13 Наурыз, 2017

Қытайда туристерге арналған әлемдегі ең үлкен радиотелескоп ашылды

368 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Әлемдегі ең үлкен FAST (Five hundred meter Aperture Spherical Telescope) телескобына енді туристер де тегін кіре алады. Бұл туралы «Синьхуа» ақпарат агенттігі хабарлады. FAST өткен жылдың қыркүйек айында Аспанасты елінің оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясында ашылған болатын. Телескоптың қалыпты жұмыс істеуі үшін радиусы бес шақырым болатын жерде «тыныштық алаңы» белгіленген. Яғни, мобильді құрылғылардың барлық түрлері бұл жерде қолданылмайды. Сондықтан туристер кірер алдында ұялы телефондарын, фотоаппараттарын және өзге де электронды құрылғыларын тапсыруы тиіс. Күн сайын телескоп аймағына екі мың адам келе алады. Айта кетейік, әлемдегі ең үлкен радиотелескоптың құрылысын бастау туралы идея 1994 жылы көтерілген. Оның жалпы ауданы шамамен 30 футбол алаңындай болады. Жобаның құны 1,2 миллиард юаньді (180 млн доллар) құрайды.