22 Сәуір, 2011

Ұлттық мүдде және ұлтшылдық

7004 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Әр адам өзін нақты бір ұлттың өкі­лі­мін деп санайды. Ұлттық идентификациялану азаматтың жеке басының ісі, ол негізінен шық­қан тегіне байланысты айқын­да­лады. Аралас некеден туған адам заң бо­йынша әке­сінің, не анасының ұлтын таң­даймын десе өз еркі. Барлық халықта дер­­­лік, әсіресе, қазақта ұлтын әкесі бо­йын­ша анықтайды, тек кейбір халықта, мысалы, еврейлерде ұлт­­тық болмысы шешесінен танылады. Бі­рақ ғы­лыми деректер бойынша адамның негізгі тектік қа­сиет­тері еркекте ғана болатын Ү-хро­мо­сомы арқылы беріледі. Соған қара­май, өте сирек болса да түрлі себептермен әке­сіне де, шешесіне қатысы жоқ бір ұлтты таңдау да кездеседі. Заңда бұған шектеу жоқ, ұлтын жарияламауға да ерік беріледі. Тіпті жеке бір ұлттың емес, жалпы адамзат­тың өкі­­­лімін дейтіндер де бар. Алайда, тарихта бел­гілі, бүкіл адам­зат­қа ортақ, атақты тұлға­лар­дың ешқайсысы да өз ұлтын тәрк етпеген. Ұлттық идентификацияланудың дәс­түр­лі ұстанымдары мен одан әртүрлі жолмен ауытқулардың, өзіміздің ата дәс­түрі­міз бен бүгінгі күнгі бой көрсете бастаған бағыттардың қазіргі қазақ қауымына әсері қандай? Жалпы, ұлт дегеннің өзі не? Ұл­тық мүдде неден тұрады, ол үшін қандай әрекеттер қажет? Осы сұрақ­тардың жауа­бын қарастырып көрелік. Ұлт халықтан, халық ұлыстан (тайпа), ұлыс рудан, ру адамдар тобынан құралып, белгілі бір қоғамдық-экономикалық формациялардан өтіп қалыптасатыны белгілі. Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде ру мен тайпалар пайда болса, құлдық қоғам мен феодализм кезінде ол халық дәре­же­сіне жетеді, ал халықтың ұлтқа айналуы фео­дализмнің ыдырап, капитализмнің дамуымен байланыстырылады. Біздегі қо­ғам­дық ғылымдардың қағидалары бо­йын­ша капитализм кезінде біртұтас шаруа­шы­лық кеңістігі пайда болып, сауда мейлінше дами келе ол елдің барлық өңірлерін түгелдей қамтып, жалпы ұлттық эконо­мика және күшті орталық қалыптасып, ұлттық мемлекеттің құрылуына жол ашылады. Ұлттың қалыптасуы үшін әлеуметтік-эко­номикалық үдерістердің маңыздыл­ы­ғы­мен қоса, басқа да факторлардың әсері айтар­лық­тай. Олардың қатарында сол қауымдастыққа ортақ мәдени-тілдік бай­ла­ныс және ортақ ме­кен етілген жер тер­ри­ториясы бар. Бұл территорияда сол ұлт­тың мәдени-тілдік құ­рал­дары үстемдік етуі керек. Тағы бір маңыз­ды шарт – бұл қауымдастықтың мүшелері арасында аза­мат­тық теңдік қажет. Әр адам өзін осы қауым­ның лайықты дәрежедегі тең құ­қық­ты мүшесі, жердің, табиғи байлық­тар­дың, жалпы ұлттық құндылықтардың иегері ретінде сезінуі қажет. Бұл шарттардың орын­далуының кепілі – оны қамтамасыз ететін ұлттық мемлекет. Егер ондай тәуел­сіз ұлттық мемлекет болмаса, оған қол жеткізу үшін қозғалыс басталады. Ұлттың қалыптасуы туралы зерттеулерде