Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысты жалғыз мәселе қаралды.
Заң жобасының толық атауы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының қауіпсіздігін, тұрақтылығын және оны қайта қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылға Америка Құрама Штаттарының қатысуына байланысты Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін жүк пен персоналдың әуе транзиті туралы келісімді ратификациялау туралы» деп аталады.
Аталған заңдық құжат бойынша баяндаманы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров жасады. Оның мәліметіне қарағанда, бүгінге дейін еліміз аумағы арқылы 10 мыңға жуық транзиттік рейс жасалған. Келісім бекіген жағдайда бұған дейін қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум күшін жоятын болады. Сондай-ақ құжат Ауғанстандағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және Орталық Азиядағы қауіпсіздікті орнатуға ықпал ететіні ерекше атап өтілді. Министр сөз соңында Ауғанстандағы коалициялық күштерге қолдау көрсету ұлттық қауіпсіздікке сәйкес келерін назарға салды.
Қосымша баяндама жасаған Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов еліміз бұл мәселеге үлкен мән беріп отырғандығымен бөлісті. Сенатор еліміздің мойнына алған міндеттемелерін нақты істермен дәлелдеуі абыройы мен беделін көтеруге ықпал ететін болады дегенді баса айтып өтті. Заң жобасы депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.