Қазақстан елшілігі, Мәскеу қалалық мәдениет департаменті және «Мәскеу киносы» бюджеттік мәдениет мекемесінің қолдау-бастамасымен Ресей астанасында «Достарымыздың киносы» деп аталатын халықаралық кинофорум өтті. Оның бағдарламасы Еуропа, ТМД, Шығыс Азия және Кавказ елдерінде шығарылған алпыстан астам фильмдерді қамтиды. Форум аясында Мәскеудің «Владивосток», «Нева», «Сатурн», «Свобода», «Спутник», «Тула» және т.б. кинотеатрларында ресейлік көрерменге бұрыннан белгілі Рига студиясының, Довженко атындағы студияның, «Таллинфильм», «Беларусьфильм», «Азербайжанфильм», «Арменфильм», «Грузия-фильм», «Өзбекфильм», «Қырғызфильм», «Қазақфильм» компания-студияларының туындыларымен бірге, Куба, Польша, Румыния, Германия, Чехия сияқты елдердің киношығармалары да көрсетілді.
Аталған форум кезінде Қазақстан киносының күні Арбат алаңындағы «Художественный» кинотеатрында өтті. Бұл күні қазақстандық режиссерлер мен авторлардың (Ақтан Арым Құбат, Қуат Ахметов, Сәбит Құрманбеков, Данияр Саламат, Қанағат Мұстафин, Лев Вахитов, Ардақ Әмірқұлов, Мұрат Жәкібаев, т.б.) «Жұмақ кілті», «Күтпеген махаббат», «Жел адам», «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Әкем екеуміз», «Секіру», «Секер» көркем фильмдерімен бірге, «Рахмет айтып үлгеру», «Матай, аңыздың бастауы» деректі фильмдері жұртшылық назарына ұсынылды.
Қазақстан киносы күнінің ашылу рәсіміне қатысқан елші Зауытбек Тұрысбеков өз сөзінде бүгінгі таңдағы интеграциялық үдерістердің мәдени саладағы байланыстарды да жандандырғанына көпшілік назарын аударып, бұл киношығармалар адамдардың қарым-қатынастарын нығайтып, өзара достық пен түсіністік ұғымдарын тереңдете түсетіндігін атап көрсетті.
Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.