20 Сәуір, 2011

Ғарышкер дәрісі

588 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазір төрткүл дүние адам баласының ғарышқа ұшқанына 50 жыл толуын жан-жақты атап өтіп жатыр. Осыған орай, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттеріне арнайы келіп, қазақтың айтулы азаматы, Ұлт­тық ғарыш агенттігінің төраға­сы Талғат Мұсабаев «ҚР Ұлт­тық ғарыш агенттігінің қызметі және ғарыш кеңістігін бағын­дырудың болашақтағы жоспа­ры» деген тақырыпта дәріс оқыды. Ғарыш әлемінде үш рет болған Талғат Амангелдіұлы жиыл­ған жұртқа еліміздің өт­кені мен бүгінін жан-жақты саралай келіп, Біріккен Ұлттар Ұйымы ғарыш күнін әлем жұрт­шылығының ортақ мерекесі деп жариялағанын алға тартты. Ол сонымен бірге, адамның бүкіл тірлік-тынысы тікелей ғарыш­пен байланысты екенін, көп игілікті іске ғарыш технологиясы ұйытқы болып отырғанын тілге тиек етті. Ғарышқа жұмсалған қар­жының қайтарымы еш кетпейтінін, болашақта жер байлығын ғарыш байлығы алмас­тыра­ты­нына нақты дәйектер келтірді. Біз қашанда алға ұмтылып, келер күннен үмітін үзбеген ұлттың ұр­пағымыз. Ғарыш әлемін бағын­дыру үшін үлкен әзірліктер қажет. Әсіресе, кадр дайындау, ғарыш­тық базаны жетілдіру, сөйтіп, отандық ғарыш жүйесін құру ар­қылы әлемге таныламыз, деген ғарышкер таяу уақытта «Қаз­сат-2» жер серігінің көкке көтері­летінін, «Қазсат-3» бойынша дайындық жұмыстарының жүріп жатқанын атап өтті. Ұлттық бай­лық болып есептелетін «Бай­қоңыр» ғарыш айлағы туралы да өз тұжырымын білдірді. Елдің еңсесін көтеріп, абы­ройын асыратын ғарыш әлемі жай­лы ғарышкердің дәрісінен кейін студенттер алуан түрлі сұрақ­тар қойып, оған нақты жауаптар алды. Әсіресе, олардың болашақ қазақ ғарышкерлері туралы ой-байлам­дары ерекше естіліп жат­ты. Елді сүю, Отанды қадірлеудің үлгісі бо­ларлық ғарыш әлеміне талпынсақ деген тілектер де айтылмай қалған жоқ. Сұрақ­тар­дың арасында Мәс­кеу авиация институтын бітіріп келіп, қазір сынақ мерзімінде жүрген сымбатты жас жігіттің: «Мен алдағы уақытта жұмысқа қабыл­данамын ба?» деген сұра­ғына агенттік төрағасы найза ұс­таған батырдай жарқ етіп: «Қажет мамандық иесі неге қабылдан­байды?» деп тиісті адамға бірден тапсырма берді. Оның бұл аза­маттық шешіміне зал толы жұрт дуылдата қол соғып, қоше­мет көрсеткенде маманды­ғына қара­май, адамын аңдып асық­пайтын қосшыдан талғамы мық­ты, та­лантты тап басып танитын басшы артық па деген ойға ден қой­ғанымыз анық. Дәріс соңында универси­теттің проректоры, академик Рахметқажы Берсінбай қазақ ға­рышкеріне үлкен ілтипат көр­сетсе, студенттер өлеңнен шашу шашты. Сүлеймен МӘМЕТ.