндері немістің Баден-Баден қаласында әлемдегі ең ірі экономикалардың орталық банк жетекшілері және қаржы министрлерінің жиыны өтеді. Онда жаһандық экономикалық ахуал талқыланбақ. Бұл жолғы жаңалық, биыл алғаш рет Трамп әкімшілігінің протекционистік саясат ұстанатын өкілдері қатыспақ.