14 Сәуір, 2011

Бұл жеңіс болашақ үшін керек

313 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ойымыздағы болды, көңіліміз толды! Бұл ойды қазір әр қазақ баласының көкейінен, қуаныш кернеген көңі­лі­нен, жарқылдай күлген жүзінен танып, оқуға болар еді. Қазақ елі тарихтың тағы да бір сындарлы кезеңінен өтті. Күні кеше елімізде болып өткен Қазақ­стан Республикасының Президенті сай­лау­ын тарихтың сындарлы кезеңі демеске тағы да болмайды. Соғыс өрті тұтанып, дау-дамайы көбейіп, дүрмегі ұлғайып бара жатқан бай дейтін, бақуатты дейтін көп­те­ген араб елдеріндегі жағдайды ойласақ болды, сондай өрт пен кесепаттан, текетірес әрі қарама-қайшылығы мол көз­қа­рас­тар мен пікірлерден өз еліңнің аман бо­луын тағы да тілерің бар. Өйткені, дүние­нің төрт бұрышының бір жерінде тұта­нып жатқан өрт дүниенің өзге бір бұрышына қауіп пен қатер төндірмейді деуге тағы да ауыз бармайды. Сол өртті тұтандырғысы ке­ліп, жанығып жүргендердің өз елімізде бар екендігі де жасырын емес. Міне, осы бір ойлар қаумалаған көңі­ліміздің бір сәтке де орнына түскендігін айта отырып, 3 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауының елімізде ойдағыдай өткендігіне қуанамыз. Және де Орталық сайлау комиссиясының алдын ала жасап отырған есебі бойынша, бұл сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың жеңіске жеткендігі көңіліміздегі сол қуанышымызды тасы­та түсетіндігін де жасыра алмас едік. Өйт­кені, ел тәуел­сіз­дігінің 20 жылында Қа­зақ­стан­ды әлем­ге танытқан, кешегі күні тұра­лап қалған эко­номикасын, халқымыздың жүрелеп қал­ған тұрмысын көтеріп, бүгінгі көрікті күй мен өрісті күнге жеткізген Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы мен даралығын, кемелділігі мен кемеңгерлігін тарих және жүріп өткен жолымыз еріксіз мойын­датары анық. Ең бастысы – туған елі мен туған халқы­на, Қазақстанды мекендеп отырған бар­лық ұлттар мен ұлыстардың мүддесіне адал қызмет ете білген Прези­денті­міздің адами қасиеттерін өзге елдердің хал­қы анық танып, сүйсіне білетіндігі және «Назарбаевтай Президенттерің бар қазақтар, сендер бақыттысыңдар!» деген сөзді сыншы жат көздің көріп тануы мен айтып келе жатқандықтары бізге үлкен ой салса керек-ті. Әңгіменің адалын айтар болсақ, қазақ баласы біз Нұрсұлтан Назарбаевқа әр­дай­ым ризамыз. Ең бастысы қазақ баласын шашыратып алмай, жерінің тұтастығын, елінің аман­ды­ғын, мемлекетінің абы­ройын асқақтата білгендігі үшін ризамыз! Күні кеше дейік, Қазақстанның ТМД елдерін былай қойып, бүкіл түркі әлемінде тұңғыш болып Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Астана Саммитін өткізуі және Астана Декларациясының қабылдануы әлем тарихының беттеріне ал­тын әріптермен жазылып қалғандығы анық. Сол әлемдік көне тарихтың бір бетіне қазақ деген елдің тарауын өз қолымен жа­зып қалдыра білген де – Нұрсұлтан Назарбаев! Бұл енді өшпес тарих, өлмес ке­зең болып мәңгіліктің мәңгілігіне жалға­сып кете берер ғұмырлы дүние. Сол ғұ­мыр­лы дүниенің алып ағыстары мен тол­қын­дары, алапат дауылдары мен нөсер жау­ын­дары, өрекпіген даулары мен өш­тес­кен кектері, бір-біріне кезенген отты да оқты қарулары арасынан біздің киелі де қасиетті елімізді, қазақтың кең байтақ жерін, көрген қасіреті де, тартқан бейнеті де, кешкен азабы мен мазағы да бір басына жетерлік қа­зақ халқын бүгінгі күні айдай әлемге танытып, Шығысқа мұрнын шүйі­ре қарайтын зайырлы Еу­ропаның өзіне төре­лі­гін жүргізіп, билігін айт­қан Қазақстанды сол биіктікке көтерген де  Нұрсұлтан Назарбаев! Әлем осы күні Қа­зақ­станның