ОБАМА ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ҚАЙТА САЙЛАНА МА?
АҚШ-тағы президенттік сайлауға әлі бір жарым жылдай уақыт бар. Бірақ сол сайлау туралы жалпы саясатқа қатысы бар адамдардың бәрі сөз ете бастады. Оған себеп – АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обаманың сол сайлауға қатысатынын мәлімдеуі.
Билікке таласатын жаңа адам емес, Барак Обаманың қайраткерлік қарым-шалымы жұртқа белгілі. Басқасын былай қойғанда, АҚШ-тай алып елдің қара нәсілдіден сайланған алғашқы президенті ретінде де оның аты тарих шежіресіне жазылады. Кейбіреулердің айтып жүргеніндей, бұл елде нәсілдік кемсітушілік бар болса, онда Обаманың жеңісін екі есе бағалауға болар еді.
Оның билік тізгінін ұстағанына екі жылдан сәл ғана асты. Соған қарамай, оның қызметіне жан-жақты баға беруге әбден болады. Болғанда да, біреу іш тарта бағалайды, екіншілері оның ісінен жақсылық көргісі жоқ.
Жалпы, Обаманың жеңісі кездейсоқ емес, шын мәнінде сол басында тарихи жеңіс болған. Қазақша айтқанда, қарадан хан болған дегендей, АҚШ-та қара нәсілден президент сайлану бұл жеңіс иесінің айрықша тұлға екенін аңғартады. Сол жеңістен кейін өзінің кешегі қарсыласы Хиллари Клинтонды басшы қызметке шақыруы да оның үлкен азаматтық келбетін аңғартқандай еді.
Обаманы жақтайтындар әлемдік дағдарыстан алып елді күйретпей алып шықты десе, даттайтындар әлеуметтік саладағы қиындықтарды, жұмыссыздық өскенін айтады. Әлі нәтижесі көріне қоймағанымен, оны қолдайтындар медициналық сақтандыру жөніндегі заң, қаржылық реформа, ұлттық экономиканы сауықтыру туралы заң ертең игілік әкеледі десе, қарсылары оған күмән келтіреді.
Сыртқы саясатта Ирактағы әскерді әкету, онда тек нұсқаушылық іспен айналысатындарды ғана қалдыру жөніндегі уәдесін орындағанын біреулер алға тосса, Гуантанамодағы әскери трибуналды неге бірден жаппады, деп екіншілері кінәлайды. АҚШ-тың НАТО жұмысында өз одақтастарына көбірек бастамашылық әрекеттерге баруға мүмкіндік беруін біреулер құп көрсе, екіншілері оны өз позициясынан айырылуы деп жазғырады. Үшіншілері беделден айырылды деп табалайды.
Даттайтындар Обамаға Нобель сыйлығы берілгенін де елегісі келмейді, оның есесіне бір жолы президент Ақ үйге кірерде өңкей әйнектен жасалған терезе мен есікті ажырата алмай қалған екен, соны бүгінге дейін әңгіме қылады. Ал жақтайтындар Ливияға қарсы күш қолдануды да демократияға адалдық деп ақтайды.
Барак Обама қайта президент болып сайлана ма дегенде, оның сайлау мәшинесі жұмысқа кірісіп кеткенін, басқалар әлі өз үміткерлерін атай алмай жатқанын да айтқан жөн шығар. Бірақ негізгі аргумент оның қызметі ғой. Аярлық әрекетке бармайтын, ойын ағынан жарылып айтатын осынау қайраткер америкалықтардың көбінің көңілінде жүргендей көрінеді.
СОҒЫС КҮШПЕН ЕМЕС, КЕЛІСІММЕН ТОҚТАСА ЖӨН
Араб дүниесінде соғыс жүріп жатыр. Сырттан келген жау жоқ. Өзара соғыс. Сол соғыс арқылы бір-бірін жеңу үшін олар өз-өздерін қырып жатыр. Есі кіргендер (Тунис, Египет) сол соғыстарын тоқтатып, келісімге отырды. Енді біреулері соғыспен іс бітпейтінін енді аңғарғандай.
