14 Наурыз, 2017

Елдегі әр үш банктің екеуі халықтың салымынан айырылып жатыр

141 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
33 банктің тек 11-іне ғана халықтың депозиттік салымы көбейген, деп жазады rating.kz. Бөлшек салым нарығында соңғы 20 айда алғаш рет төмендеу байқалды. 2017 жылдың қаңтар айы қорытындысы бойынша, Қазақстандағы ЕДБ-дегі (екінші деңгейлі банктер) жеке тұлғалардың салымы 2,6 пайызға (208,2 млрд теңге) азайып, 7,7 трлн теңгені құрады. 33 банктің тек 11-і ғана "плюсте". Салыстыру үшін айта кетейік, өткен жылдың қаңтарында халықтың салымы 308,8 млрд теңгеге (4,5%) көбейіп, 7,2 трлн теңгеге жеткен еді. Ол кезде 33 банктің 28-інде өсім байқалған. Жалпы, 2016 жылы жеке тұлғалардың жинақтарының көлемі 1,0 трлн теңгеге артты. Жеке тұлғалардың салым көлемі жағынан AsiaCredit банкі көшбасшы. Ондағы салым көлемі бір айда 8,3 млрд теңгеге (15,6%) ұлғайып, 61,5 млрд теңгеге жетті. Ал жалпы көлемі бойынша бұл банк 16-орыннан 15-ке көтерілді. Оның артынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 6,3 млрд теңге (1,5%) көбею бар. Ондағы жалпы салым көлемі 416,8 млрд теңге. Бұл банк жалпы көлемі жағынан 7-орында. Үздік үштікті Kaspi bank қорытындылайды. Ондағы салым көлемі 5,9 млрд теңгеге (0,8%) ұлғайып, 744,4 млрд теңгеге жетті. Жалпы тізімде ол 3-орында.