жиі сілтеме жасалып жүрген Карл Дойчтың пікірі бойынша ұлт өзінің тегі жө­ніндегі қате ұғымдардың шыр­мауын­да­ғы және көршілеріне деген ұжымдық өш­пен­ділік негізінде топтасқан адамдар то­бы. Бұл қағидада ащы да болса шындық бар. Ал біз, қазақтар, шыққан тегімізді ұмыт­паған, жеті атамызды жаттап өскен, руы­мыз төлқұжатымыз болған халықпыз және басқаларға өштесіп, есе қайтару үшін топтасқан емеспіз. Бірақ ұлттық эгоизмнің әлемдік саясаттағы маңызын ескере оты­рып, өз бағытымызды айқындауға тиіспіз. Қазіргі замандағы мемлекеттердің бар­лығы да ұлттық мемлекеттер. Күллі саяси үдерістер ұлттың мүддесінен туындайды, немесе олардың көзге көрінбейтін ұлттық астары бар, әртүрлі пішінде бүркемеленіп басқаша болып көрінгенімен, белгілі ұлт­тың мүддесіне саяды. Бұл мүдделердің ара-қатынасы халықаралық саясатты ай­қын­дайды. «Біздің мәңгілік дос-дұш­паны­мыз жоқ, мәңгілік мүддеміз бар» дейтін саясаттағы ежелгі қағида, түптеп келгенде, ұлттық мүдде, қалғанының бәрі одан туындайтын екінші кезектегі мәселелер. Әртүрлі қоғамдық формациялардан өтіп, ұлттардың, олар құрған ұлттық мем­ле­кет­тер­дің пайда болуы дүние жүзінде бір кезеңде бірдей жағдайда болған жоқ. Ең алдымен бұл үдеріс батыста, Атлан­ти­каның екі жаға­лауын­­да қалыптасты. Бұл аймақта ұлттық мем­лекет негізінен ішкі күштердің әсерінен автохтонды әлеу­мет­тік-саяси даму шең­берін­де, сырттан ай­тар­лықтай бөгде ық­пал­сыз жағдайда өтіп, негізінен тарихта жа­ңа ағарту­шылық (ренессанс) дәуіріне тұспа-тұс келді. Іле-шала бұл үдеріс Германия, Польша, Ресей қа­тар­лы елдерді қамты­ды. Алдыңғы топ­та­ғы елдерде ұлттың, ұлттық идеологияның қалыптасуы ұлттық мемле­кет­тің кемелденуімен қабатта­са жүрсе, соңғыларында алды­мен ұлттық идеология, сонан кейін мемле­кет­тің ұлттық сипаты қа­лыптасты. Қазіргі саясаттану ғылы­мын­­дағы пікір бо­йын­ша бірінші топтағы елдерде ұлт сая­саты біршама либе­рал­ды, демо­кратия­лық бағытта, ал екінші топ­тағы елдерде ұлт саясаты мемлекет ап­параты, негізінен мо­нархиялық билік арқылы қалыптасып, эт­нос­тық факторға ерекше мән беріліп, ирра­цио­налды, реакциялық сипат алды. Ұлттық саясатта өзінің либерализмі мен демократиялығын алғашқы болып жа­рияла­ған Британия империясын құру­шылардың өздері шындығында ради­кал­ды ұлтшылдар еді. Оның үстем топтары англосаксондық тектілігін қызғыштай қо­рып, тіпті өздеріне ең жақын Уэльс пен Ир­ландиядан шыққан­дарды да төмен санап келді. Демократиялық ұстанымдамыз деп есептейтін француздар да Галл тай­па­ларының ұрпағымыз деп, бас­қа отан­дас­тары­нан өздерін жоғары ұстады. Демо­кра­тия­ның кепілі ретінде либералдық жолмен үлгі ретінде қалыптастырылған амери­ка­лық ұлт деп қатты насихатталатын АҚШ бүкіл XIX ғасырда англосаксон протес­тант­тары­ның үстемдігін қамтамасыз ету жо­лын­дағы күрес аренасы болып, одан