16 Сәуір, 2011

Жауапты қызметтерге жаңа басшылар келді

366 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Сена­тын­да болып, жоғары палатаның жаңа Төрағасы мен Сенат келісімін беретін биік лауазымдар иелерін таныстырды. Отырысты Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Ал­ды­мен Төраға ұйымдастыру мә­се­лелері ғана қарастырылған күн тәртібін бекіту туралы қаулыға дау­ыс беру қажеттігін жария­ла­ды. Қолдарында қаулының жо­ба­сы болған сенаторлар оған еш­қан­дай қосымша ұсыныс жасамай, бірауыздан дауыс берді. Осы­дан кейін күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша сөз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Президент өзінің сөзін БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мыр­замен бір кездескенінде айтылған мәселеден бастады. Мен онда Қасым-Жомарт Тоқаевты шебер дипломат-маман, үлкен тәжі­ри­бе­лі адам ретінде мәртебелі ұйымға қызметке алуды ұсынған бола­тын­мын. Бұл былтырғы жылдың орта­сында айтылған әңгіме еді, сол ұсынысым биыл қолдау тау­ып, 12 наурызда Пан Ги Мун мыр­за кешкі сағат 20.00-де маған телефон шалып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орын­ба­са­ры – БҰҰ-ның Женева­да­ғы бөлі­мі­нің бас директоры болып тағайын­дал­ғанын жеткізді. Сонымен бірге, бұл қызмет бой­ынша ол Қару­сыз­дану жөнін­дегі Женева конфе­рен­циясының бас хатшысы болып табылады. Сөйтіп, Қасым-Жомарт То­қаев БҰҰ-ның осындай дәрежедегі  бас­шылық қызметіне тағайын­дал­ған алғашқы азиялық тұлға болды. Бұл Қазақстан үшін зор мәр­тебе әрі үлкен жауапкершілік, бізге деген зор сенім. Мұндай абыройлы қызметке өз өкілдерін ұсынатын елдер көп. Қасым-Жо­март Кемелұлы тағайындалған осы қызметке 15-ке жуық ел өз өкіл­дерін ұсынған болатын. Олардың өкілдері де тәжірибелі дипломаттар еді, бірақ Қасым-Жомарт То­қаевтың жеке басының қасиеттері, атқарған қызметтері мен мол тә­жірибесі ескеріліп, кан­дидатурасы жеңіп шықты. Мен оның жаңа қызметті абы­рой­мен атқаратынына сенім білдіремін, дей келіп, Президент Қ.Тоқаевтың өткен жыл­дар­дағы қыз­метіне қысқаша тоқталып өтті. Оның жемісті жұмысына шын жүрегінен ризашылығын білдірді. Осыдан кейін Президент   Н.На­зарбаев Сенат депутатта­ры­ның қарауына Қ.Тоқаевты бас­қа жұмысқа ауысуына байланысты Сенат Төрағасы қызметінен босату туралы ұсыныс енгізетінін жа­риялады. Депутаттар Қ.Тоқаевты Сенат Төрағасы қызметінен босату туралы бірауыздан шешім қа­былдады. Одан кейін Президент өзі тағайындаған депутат Қ.То­қаевтың мәселесі шешілгенін, енді оның орнына жаңа тағайын­даған депутаттың өкілеттігін ма­құл­дау қажеттігін және оны қа­растыру үшін шағын үзіліс жария­лау керектігін айтты. Осы үзілістің алдында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Женевадағы бөлімінің бас дирек­то­ры Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сұ­рап, алдымен Елбасы Н.На­зар­баевты кезектен тыс президенттік сайлауда айқын басым­дық­пен жеңіске жетуімен құт­тық­тады. Одан әрі Президенттің елдегі зор еңбектеріне тоқталып өтті, со­нымен бірге, шетелдерде оны Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы «ұлы реформатор» деп танитынын айтты. Ал жеке басына келгенде, өзіне сенім білдіріп, үлкен қызметтерге та­ғайын­дағаны және үнемі қолдау білдіріп отырғаны үшін алғысын жеткізді. Шағын үзілістен кейін жал­ғас­қан Сенат отырысын Төраға­ның орынбасары Мұхамбет Кө­пеев жүргізіп отырды. Алдымен сөз Орталық сайлау комиссия­сы­ның (ОСК) төрағасы Қ.