14 Наурыз, 2017

Кандидаттыққа 188 адам тіркелді

176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мәслихаттардың шығып қалған депу­тат­тарының орнына кандидаттарды тіркеу қорытындылары және олардың сайлауалды науқанды жүргізуі туралы брифинг өткізді. Орталық сайлау комиссиясы мүшесінің хабардар етуінше, мәс­ли­хаттардың шығып қалған депутат­тарының орнына сайлау науқаны шеңберінде еліміз бойынша сайлау өтетін 58 сайлау округінде бо­саған депутаттық мандаттарға барлығы 201 үміткер ұсынылды. Ал округтік сайлау комиссияларының мәс­лихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына кандидаттар ретінде тіркеу кезеңінің қоры­тындысында бойынша 188 адам тіркелді. Осылайша, қазіргі уақытта мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауда бос бір депутаттық мандатқа орташа бәсекелестік үштен аса үміткерді құрайды. «Кандидаттардың 62-сі Қа­зақ­стан Республикасы саяси партия­ларының мүшелері, 69-ы партия қатарында жоқтар, 57-сі өзінің партияға тиесілігін көрсетпеген, – деді М.Сәрсембаев. – Қазіргі кезде тір­келген кандидаттардың сайлауалды үгіт науқаны жүріп жатыр. Сайлау заңнамасына сәйкес, сайлауалды үгітті жүргізу үшін барлық кандидаттарға тең жағдайларға кепiлдiк беріледi. Атап айтқанда, мемлекет кандидаттарға теледидардан 15 минут сөз сөйлеуiне, радиодан 10 минут сөз сөйлеуіне, сон­дай-ақ, баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлем­де екi мақала жариялауына кепілдік береді». ОСК мүшесінің атап өткеніндей, жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады. Тіркелген әрбір кандидат сайлауалды үгіт жүргізу үшін кандидаттың жеке қаражатынан (2 445 900 теңгеден аспайтын), кан­ди­датты ұсынған қоғамдық бiрлес­тiк бөлген қаражаттан (4 891 800 теңгеден аспайтын) және ел аза­маттары мен ұйымдарының ерiктi қайырмалдықтарынан (7 337 700 тең­геден аспайтын) тұратын өзінің сайлау қорын құра алады. Мәс­лихаттың депутаттығына канди­даттың сайлау қорындағы ақшалай қаражаттың шекті мөлшері 14 675 400 теңгеден аспауы тиіс. БАҚ шарт негізінде тіркелген кандидаттарға эфир уақытын және баспасөз бетінен орын береді. Бұл ретте шарт талаптары белгiлi бiр кандидатқа артықшылық туғызбауға тиiс, – деді М.Сәрсембаев әрі қарай. – Сайлау қорын құрмайтын азаматтар қаржыландыруды қажет ет­пейтін сайлауалды үгіт жүргізуге құ­қылы. Сайлау күні және оның ал­дындағы күні БАҚ-та үгіт материалдарын жариялауға жол берілмейдi. Ал үгіт науқаны 2017 жылғы 24 наурыз күнгі сағат 24.00-ге дейін жалғасады». * * * Кеше, сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Онда «Нұр Отан» партиясының мүшесі Альберт Павлович Рау­ды Қа­­зақстан Республикасы Парла­менті Мәжілісінің депутаты етіп тіркеу туралы шешім қабылданды. Шешім «Қазақстан Респуб­ли­касындағы сайлау туралы» Қазақ­стан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 46, 97-1 және 98-баптары­на сәйкес, «Нұр Отан» партия­сы Саяси кеңесі бюросының қау­лысы негізінде қабылданып отыр. Альберт Рауға Орталық сайлау ко­миссиясының төрағасы Берік Има­шев Парламент Мәжілісі депута­тының куәлігі мен омырауға тағатын белгіні тапсырды. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»