кейінгі кезеңде де қара нәсілділерді, жалпы африка­лықтар мен азиялықтарды кемсітуді былай қойып, Шығыс Еуропа өкілдерін жатсыну саясатын ашықтан ашық ұста­нып келді. Қа­зіргі уақытта да бұл жағ­дай­дың кейбір кө­ріністері байқалып қалады. Аталған ел­дер­дің барлығында да мәде­ние­ті мен тілі үс­тем­діктегі топ сол ұлттың, оның мүддесін қамтамасыз еткен негізгі доминант ретінде өзге топтарды не то­лықтай ығыстырып, немесе ыңғайына қа­рай икемдеп, қатарын нығайтты. Бұл үде­рістер күрделі жағдайда әртүрлі сілкіністер, немесе компромистер арқылы шешімін тапты, ал кей жағдайда бұқпалы, бүр­кемелі сырттай тыныштық, іштей ма­за­сыздыққа ауысты. Осындай ішкі және сырт­қы қайшылықтар кейбір зерттеушілер «ұлтшылдық дәуірі» деп атаған ХХ ға­сыр­дағы екі дүниежүзілік со­ғыстардың шығуына ықпал етті. Тіпті ұлы қазан төң­керісіне де Ресейдің ішкі ұлттық сая­сатында еврейлерді шеттетудің әсері болды деген пікірді мүлде негізсіз деуге болмайды. Ұлттардың қалыптасуы қо­ғам­ның тарихи дамуының нә­ти­жесі деп қарастыратын пі­кірлерге қа­ра­ма-қарсы көз­қарас: ұлт әлми­сақ­тан адамзат тари­хы­ның бас­тауынан бері болып келеді деген пікірді ұс­танады. Бұл көз­қарас діни сенімдермен тығыз бай­ла­нысты және халықтың ұғы­мы­на сіңіс­ті: ұлт ата-тек, қан­дастық (қа­зір­гі ұғым бо­йын­ша генетика­лық) тұтасты­ғын білдіреді, яғни ұлттың этностық табиғи түсі­ні­гіне негізделген. Мұндай ұғым­ның клас­си­калық үлгісі – еврей­лер­дің өздерін құ­дай­дың ерекше мейірімімен ең сүйікті пенделері ретінде жаратқан деген ұста­ны­мы. Соңғы ғасыр­ларда бұл бағыт нәсіл­шіл­дікке, ұлт­тық ерекшеленуге негіз бол­ды. Бұған не­міс­тердің арийлік асыл тектілігін наси­хат­таған фа­шизм­нің, немесе таза славян текті православие дінінің аясын­дағы қасиетті орыс ұлтының өкілдерінен басқа­лар­дың ұлы Ресейге иелік ету құқығы жоқ деген ұлы орыс шовинизмі мысал болады. Енді ұлтшылдық, саяси тілмен сыпа­йы­лап айтқанда, ұлттық идеология қандай ұғым? Соған келейік. Кеңестік насихат бойынша ұлтшылдық өте бір жағымсыз құбылыс деп есептеліп, мұндай жаман ат­қа ілікпес үшін ұлтжандылық деген бүр­кеніс атты қолдануға ниеттенгеніміз белгілі. Ұлт­шылдық пен патриотизм мағынасы бір тақылеттес ұғымдар. Ұлтшылдық өте күр­де­лі әлемдік құбылыс ретінде бүкіл адамзат тіршілігі мен халықаралық сая­сат­­тың өзегі болғандықтан, оның ашық және құ­пия, теориялық және практикалық жақ­та­ры бар. Оның әрбір мемлекетте, заманына қарай өзіндік қырлары мен сырлары мол. Бір уақыттарда теоретиктер ұлтшыл­дық қашан, қайдан пайда болды, оның шығу төркіні қандай деген мәселелерді қау­жап келсе, Эрнст Гелнер «ұлтшылдық ар­қылы ғана ұлт қалыптасады, ұлтшыл­дық ұлтты тудырады, тіпті де керісінше емес» деп тұжырымдады. Бұл бағыттағы п­ікірталастар «тауық бұрын жаратылды ма, жұмыртқа бұрын болды ма?» деген