Тұр­ған­құ­ловқа берілді. Ол ОСК-нің Пре­зиденттің 15 сәуірдегі Жарлы­ғы­на сәйкес Қайрат Әбдіразақұлы Мәмиді Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты ретінде тіркегенін жариялап, тиісті куәлік пен төсбелгіні тапсырды. Одан кейін Сенат отырысы өзінің жұ­мысын одан әрі жалғастырып, күн тәртібіндегі палата Төраға­сын сайлау туралы екінші мәсе­леге көшетіні жариялады. Бұл мәселе бойынша сөз Президент Н.Назарбаевқа берілді. Біздің алдымызда ұлан-ғайыр істер тұр. Осыған байланысты Парламент­тің жоғары палатасына да жауап­ты міндеттер жүктеледі. Сон­дық­тан жаңа Төрағаның барынша тәжірибелі, өз ісін жетік білетін, халыққа танымал және мүм­кін­дігінше заңгер адам болуы керектігін қалап, Сенат Төрағасы лауа­зымына Қайрат Мәмидің канди­да­турасын ұсынамын, деді Ел­ба­сы. Одан әрі Конституцияға сәй­кес сайлау процедуралары толы­ғы­мен жүргізілді. Сенат Төр­аға­сының жасырын дауыспен сай­ла­натыны қаперге салынды. Сөй­тіп, Президент ұсынған канди­даттың есімі жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге қау­лы­мен енгізілді. Одан кейін бар­лық сайлау процедурасы сақта­лып, депутаттар жасырын дауыс беру кабинасына өтіп, өздерінің шешімін білдірді. Сайлау қо­ры­тын­дысы бойынша Қайрат Мәми Сенат Төрағасы болып бірауыз­дан сайланды. Санақ комиссиясының құ­ра­мын бекітіп алған соң  Өмірбек Байгелди сөз алды. Мемлекет және халық үшін маңызды оқиға­лар болып жатыр, деген сенатор қос палаталы Парламент құрыл­ға­лы бері бесінші төраға сайла­нып жатқандығын ерекше атап өтті. Сол төрағалардың барлығы да халық сенімін ақтады, дей келіп, депутат әріптесі Қасым-Жо­март Тоқаевтың жемісті де жақсы жұмыс атқарғандығын жан-жақт­ы айтып өтті. Президент ұсынған канди­да­ту­раға қатысты сөзінде Қайрат Мәмидің есімі елге кеңінен та­ны­мал екенін, барлық қызмет бас­пал­дақтарынан өтіп, үлкен абы­ройға ие болғанын тілге тиек етті. Бұдан кейін сөз Санақ ко­мис­сия­сының төрағасы Серік Ақыл­бай­ға берілді. Аталған комис­сия­ның ұйымдастыру отырысында үш хаттама әзірленгендігі белгілі болды. Алғашқы хаттамада Са­нақ комиссиясы төрағасы мен хат­шысы сайланса, екіншісінде Парламент Сенаты Төрағасының жасырын дауыс беру арқылы сай­ланатыны мен бюллетень саны мен мәтіні нақты көрініс тапқан. Үшінші хаттамада Елбасы ұсын­ған кандидатураның аты-жөні және «жақтаймын», «қарсымын», «қа­лыс қаламын» деген үш бағана берілген. Сол үшінші хаттама бой­ынша депутаттар он минөттік үзіліс кезінде дәлізде орнатылған кабина ішінде бюллетень толты­рып, жәшікке салды. Оның нә­ти­жесі көрсеткендей, 44 сена­тор­дың барлығы да жаңа Төрағаны сайлауға дауыс беріпті. Жаңадан сайланған Сенат Төрағасы Қайрат Мәми өз сөзін­де осымен төртінші рет Сенат мінберіне шығып отырғандығын мәлім етті. Қай қызметке барса да ел сенімін ақтап, абыроймен ат­қаруға тырысып келе жатқан­дығын тілге тиек еткен Қайрат Әбдіразақұлы адал болуға да ант берерін алға тартты. «Бар білімімді, күш-жігерімді, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз жалғастырып келе жатқан еліміздің экономикалық және саяси реформаларға өзек болатын сапалы заңдарды қа­был­дауға жұмсаймын», деді жаңа Төраға. Сенат Төрағасы сайланған соң депутаттар назарына тағы үш лауазым иелерінің кандида­тура­лары ұсынылды. Сөз Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Ел­басы осымен елдегі барлық кадр­­лық өзгерістердің аяқталатынын айта келіп, олардың жұмыс істеуіне бар­лық жағдай жасалатынын ерекше атап көрсетті. Сонымен, Президент палатаға Конституцияның 55-бабы 1-тармағына сәйкес Жо­ғарғы Сот Төрағасы қызметінен Мұсабек Тұрғынбекұлы Әлім­беков­ті босатуды ұсынды. Ол Пре­­зидент атына жазған арыз ха­тында алты судьяның қыз­метіне сәйкес болмай, жұмыстан босатылуы сал­дарынан Жоғарғы Сот Төрағасы ретінде қалуға моральдық құқым жоқ деп санап, отставкаға кетуге мүмкіндік беруін сұраған. Осы