Астанада өткен жылғы қазан айында басталған 2010-2011 жылдарға арналған жылу беру маусымы аяқталды. Күзгі-қысқы маусымның қорытындысы бойынша кеше Астана әкімдігінде елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен өткен жиналыста жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу жөніндегі қалалық штабтың жетекшісі, әкімнің орынбасары Василий Крыловтың және қаланың бірқатар басқармалары мен коммуналдық кәсіпорындары жетекшілерінің есебі тыңдалды.
Штабтың мәліметтеріне сәйкес, 2010-2011 жылғы жылу беру маусымының басына тұрғын үйлер жүз пайызға дайын болса, 1836 тұрғын үйдің 63-іне ескертулер жасалған дайындық паспорты табыс етілген. Сондай-ақ жылу беру маусымы басталған соң 52 жаңа көп қабатты тұрғын үй кешені пайдалануға берілген.
Есепті кезеңде «051 қызметіне» орталықтанған және орталықтанбаған жылу беру жүйесіне қосылған үйлерде тұратын халықтан негізінен пәтерде жылу болмау, жылу берудің төмен параметрлеріне қатысты 863 өтініш пен шағымдар келіп түскен. Олар бойынша тиісті шаралар қабылданып, 2009-2010 жылдарғы жылу беру маусымында бұл көрсеткіш 738 болған-тын. Білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысандарының 2010-2011 жылдардағы жылу беру маусымына дайындығы аса жоғары деңгейде болған. Осы кезеңде мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті білім басқармасымен бірлесіп 2007-2009 жылдарда пайдалануға берілген жалпы білім беретін мектептердегі санитарлық нормалар мен температуралық режімге сәйкестігін тексеріп, мониторинг жүргізген.
Елорданың орталықтанбаған жылу беру жүйесі аймағында 529 қазаны бар 306 автономды қазандық жылу таратса, оның ішінде 239 (400 қазан) сұйық отынмен және 67 (129 қазан) қатты отынмен жұмыс жасайды. Жылумен қамтудың тәуелсіз кестесіне сай жұмыс істейтін көп қабатты тұрғын үй кешендерінің 251-ден 303-ке көбеюіне байланысты 2010 жылғы 16 сәуірден бастап «Астана Жылутранзит» АҚ базасында ПИК төрағалары мен қызмет көрсететін өзге де мекемелер үшін жылу беруді басқарудың автоматты жүйесі мен есептеу құралдарын пайдалану бойынша арнайы курстар ұйымдастырылып, ол жерде 121 маман даярланған.
Жеке тұрғын үй секторын сумен қамту үшін 593 су колонкасы орнатылып, 411 колонка ауыстырылған. Кәріз коллекторларының жұмысын жақсарту мен олардың өткізу мүмкіндіктерін қайта қалпына келтіру мақсатында ай сайын магистралды коллекторларға гидродинамикалық тазартылу жасалып отырса, осы жылу беру маусымында 154 шақырым коллектор тазартылған.
Қазіргі таңда қаланың барлық коммуналдық қызметтері мен энергетикалық кешен кәсіпорындары 2011-2012 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық шеңберінде жөндеу бағдарламаларын бекітіп, оны жүзеге асыруды бастады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.