Қоғам • 18 Наурыз, 2017

Ғибратты ғұмыр

412 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Аймақтың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып, қажырлы қыз­метімен және өскелең өне­ге­сімен елге танылған Амангелді Төлеу­бай­ұлы Садырбеков еңбек жолын Целиноград ауылшаруашылық инс­титутын бітіргеннен кейін ту­ған жері – бұрынғы Қима, ка­зір­гі Жақсы ауданындағы Есіл кең­ша­рынан бастады.

Ғибратты ғұмыр

Бөлімшенің зоотехнигі, содан кейін меңгерушісі қыз­метін атқарды. Міне, осы кезде нағыз мамандық әліппесінен өтіп, басқару жүйесіндегі бірінші қа­да­мын жасады. Өмір мектебінің бас­тауыш баспалдағын мықтап қа­лады. Торғай облысының екі ауданының (Жақсы, Қима) комсомол ұйымдарын басқарды. Жас­тар­дың арасында жұмыс істеп, ұйым­дастырушылық қабілетін әрі қарай дамытты. Содан Кеңарал кеңшарының партия ұйымын басқаруға жолдама алды. Көп ұзамай Қараторғай кеңшарының директоры болып тағайындалды. Бұл шаруашылық шалғайда орналасқан Амангелді ауданының құрамында жаңадан құрылған еді. Үш өзеннің тоғысқан жерінде орна­лас­қан халқы аз, сондықтан жет­кі­лікті жұмыс күші жоқ, аудан орталығына баратын жол са­лын­­баған, су тасығанда аралда қа­лып орталықпен қатынас тоқ­тап қа­латын қиындықтары ба­с­тан асып жатқан шаруашылықты А.Садырбеков белсене басқарып кет­­ті. Сол заманда кеңшар дирек­торы тек шаруашылыққа ғана жау­апты емес еді, ауылдың ты­­­нысы мен тұрмысы, осында тұратын халықтың жағдайы оның жұмысымен тығыз байла­ны­с­­ты болатын. Тың жерде жа­ңадан құрылған шаруашылық бол­ғандықтан, А.Садырбеков жұ­мысын құрылыстан бастады. Тұр­ғ­ын үй, мектеп, балабақша, емхана, т.б. әлеуметтік нысандар қысқа уақытта салынып, іске қосылды. Жол құрылысы жүріп, қажетті көпірлер салынып, кеңшар директоры жергілікті халықтың алғысына бөленді. Уақытпен санаспай, күндіз-түні жасаған еңбегінің арқасында малдың басы өсіп, егін шаруашылығы ауданда ең жоғарғы өнімділікке қол жеткізді. А.Садырбеков жоқтан бар жасап, барды ұқсатып дамытып әкететін, талғампаз, ізденімпаз, қарамағындағыларға талапшыл басшы ретінде өзін көрсетті. Сондықтан, жаңадан ашылған Амантоғай, кейінірек Арқалық аудандарының бұрынғы ауылшаруашылық басқармасы негізінде құрылған агроөнеркәсіп бірлестіктеріне басшы болып тағайындалды. Көп ұзамай облыстың ауыл ша­руа­шылық басқармасының бас­тығы К.Әубәкіровке бірінші орын­басар болып тағайындалды. А.Садырбеков облыстың мал ша­руа­шылығымен айналысатын оң­түстік, егіншілікпен шұ­ғыл­да­­натын солтүстік – екі өңірінде де қызмет жасап, олардың ерек­ше­лі­гін білгендіктен, жаңа қыз­мет­ке кі­діріссіз кірісіп кетті. Осы жауапты қызметті абыроймен атқарғанын көзімен көрген куәгерінің бірі мен едім. Өйткені, сол кезде Торғай облы­сында кеңшардың бас маманы болатынмын. Кейінірек кеңшар директоры қызметіне тағайындалар кезде қабылдауында болып, алдынан өттім. Сонда оның ауыл ша­руашылығын жетік білетін бас­шы екендігін аңғарған едім. Адам­гершілігі мен парасаттылығы да көзіме түсіп еді.

Біраз уақыттан кейін А.Садыр­бе­ков Амангелді ауданы партия ко­митетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл аудан даласы кең, өзендері терең, тарихқа тұн­ған көне Бетпақдала өңірінде орналасқан. Сонау Әмір Темірдің жо­рығына, Кенесары ханның кө­терілісіне куәгер. Амангелді Иманов басқарған ұлт-азаттық шай­­қастары да осы далада өткен.

Шөл-шөлейтті жерде орна­лас­қан аудан болғандықтан, ше­ші­мін күтіп тұрған мәселелері мен қиын­дықтары жеткілікті еді. Мі­не, осындай күрделі, бірақ халқы жұ­мыскер жерге қызметке келіп, ау­қымды істерді бастап кетті. Бұ­рын­­ғы басталған жұмыстарды жал­ғастырып, ауданның экономикасы мен әлеуметтік саласының тамырларына қан жүгіртіп, тұрмыс-тір­шілігіне оң жаңалықтар мен өзгерістер әкелді.