қалжыңға бергісіз ғылыми дискуссияны еске түсіреді. Соны­мен, ұлтшылдықсыз ұлт қалыптаспайды, ал ұлтшылдығын жо­ғалтқан ұлт өзін-өзі сақ­тай алмайды. Бұл қарапайым ақиқат ешбір дәлелдеуді керек етпесе керек-ті. Қазақтың ұлт болып қалыптасуы қай деңгейде деген мәселеге келсек, жоғарыда келтірілген екі теория бойынша да біз то­лыққанды ұлтпыз. Әлмисақтан қазақ деген халық бар. Ол ұлттық мемлекет де­ң­ге­йінде, қазақ хандығы ретінде тарих сах­насында болған. Жаңа заманда формальді түрде болса да ол одақтас республика ретінде КСРО құрамында мемлекеттік атри­буттарын қа­лып­та­стырды. Ал екінші теория бойынша, тиісті әлеуметтік-қоғамдық сатылардан өту шарты да бар. Феодализмнен бірден социализмге өтіп, оның ыстық-суығын түгелдей бастан өт­кізіп, қайтадан капитализмге шегініп, оның да қызығын көрдік. Бұл форма­ция­лардың ұлтты қа­лып­тастырудағы рөлі қоғамдық қатынас­тар, экономикалық жағ­дай­ға ғана қатысты емес, бұл кезеңде қоғам­дағы оқу-ағарту ісінің даму дәрежесі де маңызды. Аллаға шүкір, бұл жағынан да қа­зақ баласы кенде емес, сауаттылық, білім деңгейі бойынша жетістіктеріміз баршылық. Ұлт болып ұйысудағы тағы бір елеулі мәселе – азаматтардың өздерін сол ұлттың өкілі ретінде сезініп, тануы (ұлттық идентификация). Бұл жағынан да тілін ұмы­тып, діннен мақұрым қалған қандас­тары­мыз­дың өзі де, аса бір шектен шық­қан­дары болмаса, өзін қазақпын деп есептеуден қалған жоқ. Ондайлардың басқа бір ұлтқа сіңісіп кету мүмкіндігі де қазіргі таң­да шектеулі, өйткені, ұлттың қалып­тасуы, жеке адамдардың ұлттық идентифика­ция­лануы жай ғана ерік-жігермен шешілмейді. Ендігі жерде жаңа бір ұлттың пайда болуына қажетті тарихи жағдай жоқ, ал жеке адамның өзге ұлттың толыққанды мү­шесі бола қоюы да күмәнді. Заң арқы­лы азаматтық пен азаматтық құқықты ғана бел­гілеуге болады. Азаматтық құқықтың өзі ұлттық мүдденің көлеңкесінде қалып жа­тады. Ұлтына қарамай барлық аза­мат­тар­дың тең құқықтығы заң жүзінде жа­рия­­ланғанымен, іске асырылуы әр елде әр деңгейде. Кейбір жағдайда азаматтық құ­қық­­тардың ұлтына бай­ла­ныстылығы ашық көр­се­ті­ле­ді. Мысалы, Израиль конс­титу­циясы бойынша бұл ел еврейлердің, тіпті Израильде тұратын­дары­ның ғана емес, бүкіл дүние жү­зіндегі еврейлердің мем­­лекеті. Израильдегі халық­тың 20%-ын құ­райтын араб­тар және заң талабы бо­йынша иврит тілінде сөйлей­тін, бірақ еврей екенін дәлелдей ал­ма­ған 5% болатын бас­қа­дай тұр­ғын­­дар аза­мат­­тық құ­­қықтан жұр­дай. Сонымен, ұлтшыл­дық бол­маса халық то­лық­­қан­ды ұлт болып, ұлт­тық мемлекетін құра алмайды. Ұлтты қалып­тас­ты­ра­тын да, оны сақ­тайтын да негізгі фактор – ұлтшылдық. Кез келген мемлекет – қан­дай саяси жү­йе­мен басқарыл­са да шын­туай­тында ұлт­тық мемлекет. Мемлекет ап­параты ұлттық мүддені, ең алдымен, мемлекет құ­рау­шы ұлттың мүд­де­сін