19 Сәуір, 2011

Ассамблея мүшелерімен жүздесті

381 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
17 сәуірде Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жанов Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) мүшелерін қабылдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Қабылдауға Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орын­басары, Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, сондай-ақ Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Юрий Тимощенко, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған  Мәжіліс депутаттары және  «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері қатысты. Кездесуде Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жанов сөз сөйледі. Ең алдымен сіздерді Қазақстан­ның жоғары заң шығарушы орга­нына келулеріңізбен шын жүректен құттықтап, Қазақстан халқының Ассамблеясы сияқты аса маңызды және­ барлық этностарды топтас­тыру­шы институттың өкілдерімен кездесудің сәті түскеніне риза­шы­лығымды білдіргім келеді, деді сөзінің басында О.Мұхамеджанов. Содан кейін Төраға бұл кездесудің Елбасы – Қазақстан Республи­касы­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда ғана болып өткен сайлаудағы тамаша жеңісінің ізін ала өтіп отырғанының ерекше мәні бар екеніне назар аударды. Экономикасы серпінді дамушы және халықаралық беделі жоғары жас мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына Нұрсұлтан Әбішұлының жеке үлесі қазақстандықтардың ла­йық­ты бағасына ие болды. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы, шынымен де, таңғалдырарлық. Бір ғана мысал, ІЖӨ 1994 жылмен салыстырғанда 2011 жылы 12 есе өсті, яғни жан ба­сына шаққанда 700 АҚШ доллары­нан 9 мың АҚШ долларына жетті, немесе 13 есе артты. Жүргізілген тал­дау тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылы ішінде бірде-бір ел мұндай таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізе алмағанын көрсетеді. Азияның өзіміз жиі айтатын жедел дамыған елдерінің бірі – Сингапур тәуелсіздігінің алғашқы 20 жылы ішінде өзінің ішкі жалпы өнімінің көлемін 4 есе ғана ұлғайта алды. Ел экономикасына 122 миллиард дол­лардан астам шетел инвестициясы тартылды, деді Орал Байғонысұлы. Төраға сөзін елімізде шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда, бүгінгі күні 2,5 миллионнан астам қазақстандық осы салада жұмыс істейді, деп жалғастырды. Ал мемлекет оларға қолайлы жағ­дай жасау үшін мүмкін болғанның бәрін жасауда. Соның нәтижесінде шағын және орта кәсіпорындар шығаратын өнім көлемі еліміздегі ішкі жалпы өнімнің жиынтық кө­лемі­нің 32%-ына  жетіп отыр. Бү­кіләлемдік банктің 2010 жылғы бая­н­­дамасында біздің еліміз биз­нес­тің мүдделері жолында реформалар жасау жөнінен көшбасшы деп танылды. Әлеуметтік саланың дамуына үлкен мән беріліп отыр. Өткен он жылдың өзінде еліміздегі орташа жалақы 5,5 есе өсті. Бұған қоса үстіміздегі жылдың 1 қаң­та­ры­­нан бастап зейнетақылардың мөл­шері 30% арттырылды, ал екінші жартыжылдықтан бастап шә­кір­т­­ақылар және бюджет саласы қыз­мет­керлерінің жалақысы осын­дай мөлшерге арттырылатын болады. О.Мұхамеджанов сондай-ақ еліміздегі тұрғын үй, білім беру, ден­саулық сақтау  салаларындағы жетістіктерге тоқталып, беделді ха­лық­­ара­лық ұйымдарға табысты төр­ағалық еткенімізді, етіп отырғанымызды жә­не ететінімізді атап көрсетті. Қазір­гі кезде елімізде Қазақстан қоға­мын­да басым болып отырған саяси көз­қарастардың түгелін дерлік білдіретін 10 саяси партия жұмыс істейтінін, 18 мыңнан астам үкімет­тік емес ұйым­дар тіркелгенін, бұқ­а­ралық ақпарат құралдарының да жедел дамып отыр­ғанын көлденең тартты. Сайлау нәти­желері Қазақ­стан халқының бірлігін, сондай-ақ келісім, тұрақтылық және тағат­ты­лық негіз болған іргелі құнды­лық­тарымызға халықтың адал екендігін де көз жеткізе дәлелдегеніне екпін түсірді. Осының бәрі қоғамда эт­нос­аралық және конфессияаралық келі­­сім орнату жөніндегі бірегей үл­гіні жасап, ойдағыдай жүзеге асыра алған Нұр­сұлтан Назар­баев­тың дана әрі ойлас­тырылған сая­сатының нә­ти­жесі десек, асыра айтқандық бол­майды, деді Төраға. Сонымен қатар, бірлікке, түсі­ніс­тік­ке негіз болып отыр­­ған ал­ғы­­шарттар туралы кеңі­нен әңгіме­леді. Парламенттің «Қа­зақ­стан халқы Ас­самблеясы тура­лы» заң жобасын қа­был­­дағанын ай­рықша атап өте келіп, жал­пы заң шы­ғар­ма­шылық жұ­мыс, «Нұр Отан» фрак­ция­сының қыз­меті жайында жан-жақты мағ­лұмат ұсын­ды. О.Мұхамеджанов сөзінің со­ңында кездесудің еліміз тарихының аса маңызды кезеңінде өтіп жат­қанын –  Тәуелсіздігіміздің жиыр­ма­сыншы жылына аяқ басқаны­мыз­ды айтты. Бұл жылдардың оңай болмағанын, сондықтан да бүгінгі күні қол жеткізген табыстарымыз үшін мақтануға толық құқымыз бар екенін айрықша атады. Әрине, тоқмейілсуден аулақпыз, өйткені алда әлі талай жұмыстар күтіп тұр­ғанын білеміз. Сіздерге Қазақстан халқы Ассамблея­сының XVII сес­сиясының жұмы­сында та­быс тілеймін және Ассамблея мен Парламент Мәжілісі ара­сындағы жемісті ын­тымақтастықты одан әрі жалғас­тыруға сенім ар­тамын, деді Төраға.