Малшы-шопандарға ерекше назар аударылып, қолдау көр­се­­тілді. Еңбекті ынталандыру бі­рін­ші кезекке қойылды. Еңбек адам­да­рының алатын табысын жеткен же­тістігімен байланыстырып, ауыл­да жаңа реформаларды жүзеге асырды. Мал өсіру тәсілдерінде озық өзгерістер кеңінен таратылды. Аудан облыстағы экономикасы дамыған озаттар қатарына қо­сыл­ды. Жергілікті ауылдар үлкен құ­рылыс орындарына айналды. Тұр­ғын үйлер мен әлеуметтік нысан­дар салынды, жол құрылысы қарқынды дамыды. Осындай оң өзгерістерді Орталық партия комитетінің уәкілі ретінде
ау­дан­дық партия ұйымының есеп беру-сайлау конференциясына келгенде өз көзіммен көріп едім. Бұрынғы өзіме таныс аудан айтарлықтай өзгерген екен. Бір­неше шаруашылық өз малын же­ммен қамтамасыз ету үшін бұ­рын айналыспаған егіншілікке кірісіп, астық жинайтын болыпты. Ауылдар арасына жол, көпірлер салынып, ауданмен берік қатынас орнатылыпты. Мәдени ошақтар, еңселі спорт кешені бой түзепті. Аудан орталығының келбеті өзгеше жаңғырыпты.
1990 жылы Торғай облысы қайта ашылған кезде А.Садырбеков облыстық агроөнеркәсіп кешенінің басшысы және облыстық атқару комитеті төрағасының бі­рін­ші орынбасары қызметіне та­ғай­ындалды. Бұл өте күрделі қиын­дық­тар белең алған уақыт еді. Ке­ңес Одағының құлдырауы бас­тал­ған кезде жаңа құрылған облысты көтеру оңай емес болатын. Бірақ А.Садырбеков сияқты азаматтар осындай сыннан абыроймен өтті.
Еліміз егемендігін жариялап, жаңа дәуірге бет бұрған кезде мемлекеттік мүлікті жекешелендіру мә­селесі алдыңғы қатарда тұрды. Рес­публикалық Мемлекеттік мү­лік комитетінің төрағасы, Пре­мьер-Министрдің бірінші орын­басары қызметін атқарып жүргенімде, А.Садырбековті адалдығы мен тәжірибесін ескеріп, Тор­ғай облы­сы мемлекеттік мүлік ко­ми­теті төрағасы, облыс әкімінің бі­рінші орынбасары қызметіне ша­қырған едім. Турасын айта­йын: мемлекеттік мүлікті жеке­ш­е­лендіру еліміздің тарихында бұрын болмағандықтан, бұл са­лада көп ізденіп, жаңа әдіс-тә­с­ілдер пайдалану керек болды. Тіпті осындай қызмет жасауға дайын мамандар бізде мүлде жоқ еді. Бәріміздің сана-сезіміміз бен көзқарасымыз және жұмыс тәсіліміз Кеңес одағы кезінде қалыптасқан еді. Сондықтан да жұмыс барысында А.Садырбеков жоспарланған өзгерістерге сын кө­зімен қарап, жан-жақты сарап­тап отырды. Жаңалықтарды құп­­тап, іс жүзіне асыруға бүкіл ре­форматорлық күш-жігерін салды. Оның қарым-қабілеті жаңа жұ­мысқа сәйкес келді. Ауыл ша­руа­шылығын жекешелендіру ке­зінде оның көңілінде біраз күдік бол­ғ­анын білемін. Бір жағынан, өзі істеген кеңшар, ұжымшар жүйе­сін қимады. Ал екінші жа­ғы­нан, өзгерістер керектігіне көзі жетті. Жан-жақты сараптап, байсалды реформалар жасауды құп­тады. Білікті басшы шаруа қо­жа­лықтарын біріктіру кажеттігін айтушы еді. Бұл ұсынысы қазіргі уақытта да күн тәртібінде тұр.
Торғай облысы жабылғаннан кейін А.Садырбековтің алдында қайда барам, не істеймін деген сұрақ тұрмады. Президент әкімшілігіне алынып, мемлекеттік инспектор қызметіне тағайындалды. Батыс Қазақстан, кейін Ақмола облыстарында Президенттің өкілі болып қызмет атқарды. Бұл орында да ол мол тәжірибесінің арқасында нәти­желі жұмыс істеді.
Бірер уақыт Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің Астанадағы өкілі болды. Сол кезде облыстың про­б­лемаларын шешуге белсене қатысты. Қазіргі уақытта А.Садыр­беков отандық белді кә­сіп­­о­рынның бірі – «Конденсат» АҚ-тың сыртқы байланыс директоры қызметін атқарады.
Әкесінің қанымен, анасының сүтімен келген қасиетіне сай, ол атақ үшін емес, халқы үшін жұ­мыс істеді. Сондықтан, қызмет барысында облыс басшылығында болған Е.Әуелбеков, О.Қуанышев, М.Сағдиев, Ө. Жәнібеков, К.Әубә­кі­ров, К.Укин, В.Брынкин, С.Кула­гин сынды қайраткерлерден тәлім-тәр­бие алып, қолдау көрді.
Жетпіске қадам басып отырған Амангелді Садырбеков жұбайы Карлығашпен бір шаңырақ астында жарты ғасыр бақытты өмір кешіп, тәрбиелі ұрпақ өсіріп келеді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, әулетінің туын биік ұстап отыр.

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері

Соңғы жаңалықтар