қорғауға қызмет етеді. Де­мократиялық елдерде азшы­лықтағы ұлт­тар­дың құқығына кепілдік беріліп, оларға қам­қорлық жасалады, сонда да негізгі ұлт­тың мәдени-тілдік басымдылығы қорға­ла­ды. Түп­тің түбінде әр ұлт өз жағда­йына бай­­ланысты ұлттық мүд­десін айқын­дап, оны іске асырады. Ұлт­тың барлық іс-жігері осы бағыт­қа жұ­мылды­ры­лып, мемлекеттік жүйе арқы­лы орындалады. Дүниежүзі­лік тәжіри­бе­де, жал­пы заңдылық болғаны­мен, әр ұлт­тың өзі­не тән жағдай­ларына сәйкес ұлттық мүд­делері де, оларды іске асыру жолдары да өзгеше болып келеді. Бұл факторлар ғылы­ми тұр­ғы­дан жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Әлемнің көптеген елдерінде мұндай зерттеу­лер­дің мол тәжірибесі жи­нақталып, зерттеу әдістемелері қалып­та­сып, нәтиже­лері тиісті саяси күш­тердің іс-әрекеттеріне негіз болып отыр. Қазақ халқының қалыптасуына да ұлт­тық мемлекетінің құрылуы мен ұлттық идео­логиясы шешуші рөл атқарды. XV ға­сыр­дың екінші жартысында пайда болған қазақ хандығы әртүрлі рулардың басын қосып, бір орталыққа топтастырылды. Қа­зақ хандығы халқымыздың бытыраңқыл­ық пен феодал­дық бөлшектенуіне қарамастан, өз тарихын­дағы ең ауыр сын – 200 жылдық Жоңғар хан­дығымен болған соғыста негізінен ұлттық мүддеге негізделген халқының біртұтастығы нәтижесінде жеңіске жетті. Алып көршілері Ресей мен Қытайдың арандатушылығымен екі қуатты көшпелі мемлекет бұл соғыстың нәтижесінде бірі мүлде жойылып, екіншісі әлсіреп, отарлық тәуелділікке ұшырады. Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасуы – Алтын Орданың ыдырауының нәтижесі. Енді бұл кеңіс­тікте жаңа Ресей империясы бой көтерді. Алтын Орданы құрған моңғолдар өздері жергілікті халыққа сіңісіп, тілдері түркі­ле­ніп, кейіннен ел билеуші топтары ислам дінін қабылдады. Ресей империясында ұлт­тық қатынастар мүл­­­д­ем басқаша қа­лып­тасты. Бастапқыда стра­тегиялық бағыттарда әскери бекіністер са­­лынып, онда тұрақты әскермен қатар, ка­зак-орыстар орналастырылса, кейіннен ішкі Ресейден қазақ жеріне жаппай қоныс аудару басталды. Соңғыны ғылым «крестьяндық отар­лау» деп атайды. Отарлық саясат өте күш­ті қарқын алып, қазақтың болмыс тіршілігі тығырыққа тірелген сәтте Алашорда қо­з­­ғалысы ұлттық мүддені қорғау мақса­тын­да әрекет ететін бірден-бір күш болды. Алаш­ор­дашылар қазан революциясынан кейінгі күрделі жағдайда басқа мәселелермен қатар, Қазақстанның қазіргі территориясын белгілеуге көп күш салып, айтарлықтай нә­ти­же­лерге қол жеткізді. Өмірі өте қысқа болған Алашорда үкіметінің негізгі бағдар­ла­­масы қазақтың ұлттық мүддесін қорғау еді. Сонымен, қазақ халқының тарихын­дағы ең шешуші кезеңдер XV ғасырдағы қа­зақ хандығының және жаңа дәуірдегі Қазақстан Республикасының пайда болуы тиісінше екі империяның, біріншісі – моң­ғолдар құрған Ал­тын Орданың, екіншісі – іс жүзінде