Сол күні Никита ертерек жатып қалды. Неге екені белгісіз, түн ортасы ауа шошып оянды. Орнынан тұрғысы келгенімен, аяқ-қолы зіл батпан, көтертпейді. Басы ауырып, көзі қарауыта бастағанын, жүрегі лоқсығанын сезді. Әл-дәрмені құрып, белгісіз бір күш түпсіз тұңғиыққа сүйрелеп бара жатқандай. Маужырап, ұйқысы келгендей керенау күйге ене береді. Тістеніп алып, соңғы күш-қайратын бойына жинаған күйі орнына тұрмаққа ұмтылды. Үйдің іші көкала түтін. Өң мен түстің арасында жүріп, алдымен шырт ұйқыда жатқан атасы мен әкесін жұлқылады. Тірліктің нышаны байқалмайды. Қатты шошығандықтан ба, жынды адам құсап, екі қолын ербеңдете берді. Одан жан ұшырып, әжесі мен анасын жұлмалады. Тас мүсін сықылды. Не істерін білмей далаға атып шықты. Айнала тас қараңғы. Таза ауа тынысын сәл кеңітіп, өз-өзіне келгендей болды. Көрші үйде тұратын жамағайыны есіне сап ете қалды. Жүгіріп сонда барды. Есікті, терезені ұрғылап жүріп оятты. Ондағылар бізге қатысы жоқ мәселелерге араластырмаңдар дегендей кейіп танытып, жылы төсектеріне оралғанша асықты. Үйге қайта кіргені сол, қою түтін қолқаны қауып, басы айналып, көзі қарауытып кетті. Әупірімдеп жүріп, анасының ұялы телефонын тауып алды. Жедел жәрдем диспетчеріне қоңыраулатып, жағдайды баяндауға ғана шамасы жетті…
Өрт сөндіру қызметкерлері айтылған мекенжайға жедел жетіп, зардап шегушілерді шұғыл түрде ауруханаға жеткізді. Никита есін бірнеше күннен кейін жиды. Қызметтік тексеру барысында пеш жағудың қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан улы газ бөлініп, тұтас отбасы иіс тиіп, уланғаны белгілі болды.
Жақында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы №44 мектепке арнайы келіп, тұтас отбасына өмір сыйлаған ержүрек оқушыны алғыс хатпен марапаттап, ұялы телефонды сыйға тартты. Біздің қызметке қиын жағдайда ештеңеден тайсалмайтын, қолұшын беруге әркез даяр өзің сияқты батыл адамдар қажет. Мектеп бітіргеннен кейін құтқарушы боламын десең, құшақ жая қарсы аламыз, деді департамент бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев салтанатты жиында.
Никита Кукушкин үшін ең қымбаты – туған-туыстарының амандығы. Қаршадай баланың көңіл түкпірінде қатарымнан кем қалмай өсіп-жетілсем, қабағымды кірбің шалмаса деген асыл арман менмұндалайды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
ПЕТРОПАВЛ