Жақында Манама қаласында Қазақстан елшісі Қайрат Лама Шариф Бахрейн басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа қабылдауы барысында екіжақты мәселелер талқыға салынды. Бахрейннің жоғары басшылығы Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру үшін өз елі инвесторларының, сондай-ақ Манамада орналасқан араб және шетелдік банктердің осы шараға бірлесе қатысуларын жан-жақты құптайтындығын білдірді.
Қазақстандық дипломат сондай-ақ Бахрейн Премьер-министрі Халифа бен Салман Әл Халифаға алдағы 7-9 маусымда Астанада өтетін 7-ші Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысуға ресми шақыруды тапсырды. Қазақстандағы «Ислам Давосын» өткізу мақсатында аталған шараға шақырылған лауазым иелері жөнінде мәлімет берді.
Бахрейн Үкіметінің басшысы шақыруды ризашылықпен қабыл алды және өз елінің Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуды қалайтындығын жеткізді. Атап айтқанда, оған біздің елімізде Ислам банкингі жүйесін дамыту бағытында техникалық көмек көрсету және осы салада қазақстандық мамандарды дайындау жатады. Қазақстандық дипломат қаржы саласындағы ынтымақтастықтың барлық алғышарттарға ие екендігін және оның қазақ-бахрейн қарым-қатынастарының негізі бола алатындығын атап өтті.
Бахрейн Сыртқы істер министрлігінде Қайрат Лама Шариф Қазақстан Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановтың алдағы 28-30 маусымда Астанада өтетін Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясына қатысу үшін Корольдік сыртқы саясат мекемесінің басшысы шейх Халед бен Ахмед бен Мұхаммед Әл Халифаға жолдаған шақыруын табыс етті. Тараптар ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің күн тәртібіне енгізілген аймақтағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық негізін нығайту жолдарын талқылады.
Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Бахрейн тәуелсіздігінің 40 жылдығын атап өту жылында сауда-экономикалық, инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімдерге, сондай-ақ Қазақстан мен Бахрейн сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар бойынша өзара түсіністік меморандумына қол қою жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.