және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірімен санасып, ойымен орай­ла­сып отыратын болса, бұл да біздің еліміздің айдай әлем алдындағы абыройының асып отыр­­ғандығының көрі­ні­сі бол­­са керек-ті. Қазіргі дү­ние биліктің есерлігін көтере алмай­ты­ны бар. Дүниеге есті басшы, есті қай­рат­кер, есті саясаткер қажет. Осы қасиет­тер­дің барлығы да біздің Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың тұла бойы­нан табы­лып жататындығы тағы да дау тудыр­майтын мәселенің бірі. Ақыл мен қай­рат, сабыр мен ұстамдылық, көреген­ді­лік пен кемеңгерлік, жер-жаһанның тіршілігінің ты­нысын терең сезіне білушілік, адам ба­ла­сының қасіретіне бей-жай қарай алмай­тын ізгілік пен мейірімділік, жылағанды жұбата білер, құлағанды сүйей білер қайырымдылық, әділдік пен адалдық сияқты адами асыл қасиеттер жүрегінен нұр болып төгіліп тұрар Прези­денті­міздің осы бір қасиеттерінің шапа­ға­ты­на жалғыз қазақстандықтар – біз ғана емес, дүние халықтарының да бөленіп келе жатқандығын да айтқан ләзім. Елбасы­ның жалпыадамзаттың мүддесі үшін Семей атом полигонын жабуы, іргедегі Қырғыз елі халқының жағдайының қиын тұсында және соңғы ширек ғасыр бойы түрлі желеу­мен соғыс полигонына айна­лып отырған Ауғанстанға көмек пен қам­қорлық қолын созуы, кедейшілік пен жоқшылықтың, ашаршылық пен тойып тамақ ішпеудің азабын тартып отырған кедей мемлекеттер үшін әлемнің дамыған елдерінің бәрінің де өздерінің әскери бюджетінің жыл сайын 1 пайызын беріп отыру жөнінде дүниеге алғаш рет ой айт­қан біздің Президентімізді адам мүддесін бәрінен де биік қойып, бәрінен де қасиетті санайтын әлемдік деңгейдегі бірден-бір саясаткер екендігін адал ниетті адамзат әлдеқашан танығандығы да бар. Біз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қайтадан өз Президентіміз етіп сайлау арқылы өз еліміздің тәуелсіздігінің одан әрі бекіп, нығая түсуінің жаңа мүмкін­дік­теріне жол аштық. Біз қазақ еліндегі бү­гін­гі жарасты ынтымақ пен бірліктің, та­ту­лық пен достықтың тамырына одан әрі бекіп, тереңдей түссін деген ниетпен нәр құйдық. Біз тәуелсіз Қазақстанның эконо­ми­калық саладағы қуатының жаңа мүм­кіндіктерінің өркендеуінің тетігіне серпін бердік. Біз барлық қазақстандықтардың үмітті болашағының жаңа оттарын жағып, жарқын күндерге деген сенімін нығайта түстік. Елдің өз Елбасына деген сол сенімі біздің бүгінгі, ертеңгі және болашақтағы барлық жеңістеріміз бен жетістіктері­міз­дің басты кепілі болып саналатындығы да анық. Бұл жолғы сайлауда да Нұрсұлтан На­зар­баевтың жеңіске жететіндігіне көңілі­міз­де ешбір күмәннің болма­ған­дығы да анық еді. Өйткені, туған елін тағы да бір абыройлы асуға шығару үшін 2020 жылға дейінгі болашағымызды болжап отырған Елбасының саясаты да, Қа­зақ­стан хал­қы­на арнаған биылғы Жол­дауы да барлық қазақстандықтардың көңі­лі­нен шығып, сол патша көңілдегі сенімді нығайта түскендігі бізді осы бір жеңіске жеткізді. Осы сайлауда Қазақстан Республика­сы­ның президенттігіне кандидат Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың Ақмола облыстық қоғамдық штабының төрағасы және сенімді өкілі болғандығымды өз өмі­рім­нің ең бір жауапты әрі бақытты кезе­ңі­нің бірі деп санарым бар. Осы міндетті атқару кезінде халықтың, соның ішінде бар­ша көкшетаулықтар мен ақмола­лық­тар­дың Елбасыға деген ықыласының түп­сіз тереңдігін, ниеттері мен көңілдерінің сүттей тазалығын, тілектерінің адалдығын тағы да бір тани түстім. Қоғамдық штабтың жанынан құрылған қоғамдық қабылдауға келушілердің қата­ры бірде-бір сиреген жоқ. Өмірден көргені де, түйгені де мол Мейрамбек Қиықов бас­­қар­ған бұл қоғамдық штабқа Қазақ­стан Республикасының президенттігіне кан­дидат Н.