13 Наурыз, 2017

Депутат Орталық Азияда жаңа одақ құруды ұсынды

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орталық Азияда жаңа өңірлік одақ құру мәселесін қарау керек. Қазақстан бұл одақта жетекші орынға ие болып, Орталық Азия елдеріне ресми гуманитарлық көмек көрсетер еді. Өйткені өңірдегі теріс ықпалдардың аймақтағы елдерге, соның ішіндегі Қазақстанға да кесірін тигізуі мүмкін. Мұндай бастаманы бүгін ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі үкіметтік сағатта төменгі палатаның халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев көтерді. Оның айтуынша, өңірде трансшекаралық өзендердің ресурстарын пайдалану мен өзге де мәселелер бойынша жиналып қалған проблемалар бар. Ал өңір елдерінің өзара бірлікке келуінен басқа жолы жоқ. «Сол себепті қазір Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеу керектігін ойлау маңызды. Өңірдегі көптеген проблемалар өзара түсіністік арқылы шешілуі керек. Мәселен, трансшекаралық өзендердің ресурсын пайдалану, экологиялық мәселелердің шешілуі, өңірдің транзиттік-байланыс әлеуетін арттыру, терроризм және экстремизмге қарсы күрес мәселелері. Сол себепті өңірдегі ықпалдастықты арттырып, жаңа деңгейге көтеру керек", - деді депутат. Депутаттың пікірінше, аймақта жаңа өңірлік одақ құруға да қажеттілік бар. «Біздің пікірімізше, Орталық Азия елдерінің арасындағы байланысты ретке келтіру керек. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі аясында осы мәселенің көтерілуі керек. Өз кезегінде ҚР СІМ мен өзге де тиісті мемлекеттік органдар ортаазиялық елдердің өзара қатынасының қалай дамуы керектігі туралы сараптап, ұсыныс жасауы керек", - деді мәжілісмен. Сонымен қатар, Қазақстанның шетелге гуманитарлық көмек көрсетуінің маңыздылығына тоқталды. «Елімізде проблемалар бар кезде өзге мемлекеттерге сыртқы көмек жасаудың қажеттігі жоқ деген пікірдің бар екенін білемін. Осы ретте дамуға ресми көмек жасау - ол қайырымдылық емес, яғни басқа елдерге бірреттік көмекке жатпайды. Бұл өз кезегінде нақты сыртқы саяси мақсаттарға жету үшін икемді тетік болып табылады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының көптеген елдері осындай саясатты жүргізіп келеді. Сондықтан да дамуға ресми көмек жасау қадамдарын терең ұғынып жасап, сыртқы саясаттың басымдықтарына нақты орайластыру керек», - деді Әшімбаев. Осы орайда ол гуманитарлық көмек жасауды қысқарту дұрыс емес екенін, егер де көршілес елдер проблемалар шырмауынан шыға алмай жатса, ешбір мемлекет ұзақ мерзімді дамудан үміттене алмайтындығын жеткізді. «Орталық Азия тұрақсыздықтың, заңсыз көші-қонның, лаңкестіктің аумағына айналса, онда бұның салдары еліміздегі жағдайға ықпал етпей қойматыны анық», - деді депутат.