орайда Елбасы Әлімбековтің жеке басына тағатын ешқандай кінә жоқтығын, таза әрі өз ісіне берілген маман екендігін, алайда судьялар ісі бойынша оның осын­дай шешім қабылдауын дұрыс көргендігін атап көрсетті. Президент ұсынысы бойынша палата Мұсабек Әлімбековті Жоғарғы Сот Төрағасы қызметінен бо­сату­ға келісімдерін бере отырып, оны Жоғарғы Сот судьясы етіп қал­ды­ру­­ды дұрыс деп тапты. Жоғарғы Соттағы келеңсіз жәйттің теріс салдарын айта келіп, Президент рефор­ма­лар­дың жалғасатынын ескерте кет­ті. Бар­лық сот жүйесін бас­қару­да Жо­ғарғы Сот пен оның Төр­ағасына деген талап та өте жоғары болуға тиіс. Сондықтан да бұл лауазымға Бектас Әбді­ханұлы Бекназаров­тың кандида­турасы ұсынылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамда­ған ол сот орындаушысынан об­лыстық сот төрағасына дейінгі қызмет саты­сымен көтерілген. Соң­ғы қызмет орны Ақтөбе об­лыстық сотының төрағасы. Осын­дай өмір жолы мен тәжірибесін ескере келіп, сенаторлар аталған кандидатураға қолдау білдірді. Ата Заңның 44-бабы 4-тарма­ғына сәйкес Президент босаған Бас Прокурор лауазымына Асхат Дауыл­­баевтың кандидатурасын ұсынды. Руденко атындағы Свердлов (Ресей) институтын бітірген А.Дауыл­баев бірқатар лауазымдық қыз­мет­тер атқарған. Мәжіліс депу­таты да болған. Елбасы кандидат туралы сөзінде оның өз ісін жетік білетіндігімен қатар, елдің мүддесін қор­ғай алатын азамат ретінде де та­ныл­ғандығына ерекше тоқталды. Нәтижесінде палата келісім беру қаулысын бірауыздан қабылдап, кандидатураның тағайындалуына өз келісімдерін берді. Сондай-ақ, кешегі отырыста Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев өз қыз­метіне қайта тағайындалды.  Нұ­р­тай Әбіқайұлының өз қыз­ме­тін­де қалуы туралы Президент ұсы­ны­сына депутаттар бірауыздан өз келісімдерін берді. Осыдан кейін Президент кандидаттарды таға­йын­дау туралы Жарлықтарға қол қойып, бекітті. Сенат отырысының күн тәрті­біндегі жұмыстар толығымен қа­ралып біткен соң Елбасы Н.Назарбаев қорытынды сөз сөйледі. Президент өз сөзінде Қазақстан ЕҚЫҰ Саммитін, Азия ойындарын және кезектен тыс президенттік сай­лауды табысты өткізгеннен кейін халқымыздың  бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған кө­те­ріңкі көңіл-күй үстінде жүргенін айта келіп, оған сенаторлардың да үлкен үлес қосқанын атап өтті. Ал алдағы міндеттер қазіргіден де зор. Елі­міздің индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарл­ама­сын жү­зе­ге асыруымыз аса қажет. Біз шикізат қорларына ғана тәуел­ді ел бо­лып қалмау үшін өте тез қи­мылдап, оны толығымен жүзе­ге асыруымыз керек. Қазір заман өте тез өзгеріп бара жатыр. Бола­шақта қалай бола­тынын ешкім нақты болжай алмайды. Әлемдік дағдарысты да біреулер аяқталды десе, басқалар әлі аяқталған жоқ, тағы біреулер қайтадан басталып келеді дейді. Мұның үшеуінің де жаны бар, біз осы үшеуіне де да­йын болуымыз керек. Африка ел­дерінде болып жатқан толқу­лар­­дан сабақ алып, әлеуметтік бағдарл­ама­лардың то­лық жүзеге асуын қамта­масыз етуге міндеттіміз. Дауыс бер­ген ха­лықтың зор сенімінен шығуға тиіспіз, деді Елбасы. Одан әрі осы аптада Үкі­мет­ті толықтай жасақтап шық­қа­нын, олардың ара­сында жа­ңа тұл­ғалардың аз екенін, өйткені, бұ­рынғылардың сенімнен шыққа­нын атап өтті. Со­нымен бірге, Қа­зақстан халқының бірлігі күнін, Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығын ла­йық­ты атап өтуге мұқият дайын­далу қажеттігін және алдағы уа­қыт­та елімізде бо­латын әлемдік форумдар туралы  айтты. Сөзінің со­ңында жаңа Төр­ағаның басшы­лы­ғы­мен Сенат­тың жақсы табыс­тарға жетуін тіледі. Жақсыбай САМРАТ, Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.