Жақында Зырян ауданында еліміздің аграрлық секторының өсіп-өркендеуін, дамуын қолдау мақсатында келелі бір жиын болып өтті. Ол Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селихановтың бастамасымен және Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімовтің қолдауымен өтті.
Аграрлық секторды дамыту, шаруа қожалықтарын жеңілдікпен несиелендіру мәселесіне арналған жиынға Зырян және Катонқарағай аудандарындағы қожалық төрағалары, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Тимур Сапарғалиев, «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ Шығыс Қазақстан облысы филиалының директоры Дүйсенбі Сәрсенов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Арман Оспанов, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Шығыс Қазақстан филиалының директоры Саян Тастағанов, ҚР-дағы «БашИнком» өкілдігінің директоры Асқар Уахитов қатысты. Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Қалихан Байғонысов та маңызды шарада болып, өз ойын білдірді.
Семинар-кеңесті Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімов ашты.
– Елбасы Н. Назарбаевтың ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау саясаты жемісін бере бастады, – деп бастады семинар-кеңесті нақты цифрлармен аудан әкімі.– Қазіргі таңда ауданда 17 мыңнан астам ірі қара малы, 13 мыңға тарта кой-ешкі, 5 мыңға жуық жылқы, 10 мыңдай шошқа бар, бұл экономикасы сан қилы, таулы-қыраттағы мекен үшін жаман көрсеткіш емес. Жыл басынан бері 690,1 тонна ет, 3825,6 тонна сүт, 1593,9 мың дана жұмыртқа дайындалды. Ал бүгінгі келелі кеңесте ауыл шаруашылығы құрылымдарына жасалатын жеңілдіктер туралы көп мәселелер қозғалмақ. Ендеше еркін әңгімелесейік.
Зырян ауданының әкімі Е.Сәлімовтің айтуынша, аграрлық сектордағы ұсақ шаруашылықтар құрылымдарын ірілендіру саясаты жемісін бере бастаған сыңайлы. Бір ғана мысал. Тек өткен жылы Никольский, Березовский, Чапаев ауылдық округтеріне қарасты бес ауыл шаруашылығы құрылымдары бірігіп, «Санур Агро»» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып алған. Ол не берді. Ең алдымен таулы аймақтарда жер көлемі тапшы, ұйысу нәтижесінде жер көлемі ұлғайып, 4158 гектарға жеткен. Тұрғысын, Березовский, Чапаев ауылдық округтерінде бірнеше шаруашылықтар бірігіп, «Нивы Чапаева» серіктестігінің басын құрады. Сонымен бірге үш шаруашылық негізінде «Зыбер» ЖШС дүниеге келді. Міне, ірілендірілген ұжымдар барлық қаржыны біріктіріп, жаңа техника сатып ала бастаған, жер мәдениетін арттырып, жаңа технологияны өндіріске енгізе бастаған.
Ал жаңа техника, басқа да қажетті дүниелерді барынша молырақ иелену үшін не істеу керек? Міне, бүгінгі бас қосу осы жағынан алып қарағанда барынша тиімді болды. Оның үстіне бүгінге дейін аталмыш құрылымдар облыстың түгелге жуық аудандарында бас қосып, тиімді кеңестер берген, талай келісімдерге қол қойылыпты. Үстіміздегі аптада Көкпектіде бас қосу өтпек. Ауыл шаруашылығын өркендетудегі осындай шаралар жемісін бермек.
Зырян ауданы өткен жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының демеуімен 261 миллион теңгеге 31 жаңа техника алған. Ал «Азық-түлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 47,5 миллион теңгеге несие алыпты. Мұндай мысалдар жеткілікті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов өз сөзінде көп деректер келтірді.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Ұлан ауданында өткен кездесуде тиімді шараны одан әрі жалғастыру жөніндегі берген тапсырмасын жүзеге асырдық. Атап айтқанда, Үржар, Жарма, Аягөз, Глубокое, Бородулиха, Шемонаиха, Зайсан және т.б. аудандар өкілдері қаржылай демеу жөніндегі бас қосуға қажетті деректерді алды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын дамытуға деген қамқорлық ерекше. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысы жыл сайын мемлекеттен 5 миллиард теңге көлемінде қаржы алады екен. Мал тұқымын асылдандырып, оны көбейткен, дәнді дақылдарды неғұрлым көбірек егіп, мемлекетке астық, ет және сүт өткізетін құрылымдар жыл сайын субсидия алып тұрады. Ал оның мөлшері қомақты, – деді Дүйсембай Мағзұмұлы.
Елбасының бізге деген қамқорлығы ерекше, тіпті марал шаруашылығын дамытуға, омартаны жақсы жолға қойған ауыл шаруашылығы құрылымдары да субсидия ала бастады. Өткен жылы марал және омарта саласына 30 миллион теңге бөлінді. Д. Селихановтың айтуынша, Зырян және Катонқарағай аудандарында асыл тұқымды мал басын көбейту жолында біршама жұмыстар жүргізіліп жатыр, келешекте бұл бағытта қыруар шара тындырылуы тиіс.