Ресейдің иелігінде болған КСРО-ның ыды­рау нәтижесі еді. Бірінші империя кезінде қазақ халқы қалыпта­суы­ның алғышарт­тары жасалса, екінші империяда Ресейдің отарлық саясаты қазақтың ұлттық ерекшеліктерін жоюға бағытталды. КСРО-ның құрамындағы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы, оның ал­дын­дағы автономиялық республика деко­ра­­циялық сипатта болса да, қазақ қоға­мы­ның мүддесіне аз да болса септігін тигізді. Бұл құрылым­дар­да социализм идеоло­гия­сы негізінде орта­лық­тандыру (шын мә­нін­де отарлау) саяса­ты­на негізделген мәдени-ағарту, сонымен бірге, ұлт тіршілігіне бай­ланысты кейбір мәселе­лер­ді шешу тетігі болды. Бұл кезеңде қолдан ұйымдас­ты­рылған ашаршылық, яғни геноцид, саяси қуғын-сүргін, дүниежүзілік соғыс­тың ауыр зардабы, тың көтеру науқаны ар­қы­лы жүргізілген жаппай орыстандыру сая­саты – осының бәріне қарсы тұрар қау­қары болмаса да, қазақ қауымы өзіне берілген тежеулі бол­са да мемлекеттік атрибуттарын пайдала­нып, әрекет тіршілігін жасады. 60-70-жыл­дары халқымыз жалпы сауат­ты­лыққа қол жеткізіп, жоғары білімділер қа­тары молайып, ұлт­тық интеллигенция қо­ғам­дағы елеулі фак­торға айналды. Тарих­шы­ларымыз бен заң­гер­­лері­міз және жазу­шы­ларымыз қоғамн­ың ұлттық-патриоттық сезіміне оң әсерін тигізді. Сонымен, қазақ қазақ болғалы еш уа­қыт­та да оның ұлттық санасы өшкен жоқ. Тек әрбір тарихи кезеңде ұлттық сананың деңгейі, оның қоғамға ықпалы әртүрлі бол­ды. Ұлттық сананы қалыптастыруда әуел баста билер институты шешуші рөл ат­қар­ды. Қазақ хандығы кезінде билер қа­зіргі за­ман­дағы парламентпен тақылет­тес еді. Хан­дық биліктің жойылуына байла­ныс­ты бұл институт та жойылып, халық­тың ба­сы­на қа­ра түнек орнаған заманда Абай сияқты бір­лі-жарым ойшыл даныш­пандарымыз жан­­­ған шырақтай болса да ұлт санасына сәуле­сін түсірді. XIX ға­сыр­дың соңы мен XX ға­сыр­дың басындағы ағартушылықтың нәти­же­сінде аз санды қазақ интеллиген­циясы қа­лыптасып, олар­дың арасынан ұлт мүд­десіне жан-тәнімен берілген, осы жолда өмірлерін құрбан еткен білімді де саяси сауатты азаматтар шық­ты. Қазақ халқының сақталып қа­луын­дағы, оның шын мәнінде ұлт болып ұйысуындағы бұлардың атқарған істерінің орнын анықтап, нақты бағасын беру – қазіргі және болашақ ұрпақтың боры­шы. Бұл зиялы буын біздің ұлттық рухы­мызды орнықтырды. Қазіргі қазақ интеллигенциясы – қа­тары мол, көп санды қауым. Олар – әртүр­лі ма­мандық пен ғылым салаларының өкілдері. Дегенмен, қоғамдық-гумани­тар­лық салада іргелі білімі, жоғары ғылыми атағы бар зиялылар ұлттың мүддесі үшін қандай еңбек етіп жүр деген орынды сұрақ туады. Бүгінгі күні халқымыздың алдында тұр­ған үлкен тарихи жауапкершілік – мем­лекетіміздің, оның билік жүйесінің ұлттық мүдденің берік қорғаны болуын қамтамасыз ету. Басқа ұлт өкілдерін маңымызға топтас­тыруға