Ә.Назарбаевтың атына халық­тан 851 аманат келіп түсті. Мұның басым көп­шілігі ақмолалықтардың Нұрсұлтан Назарбаевқа деген өздерінің риза­шы­лық­тарын білдіріп, алғыстарын айтып, сай­лауда жеңіске жетуіне тілектестіктерін жеткізіп, өздерінің қолдайтындықтарын айтып жазған хаттары еді. Биылғы жылдың 13 қаңтары күні «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің бастамасымен «Қазақ­стан-2020» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы құрылған еді. Бұл коа­лицияның төңірегіне Қазақстандағы біраз саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бірігіп, олар Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстанды индустриялан­дыру­дың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсету үшін бір мәмілеге келген болатын. Мұн­дай коалиция біздің облысымызда да құры­лып, олар барлық аудандарды аралап шы­ғып, халықпен кездесулер өткізіп, біздің кандидатымыздың сайлау алдындағы бағ­дарламасын кеңінен түсіндіріп, Ұлт Көш­бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­станның 20 жылдық тарихындағы атқар­ған ісі жайлы халықтың көңілінен шығар­лық әңгімелер айтып, елді бірлікке, ынты­маққа және өз болашақтарын дұрыс таң­дауға шақырды. Облыстық коалицияның құрамында жұмыс істеген Көкшетау мен Қараөткелге есімдері белгілі тұлғаларды бөле-жармай-ақ солардың әрқайсысына шынайы алғысымызды айтамыз. Биылғы сайлаудың барынша әділ әрі таза өткендігін айтқан жөн. Біздің об­лысымыздың өзінде 50-ден астам шетелдік байқаушылар жұмыс істеді. Олар сай­лауға дейін үгіт-насихат жұмыстарының қалай жүріп жатқандығына көңіл бөлсе, сайлау күні дауыс беретін учаскелерде бо­лып, өз байқауларын жүргізді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы­ның халықаралық байқаушысы Кетлин Вил­ли және Германия Федаративті Рес­пуб­ликасынан келген байқаушы Михаил Лаубш, Ресей Федерациясы орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Станислав Вавилов және де Польшадан, Белоруссиядан, Словакиядан келген бай­қау­­шылар да өздерінің қорытынды әңгі­ме­лерінде Қазақстандағы биылғы сайлаудың барынша заң аясында, демократиялық негізде жүргізілгендігін атап көрсетті. Тоқсан ауыз сөзді президенттікке кандидат Н.Ә.Назарбаевтың Ақмола облыс­тық қоғамдық штабы өзінің миссиясын ойдағы­дай атқарып шықты деп түйіндер едік. Осы орайда штабтың барлық мүше­леріне алғы­сымды айтамын. Ең бастысы – Нұрсұлтан Назарбаев үшін дауыс беріп, еліміз бен еріміз­дің мерейін асырған барша сайлаушы­ларға ризашылығымызды білдіреміз. Бұл жеңіс еліміздің болашағы үшін керек еді! Соған қол жетті! Қазақстан Республикасының Президенті болып сай­ланған халқымыздың адал перзенті Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевты барлық көкшетаулықтар мен ақмолалықтардың атынан құттықтай отырып, еліміздің де, Елбасының да амандығын тілейміз. – Осы күні мына жалындап өртеніп жатқан дүниеден елімді қалай аман-сау алып қаламын деп күні-түні алаңдап жүрмін, – деген Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір ауыз сөзі Елбасының кемеңгер кө­кейіндегі адал ойын танытып тұрғандығы анық. Кәне, ағайын, елінің мүддесін ойлау­мен бар саналы ғұмырын өткізіп келе жатқан, тағы да сол ұлы міндеттер мен мүдделер жолында, болашағымыз үшін, Сіз бен біз үшін атқа қонып, таққа мінген Елбасыға тілекші де тіреуші болайық! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері. Көкшетау.