«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Тимур Сапарғалиев өз сөзінде нақты деректерді көлденең тартты. Аталмыш қоғамның Шығыс Қазақстандағы филиалы 2000 жылы құрылыпты. Он жыл ішінде бұл компания еліміздің агроөнеркәсіп кешеніне 193,2 миллиард теңге инвестиция салған. Соның ішінде Кенді Алтай 13 миллиард теңге қаржы алған. Тек өткен жылы филиал облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға 4,071 миллиард теңге қаржы бөлген. Бұл қыруар қаржы мал басын көбейту және асылдандыру, техника сатып алу, басқа да шараларға қарастырылған.
Сонымен бірге, компанияның талаптары бойынша жаңа тауарлы-сүт фермаларын құрған, жеміс-жидек, жылыжай, құрама-жем жасайтын құрылымдар да жеңілдікпен несие ала алады. Несие берудің бірнеше тиімді түрлері бар, бес, жеті жылға арзан несиелер беріледі. Алайда, көптеген ұжымдар шарт жасасу кезінде талаптарды орындай алмай, істі кешіктіре береді. 19 құжат жинау оңай емес, бірақ іс қағаздарын толтыру кезінде шалағайлықтар жиі кездеседі. Тимур Сапарғалиевтың айтуынша, зыряндықтар 1 миллиард 560 миллион, ал катондықтар 445 миллион теңгенің несиелеріне қол жеткізіп, жаңа техника сатып алуда, сондай-ақ жұмыс орындарын ашып жатыр.
«Азық-түлік корпорациясы» ҰК облыстық филиалының директоры Мақсұт Шаймардановтың сөзін де жиналғандар ден қойып тыңдады. Оның айтуынша, шаруа қожалықтары өндірген астықты сатып алуда биыл біршама жеңілдіктер бар көрінеді. Астықты сатып алу екі бағдарлама бойынша жүргізіледі. Біріншісі, көктемгі егіс жұмыстары кезінде қожалықтарға келесі өнім есебінен олардың өнімдеріне қаржы төлеу атқарылмақ. Ал екіншісі, астықты жинау кезінде дәнді дақылдың әр тоннасын 26 500 теңгеден сатып алу жүзеге асырылады. Шығыс Қазақстан облысына корпорация арқылы үшінші сыныпты 30 мың тонна астық сатып алуға квота берілген. Ал шын мәнінде олар 563 миллион теңгеге 242 тонна астық сатып алған. Демек, бұл нәтиже көңіл көншітпейді. Қазіргі кезде «Азық-түлік корпорациясы» өткен жылғы 4 қыркүйектегі меморандум бойынша облысты астықпен қамтамасыз ету және оның бағасын өсіріп жібермеу жөніндегі талаптарға сай еңбек етуде.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ филиалы директорының орынбасары Арман Оспанов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ директоры Саян Тастағанов, «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ директоры Дүйсенбі Сұлтанбеков шаруа қожалықтары төрағалары алдында атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Д.Сұлтанбеков Семейдегі ет комбинаты арқылы қожалық өсірген малдарды қабылдап алудың тиімді жақтарына тоқтала кетті. Екі арада делдалдар жүрмеген соң қаржы рәсуа болмайды. А.Оспанов несие берудегі тиімді әдістерге тоқталып Ұлан, Үржар, Жарма аудандарында тапсырыстың жоқ екенін айта кетті. С.Тастағановтың айтуынша, өткен жылы олар 1 миллиард 27 миллион теңгенің жеңіл несиелерін таратқан. «БашИнком» өкілдігінің директоры А.Уахитов астық егумен шұғылданатын қожалықтардың тыңайтқыштарды дұрыс пайдаланбай отырғанын ескерте кетті. Минералды тыңайтқыш мол өнімнің кепілі, өкінішке орай, көп ретте біз оған көңіл бөлмейміз. Ресейде бұл мәселеге қатты назар аударылады. Қостанай диқандары тыңайтқыштарды жерге тиімді сіңіру нәтижесінде гектарынан 20, тіпті одан көп центнер өнім алуға қол жеткізіп жүр, деді А. Уахитов.
Семинар-кеңесте «Средигорнен» ЖШС төрағасы Петр Дяглев несие алу кезіндегі қиындықтарға тоқталды. Жиырмаға тарта құжатты рәсімдеу оңай шаруа емес, кейде уақытты созып алып, шартты бұзуға тура келеді. Сондықтан, шарт жасасуда жеңілдік болса екен деді. Қожалық иесі В. Бондаренко 1993 жылдан шошқа және беларусь бұзауларын жергілікті жерде өсірудің нәтиже бермегенін, олардың таулы аймақ климатына көндіге алмауының сырын сұрады. Катонқарағай ауданынан келген қожалық төрағалары да несиенің тиімді жақтарына тоқтала кетті. Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Қалихан Байғонысов өздерінде элеватор жоқ екендерін, Зырянда астықты сақтайтындарын айтты.
Семинар-кеңесті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Д.Селиханов қорытындылап, азық-түлікті шеттен тасымай, өзімізде сапалы өнім шығаруға мүмкіндік бар екенін, ол үшін ізденіс пен резервтер қөзін тиімді пайдалану қажеттігін назарға салды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданы.
–––––––––––
Суреттерде: семинар-кеңестен көрініс; Д.Селиханов, Е.Сәлімов.