ұйытқы болу үшін өзінің ұлттық санасын, саяси әлеуетін, экономикалық белсенділігін арттырып, тілі мен мәдениетін қо­ғамдық өмірдің негізгі факторы дәре­жесі­не көтеруі керек. Өткен уақыттағы жағдай­ларға байланысты әртүрлі салада өзінен озып кеткен ұлттар өкілдерімен арақаты­на­сын­дағы бәсекелестікті күншіл­дікке айнал­дыр­май, зайырлы жолмен реттеп, тіпті олар­дың жетістіктерін ортақ игілікке бағыттап, солардың қатарына жетіп, одан әрі дамы­ту­шы күшке айналуымыз қажет. Ұлтаралық қатынастар­дың негізі болып табылатын бұл үдерістер эмоцияға жол бермей, тиісті ұйымдар арқы­лы ымы­рашылдықпен белгіленген заңдық акті­лер негізінде ұлттық мемлекетіміздің рес­ми органдары арқылы реттеліп, бас­қарылуы керек. Кемелденген тәуелсіз елдерде ұлт мүддесіне қатысты факторлар арнайы ғы­лы­ми орталықтарда жан-жақты зерттеліп, мемлекет саясатын бағдарлауға қызмет етеді. Қазақтың ұлттық мүддесін қамтамасыз етудің маңызды материалдық негізі – ұлан-бай­тақ жеріміз бен оның қой­науын­дағы ұшан-теңіз кен байлықтарын өз игілігімізге жарату болса, рухани тұрғыдан тарих сахна­сында сақталуымыздың кепілі – ана тілі­міз­дің мемлекеттік мәртебесін іс жүзінде ор­нық­тыру. Қазіргі үш тұғырлы тіл саяса­ты­ның іргетасын қазақ тілі қа­лауы керек. Бала­ның тілі өз тілімізде шы­ғып, нәтижесінде ойлау қа­бі­леті осы тілге негізделуі шарт. Сана-сезім ой­лау жү­йесімен тікелей байла­ныс­ты, ал тіл ойды жеткізу құралы екені белгілі. Адамдар­дың көпші­лігі бір тілді ғана еркін меңгере ала­ды, ал екін­ші тілде ондай дәре­жеде сөй­леу­­ге ой-өрі­сінің мүмкіндігі шектеулі. Ин­тел­лектісі кемелденбеген жанның қан­ша ты­рыс­са да ал­ғашқы игерген тілінің тұсауынан босана ал­май­тынын қазіргі шала­­қазақ атан­ған қан­дас­та­­рымыздың тір­шілігінен көріп жүр­міз. Бұ­­рынғы шала­қазақтар басқа ұлттың қаны ара­ласса да қазақтың тілі мен салт-санасын то­­лық игерген шынтуайтында нағыз қазақтар еді. Үш тұғырлы тілдің екінші тармағы орыс тілі болса, оны меңгеруге үгіт-наси­хаттың, сая­си декларацияның, арнайы іс-шараның ешбір қажеті жоқ. Орыс им­периясының, Ке­ңес Одағының, қазіргі Ресейдің идеология­лық аппарат, білім беру, ақпарат тарату жү­йе­лері арқылы біздің тілдік кеңістігіміз то­лық­тай онымен отар­ланған. Бұл кеңістіктен өз ор­нын ал­ма­йынша, қазақ тілінің көсегесі көгермейді. Үшінші тіл – ағылшын тілінің жаһа­дану дәуіріндегі рөлін түсіндірудің қажеті жоқ. Жастардың болашағына кең жол ашу үшін бұл тілді меңгеруге көпшіліктің қолжетімділігін қамтамасыз ететіндей арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет. Сонымен, ұлтшылдық – әрбір саналы адам­ға тән патриоттық қасиет. Ұлт ұлт­шыл­дық арқылы қалыптасады, сақталады және ұлт­тық мемлекетінің саясаты нәти­жесінде дамиды. Тілеуберді САЙДУЛДИН, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі.