Оқырман сүйсінісін білдіреді
Отанды сүю бақшадан басталады
Алматы қаласындағы Алатау ауданына қарасты №153 бөбекжай-балабақшасы былтырғы жылдың 1 қыркүйегiнде ашылған едi. Аз уақыттың iшiнде бөбекжай-балабақша ұжымы көп шаруаны атқарып, балаларды тәрбиелеу iсiнде үлгi боларлық деңгейге жеттi. Заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған балабақша көрме өткiздi. Бұл қандай көрме дейсiз ғой? Балалар шығармашылығының көрмесi. Осы Тәуелсiз мемлекет бүлдiршiндерінің салған суреттерi көрмеге қойылды. Бiрiнiң салған суретiн бiрi тамашалаған бүлдiршiндер көрменi ұзақ қызықтады.
Балалардың шығармашылығын ерте бастан дамыту мақсатында «Көгершiн» ересектер тобының тәрбиешiсi Мәрзия Әлжекеева, музыка жетекшiсi Айнұр Расулова «Ерлiктерiң мәңгiлiк сақталады» деген атпен ертеңгiлiк өткiздi. «Балалардың бойына Отанын сүю, елiн, жерiн құрметтеуге деген патриоттық сезiмдi ұялату – бiздiң басты мақсатымыз», дейдi бөбекжай-балабақшаның меңгерушiсi Мөлдiр Ерназарова.
Қ.ЖОМАРТ
Алматы
…мәселе көтереді
Мотошана мінгендер мазаны алып тұр
Қазақ халқы аң аулау кезінде белгілі бір қағидаларды ұстанып қана қоймай, қатаң сақтаған. Бүгінгі күні елімізде аң аулау және табиғатты қорғауға байланысты көптеген заң актілері мен ережелер қабылданып, бірқатар бағдарламалардың іске асырылып жатқаны белгілі. Өкінішке қарай, осы ережелер мен заңдар Қазақстан аумағында саны азайып, кейбіреуі жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған аң мен құсты сақтап, қорғауға арналғанымен, ондағы талаптар аңшылыққа рұқсат беру маусымында толық орындала бермейді.
Қазір көктемде ұя басар құстарға қырғидай тиіп маза бермесе, күзгі аңшылық маусым басталғанда мұздай қаруланған, жол таңдамайтын техникаларға жайғасқан қалталы аңшылардан көз ашпайтын болдық. Қыс мезгілінде бір күнде бір аудан аумағында 20-25 мотошанамен аң аулап жүргендерді де көрдік. Қасқыр аулауға шыққан бұл мотошанашыларға белгіленген аңшылық аймақта шектеу де, шекара да жоқ. Бұлардың аңшылық және аң аулауға берілген рұқсат құжаттарына белгі қоятын табиғат қорғау органдарының қызметкерлері қажетті техниканың жоқтығынан дәрменсіз күй кешіп жүр. Қасқыр соғамыз деп тау-тасты басына көтеретін мотошанашылардан шошынған басқа аңдардың мекен ауыстырып, өзге өңірлерге ауып кетпесіне кім кепіл?!
Түптеп келгенде, табиғаттың көркі де, жердің сәні де, салтанаты да аң мен құс емес пе?! Біз бұл мәселеге қазір көңіл бөлмесек, дарқан даланың көркі аң мен құсымыздан айырылып, табиғаттың тепе-теңдігіне нұқсан келтіріп алмаймыз ба деген ой келеді.
Мәдениет КӘРІМОВ
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы
…қынжылысын жеткізеді
Автобустағы жанжал
Қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне қайырымсыз, салқынқанды болып бара жатқандығын байқаймыз. «Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында» деп бекер айтпаса керек. Үнемі қоғамдық көлікпен жүргендіктен, түрлі оқиғаларға кездесіп жатамыз. Астанадағы № 38 автобусқа бізбен бірге бір жолаушы кірді. Өзі ащы суға сылқия тойып алған. Билетке төлейтін тиыны жоқ. Ал кондуктор қыз: «қайдан тапсаң оннан тап, ақшаңызды төлеңіз, – деп табандап талап етіп, ақша төлемесеңіз келесі аялдамадан түсесіз деді. Бір кезде әлгі орта жастағы ер адам кондуктор қызға тіл тигізе бастады. «Өзіңнің бойың жерге жақын екен, өспей қал, құры бар», деп жерден алып жерге салды. Әлгі қыз расымен аласа еді. Сонда деймін-ау, қазақтың қаршадай қызын бүкіл халықтың алдында қорлап тұрғандай сезілді маған. Кім не ұтты, не тапты сол жанжалдан. Әлгі жерде айтылып жатқан сөздер адам баласының ең нәзік жүрегіне қанжардай қадалып жатты. Адамдар арасында кішіпейілдік, ағаға деген құрмет, ініге деген ілтипат, қыз балаға деген мейірімділік болса, осындай оқиғалар орын алмас еді. Мына өмірде бір-бірімізге жамандық емес, жақсылық ойласақ, қанатымен су сепкен қарлығаштай қайырымды болсақ қылмыс та, дау-жанжал да азаяр ма еді, бәлкім. Айтайын дегенім, кекшіл болмайық, кешірімшіл болайық, біреудің сағын сындырмайық, сауабын алайық, жүрекке ауыр жүк артпайық.
Айман МҰҚЫШЕВА
Астана
…қолдау көрсетеді
Медициналық білім беруге әзірміз
Мемлекет басшысы бұдан үш жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында елімізде «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру міндетін қойған еді. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандарға қазақстандық қоғам тарапынан ұдайы қолдау мен қамқорлық көрсету деген ұғымды білдіреді. Осыған орай біз 2014 жылы облыстағы мүгедектер қоғамына барып, зағип жандармен кездесу ұйымдастырған едік. Әрине, олардың жас ерекшеліктерінің әртүрлі болып келуі табиғи жайт. Соған қарамастан біз білім алуға деген құштарлығына тәнті болып, сол жылы сегіз мүмкіндігі шектеулі жанды колледжге қабылдадық.
Түйсігіміз алдамаған екен. Кейіннен бәрі де арнаулы оқу орнын ойдағыдай аяқтап шықты. Әрі алған мамандықтарына сай қызметке орналасты. Бүгінгі күні көп мәселенің шешімі қаржыландыруға байланысты ғой. Егер жоғары мемлекеттік органдар тарапынан тиісті қаражат бөлінетін болса, еліміздің әр өңірінен мүмкіндігі шектеулі жандарды оқуға қабылдауға толық жағдай бар. Олардың алаңсыз оқуы үшін қосымша жатақхана қажет екендігі анық. Оның құрылысы тұрғызылатын болса, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы медициналық білім беруге әзірміз.
Зәмзия ӘЛІПОВА,
Ақтөбе медициналық колледжі директорының
оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары
Ақтөбе
…көмек күтеді
Ауданға қатысты тарихи құжат табылды
Ел мен жер тарихынан сыр шертетін тарихи деректер мен құжаттар қашанда құнды әрі бағалы. Мұндай құжаттардағы деректердің өлке тарихын түгендеуде алатын орны ерекше. Осындай құнды құжаттардың бірін бізге аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Жанболат Темірғалиев таныстырды. 1930-1937 жылдары жазылған бұйрықтар кітабын ол жұмыс орнында қағаздар арасынан кездейсоқ тауып алған екен.
Бұл бұйрықтар кітабының бір ерекшелігі, үш тілде толтырылғандығы. Араб, латын және орыс тілдерінде жазылған құжатта аудандық қаржы бөлімінің және салық комитетінің тарихы жатыр десек, қате айтқандық болмас. Сондай-ақ, тағы бір байқағанымыз – бұл құжаттан сол кездегі Талов ауданындағы қаржы операциялары мен қаржы және салық саласында қызмет атқарған адамдар туралы толық мағлұмат алуға болады. Бір өкініштісі, бұл кітаптағы көп мәліметтер араб және латын тілінде жазылғандықтан оқуға қиындық туғызып отыр. Осы құжатты оқып, аудара алатын маман болса аудан тарихының жаңа беттері жазылар еді.
Мөлдір ӘНУАРБЕКҚЫЗЫ
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы