Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы «Еуразия энергетикалық корпорациясы» АҚ-тағы «Әйелдер – өндірісте» атты фотокөрме осы кәсіпорында еңбек етіп жүрген әйелдерге арналды. Барлығы да сұлу, әдемі, жайдары, отбасының берекесі атанған ана, сүйікті жар. Бірақ, олардың бәрінен де ортақ еңбексүйгіштік, рухани күш-қуатқа толы ұқсастық табасыз. Кәсіпорындағы еңбек етушілердің төрттен бір бөлігі – әйелдер. Көрменің авторы электр станса инженері Евгений Набиев. Энергетикалық корпорациясының кеншілері мен энергетиктері қазіргі заман талабына сай жаңашыл компания қалыптастыру үшін еңбек етуде. Алып кәсіпорын еліміздің өңірлеріне көмір, электр қуатын жеткізеді. Көрмеге компанияның үш бөлімшесі: Ақсу электр стансасы, «Шығыс» кеніші және Өндірістік жөндеу бөлімшесінде еңбек етіп жүрген энергетиктер, краншылар, токарь, геологтар, кеншілер, аспаз әйелдердің суреттері қойылған. Бұл суреттерде станса операторы Эльвира Аббакирова, қазандықтың жылу мөлшерін қадағалаушы Елена Леонтьева, дәнекерлеуші Карина Журавлева, краншы Зәуреш Байшалова, зертханашы Анастасия Демченко, кен маманы Зульфия Серғалиева және басқалар бар. Биікке өрлеген кранды бағындырушы Евгения Шелякина «Алтын қор-2016» кәсіби шеберлік байқауына қатысты.
– Бұл күндері әйелдер де ерлермен қатар өз білімдерімен, біліктіліктерімен компанияның өркендеп, өсуі үшін әрқайсысы үлес қосуда, – дейді компания қызметкері Елена Гаркава. – Елімізде өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде компаниядан К.Ахметов, Н.Некрытов, Г.Ганеев, С.Тереньтевтер әулеттері қатысты. Барлық әулеттердің аналары, қыздары, жарлары өндірісте жұмыс істейді.
Бұл фотокөрме әркімді де ойландырары сөзсіз.
Енді әйелдер еңбегін көрсететін көшпелі фотокөрме Ақсу электр стансасында, «Шығыс» кенішінде өтеді. Мақсаты – өндірісте еңбек етіп жүрген нәзік жанды әйелдерді жастарға, жас мамандарға үлгі ету.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы
Суреттерді түсірген
Елена ГАРКАВА