Батыс Қазақстан облысы топан судың астында қалып, төтенше жағдайға тап болып отыр. Апаттан мыңдаған адамдар зардап шегуде. Осыған орай, кеше Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылында өңір жұртшылығы тасқыннан зардап шеккен батысқазақстандық тұрғындарды қолдауға арналған акция өткізді.
– Біз, Тарбағатай ауданының жұртшылығы, былтырғы қолайсыз көктем мезгілінде тасқынның зардабын көріп, бейнетін шеккен халықпыз, – деді Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Сіләмбек Әзімханов. – Бүгін біз Батыс Қазақстан облысының бірқатар елді мекендерінде су тасқынынан зардап шеккен ағайынды қолдау жөнінде арнайы акция ұйымдастырып отырмыз.
Былтырғы көктемдегі қиын-қыстау кезде Тарбағатай ауданына Елбасы, Үкімет және бүкіл қазақстандықтар қолынан келген көмегін аяған жоқ. Осы өңірдің тумалары, осы өлкеде түрлі іссапарлармен болып, суын ішіп, ауасын жұтқан, ел-жұрттың сый-сыяпатын көрген зиялы азаматтар қиын сәтті басынан өткеріп отырған тарбағатайлықтарға барынша көмек көрсеткен-ді.
Сіләмбек Шәріпханұлының айтуынша, аталмыш қолдау акциясын өткізу бастамасын барша аудан жұртшылығы, сонымен қатар қоғамдық ұйым өкілдері және кәсіпкерлер көтеріпті. Бұл азаматтардың бүгінгі ниеті – Батыс Қазақстан жұртшылығын барынша демеп, қаржылай қолдау білдіру. Осы күні аудандағы барлық мекемелер мен ұжымдардың, кәсіпорындардың жұмысшылары, мектептер мен ауруханалар қызмкеткерлері батысқазақстандық ағайындарды қолдау жөніндегі қорға біркүндік жалақысын аударды.
Жиында сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқан Сахариев батысқазақстандықтардың басына түскен ауыртпалық бүкіл қазақ жұртының, оның ішінде Тарбағатай халқының да басына түскен ауыртпалық деп есептейді. Халқының қамын ойлайтын Елбасымыз тұрғанда, дамыған мемлекетіміз тұрғанда сіздер жүдемеңіздер! Бүкіл Қазақстан халқын зардап шеккен жұртқа көмек беру қорына біркүндік еңбекақыларын аударуға шақырамын, деген ақсақал жұртшылықты береке-бірлікке үндеді.
Біз Батыс Қазақстандағы ағайынның қазіргі жағдайын жақсы түсінеміз, жүрегімізбен сезінеміз! Бүкіл кәсіпкерлерді, жүрегі жомарт, жаны жайсаң азаматтарды осындай қайырымдылық жасауға шақырамын, деді «Тарбағатай кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Манат Әлімжанова. Кәсіпкер әйел бастаған аудан бизнесмендері тасқын бейнетін тартқан отандастарымызға 5 миллион теңге қаржы жіберіп отыр.
Көкжыра дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Жәміш Биғазина да өзі басқарып отырған емхана қызметкерлерінің біркүндік жалақыларын батысқазақстандықтарға аударып отырғанын айтып, барша Қазақстан дәрігерлерін осы іске атсалысуға үндеді. Көкжыра ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Совет Ысқақов, М.Әуезов атындағы орта мектеп директорының орынбасары Әнуарбек Демеубаев табиғат апатына ұшырап отырған батысқазақстандық жұртты сабырға шақырып, қолдау білдірді, көкжыралық ақын Дулат Шідеров мына өлең жолдарын арнады:
Жатсақ та шалғай Шығыста,
Сәлемім жетсін туысқа!
Ұрпағы едік қайсар қазақтың
Сынбаған сан мың ұрыста!
Алладан келген бір сынақ,
Еңсеңді, халқым, тік ұста!
Тәуелсіз, тыныш іргеміз,
Жасыма, біздей ұл мен қыз!
Қамықпа, қайсар ата-ана
Біз Сіздермен біргеміз!
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Ержан ӘБІШ, журналист.