14 Наурыз, 2017

ОҚО Иранға жылына 20 мың тонна ет экспорттайтын болды

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Иран Ислам мемлекетінен келген инвесторлар Оңтүстік Қазақстан облысынан жылына 20 мың тонна ет экспорттауға кіріспек. Екіжақты келісім нәтижесінде жүзеге асатын бұл жоба жергілікті шаруалардың мал бордақылауға деген қызығушылығын туғызуға тиіс. Бұл туралы аймақтағы шаруаларды кәсіпке баулып, шаруашылыққа бейімдеу мақсатында өтіп жатқан көшпелі  семинарда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылындағы «Қайып ата» мал бордақылау кешенінде өткен көшпелі семинарға Иран елінен келген  инвесторлармен қатар аудан, қала әкімдері, ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, шаруа қожалық иелері және ғылыми орталықтар мен несиелік қаржы институттарының өкілдері қатысты. Семинардың мақсаты - шаруалар мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты нығайта отырып, ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Ұсақ шаруа қожалықтарының бірігуіне мүмкіндік жасап, сол арқылы өнім көлемін арттырып отандық тауарды шетелге экспорттау. «Елімізде ауыл шаруашылығымен оның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау жоғары денгейде. Осы орайда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, несиелеу және субсидиялау мәселелерін халыққа түсіндіріп шаруаларды  ата кәсіпке баулу қажет. Экологиялық тұрғыдан таза өнім саналатын біздің өнімдерімізге өзге елдердің сұранысы өте жоғары. Осыны тиімді пайдалануымыз керек», -деді Жансейіт Қансейітұлы. Айта кетейік, Қазғұрт ауданындағы «Қайыпата» cеріктестігі негізінен мал бордақылаумен айналысады. Бүгінгі таңда мұнда 3 мың бас ірі қара бордақыланып жатыр. Мал бордақылау алаңындағы ақбас сиырлар орта есеппен 300-350 келіге дейін ет береді.  Ал Иран Ислам мемлекеті жылына 2 млн 400 тонна ет тұтынады.  Осы қажеттіліктің бір бөлігін қамту мақсатында, екі  тарап  күніне 3000 бас ұсақ мал еті мен 100 бас мен ірі қара етін алу үшін келісім шарт жасасты. Сонымен қатар, алдағы уақытта өңірімізде іріқара мал қауымдастығын құру көзделіп отыр.