Осындайда араағайындар керек-ақ. Сол араағайындыққа жүретіндер кімдер дегенде, жұрттың көңіліне оралатыны – халықаралық ұйымдар, мемлекетаралық қауымдастықтар, кейбір беделді жетекші елдер. Бұл БҰҰ-ның басты міндеті де деуге болады. Еуроодақ, НАТО да өз аймағындағы тыныштық, түсіністік кепілі болуға тиіс. Африканы алсақ, онда Араб мемлекеттері лигасы, Африка одағы дегендер бар.
Араб революциясының от-жалыны шарпыған кезде сол ұйымдар алғашында біршама абдырап, бұл елдердің ішкі ісіне араласуды артықтай көріп, сырттап қалғаны бар. Кейбіреуі, айталық, Араб мемлекеттері лигасы өздерінің оқиғаға көзқарастарын жиі өзгертіп, келісімнен гөрі бір жағын айыптауға немесе қолдауға бейімділік танытты. Сонысымен шиеленісті өршіте түсті.
Осы жерде Ливиядағы жағдай сабақ болғандай. Бұл елде азамат соғысы жүріп жатыр. Биліктің қолында айтарлықтай қару бар. Оппозиция да тек таяқ қана ұстап отырған жоқ. Бірақ Еуропаның біраз елі АҚШ-пен қосылып, оппозицияны қолдап, билікке қарсы күш қолдануға кірісті. Соғыс жаңа сипатқа ие болды.
Соғыстың дәл осы сипатын біраз елдер де, көзі қарақты халық та құптаған жоқ. Келісімге жетудің жолы бар ма еді? Бар еді. Оны, басқасын былай қойғанда, сол Каддафидің АҚШ пен Франция президенттеріне, Ұлыбритания премьер-министріне және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға жолдаған уәжді хаттарынан аңғаруға болар еді. Сонда Ливия басшысы оппозицияға қарсы соғысқа олардың үлкен қаруға иелік етпесі үшін мәжбүрлікпен барып отырғанын айтқан. Тіпті сол хатқа жауап ретінде беделді комиссия шығарып, оны келіссөзге шақырғанда, дәл қазіргі алапат бомбалаудан құрбан болған талай адам аман қалар ма еді, кім білсін.
Кештеу де болса, Африка одағының (АО) келісім жөніндегі бастамасы құптарлық-ақ. Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) президенті Джейкоб Зума бас болып, Мавритания, Мали және Конго президенттері, Уганданың сыртқы істер министрі Ливия көсеміне барып, бітімгершілік жолын ұсынды. Оны Каддафи құп алды. Бұдан кейін бітімгерлер оппозицияға барып, босқа қан төгілмеуін алға тосты. Бұған дейін антиливиялық коалицияның қолдауының біраз дәмін татып қалған оппозиция бір сәт келісімге баратындай ыңғай танытқанымен, бірақ райынан тез қайтып, келісімге бармайтындарын мәлімдеді.
Антиливиялық коалицияның біраз қантөгіске соқтырған асығыстау әрекеттері расында Ливия басшылығын айтарлықтай әлсіретті. Бірақ оппозицияға да жеңісті ұстата қойған жоқ. Оның есесіне екі жақтан да құрбан болғандар саны еселене түсті. Дегенде, алған беттен қайтпаймыз деп өзімшілдік көрсетпей, антиливиялық коалиция келісім жағына қарай ойысар болса, әлі де кеш емес-ау дейсің.
Йемендегі жағдайға байланысты да сол Парсы шығанағындағы елдер қауымдастығының бітімгершілік жолын ұсынуы да жемісін беруі мүмкін деген үміт бар. Олар Али Абдалла Салехқа қызметінен кетуіне байланысты оның өзіне де, отбасына да кепілдік бермек. Ондай ұсыныс Бен Алиге де, Хосни Мүбәракқа да жасалған жоқ. Бұл қазіргі биліктегілердің амандығына кепілдік беріп қана қоймайды, қоғамды екіге бөлуден, қақтығыстың одан әрі ушығуынан сақтайды. Қарумен келген жеңістің артында кек қайтару жалғасы болады.
Мамадияр ЖАҚЫП.