16 Сәуір, 2011

Шарайна

515 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ФРАНЦУЗДАР ҚАРАР АЯСЫНА СЫЙМАЙДЫ Франция қорғаныс министрі Жерар Лонге өз елі, АҚШ және Ұлыбритания БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі айқындаған қарар өкілеттігі шеңберін кеңейту ниеттері бар екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, министр полковник Муаммар Каддафидің билік басында қалуына бұдан әрі төзуге болмайды деген батыс лидерлерінің мәлімдемесі халықаралық мандат ауқымынан асып кететінін атап көрсетті. Сонымен қатар, Лонге коалиция елдері іс жүзінде БҰҰ мандатынан артық қадамдарға барып отырғанын мәлімдеді және бұған өзі ешқандай алаңдаушылық танытпайтынын жасырмады. Оның пікірінше, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аталған мәселеге байланысты мандат өкілеттігін кеңейтетін тағы бір қарар қабылдауы ықтимал. Әйтпесе, М.Кадда­фидің билік басынан өз еркімен кететін түрі көрінбейді. РЕСМИ САЛТАНАТҚА ҚАТЫСА АЛМАДЫ Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ Виндзорда өткен Виктория ордендерін тапсыру салтанатына қатыса алмады. Кейін белгілі болғанындай, патшайымның мұрнынан қатты қан кеткен. Сөйтіп, ол соңғы бес жылда алғаш рет ресми салтанатты өткізіп жіберуге мәжбүр болды. Жасы кәріліктің дендер шағына жеткен патшайымның сырқатына не себеп болғаны әзірше белгісіз. Бірақ отбасы­лық медицинаның маманы Елизаветаның денсаулығында алаңда­тарлықтай симптомдардың жоқ екенін айтып отыр. Ал қан кету ағзаның жалпы қартаюының белгісі, дейді ол. Осы аралықта елде болашақ тақ мұрагері туралы әңгіме гулей бастады. ҚАСТАНДЫҚҚА ДАЙЫНДАЛҒАНЫН МОЙЫНДАДЫ Солтүстік Кореяда тұтқындалған АҚШ азаматы Чон Ен Су КХДР-ға қарсы қылмыстық әрекет дайын­даға­нын мойындады. Ол күдікті ретінде 2010 жылдың қарашасында қамауға алынған болатын. Бірақ оның нақты қандай қастандық жа­са­ғысы келгені туралы еш нәрсе айтылмайды. Чон Ен Судың қамауға алынғаны туралы хабарды АҚШ сыртқы саясат ведомствосы Швецияның Пхеньяндағы елшілігінен білген. Ал 2009 жылы КХДР-ға қарсы қылмыс жасамақ болды деген күдікпен екі америкалық журналист тұтқындалған болатын. Олар сол сәтінде-ақ 12 жылға бас бостандықтарынан айырылған еді. Америкалық тағы бір азамат – Айхалон Мали Гомес те осындай күдікпен 2010 жылы ұсталған-тын. ӨЗ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІНЕ АДАЛДЫҚ ТАНЫТПАДЫ Қырғызстанда билеуші коали­цияға кіретін үш партияның екеуі коалициялық келісімге байла­нысты жасаған өз міндеттемелерін кері шақырып алатындары туралы мәлімдеме жасады. Мұндай үндеуді «Республика» және Қырғызстан со­циал-демократиялық партиясы таратты. Үндеу авторларының айтуларына қарағанда, альянстың ыдырауына үшінші әріптес – «Ата-Жұрт» партиясы жауапты. Партияаралық түсінбестікке азаматтардың парламенттік коалиция мен үкіметке теріс көзқарастары себеп болған деген де пікір бар. Аталған үштік 2010 жылдың күзінде өткен парламенттік сайлаудан кейін жасақталған болатын. Бірақ үш қошқардың басы бір қазанға сыймай қалған сияқты. ҚАРУЛЫ ЖАСАҚТАРДЫҢ КӨЗІ ЖОЙЫЛДЫ Тәжікстанның шығысында күш құ­рылымдары қызметкерлері мен қарулы жасақтар арасында қақтығыс болды. Алдын ала дерек бойынша, екі жақтан да шығын бар көрінеді. Алайда шығын саны әр деректерде әртүрлі айтылады. 2010 жылдың күзінде де елдің атал­ған аумағында осындай операция жүргі­зілген болатын. Соның барысында оннан астам қарулы жасақ мүшесі өлтірілген болса, жиырмадан астамы қолға түскен еді. Ал қарулы жасақ көсемдерінің бірі Мулло Абдулло бас сауғалап үлгерген-тін. Соңғы қарулы қақтығыс соның жасақтарымен болуы ықтимал. ҚУАТТЫ ЖАРЫЛЫСТЫҢ САЛДАРЫ АУЫР Ташкент облысының Қарасу кентінде қатты жары­лыс болды. Жергілікті тұрғындардың сөздеріне қарағанда, жарылысқа тұрмыстық газ себеп болған. Газ жергілікті мақта зауытының жұмысшылары тұратын екі қабатты үйде жарылған. Жарылыс салдарынан 11 адам опат болса, тағы бірнеше адам ауыр жарақаттарымен ауруханаға түскен. Ал қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ресми мәлімет жоқ. «Ферғана» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, жергілікті БАҚ жарылысқа мән бермеген. Агенттік сондай-ақ мұндай оқиғаларға байланысты жергілікті БАҚ ақпарат бермейтінін атап көрсетті. Биліктің пікірінше, дейді агенттік, мұндай ақпараттар республикадағы тыныш өмір сипатын бұзады. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Чехияның оңтүстігіндегі Дукована АЭС-інің 4 энерго­блогының бірінде радиоактивті судың сыртқа кетуіне бай­ланысты электростанса жұмысы тоқтатылды. Жергілікті мамандар ауаға зиянды заттар тарамағанын көлденең тартып отыр. Қытайдың солтүстік-шығысында 33 жастағы Чжоу Юйсинь отбасы мүшелерін қоса алғанда, өзі иелік ететін монша мен көлік жуу орнында жұмыс істейтін төрт адамды атып өлтірді. Оның қолынан барлығы 10 адам көз жұмды. Себеп анықталуда. Жапонияның «Фукусима-1» АЭС-інің операторы стансадағы апат салдарынан үйлерін тастап шығуға мәжбүр болған отбасыларына өтемақы төлейтін болды. Сөйтіп, әр отбасына 12 мың АҚШ долларынан ақша тимек. Интернет материалдары негізінде әзірленді.