Президент • 18 Наурыз, 2017

Елбасы тозаққа және жұмаққа барған кәсіпкер туралы аңызды мысал етті

323 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Кеңес Одағымен бірге Еуропадан қырық жылға артта қалғанын, әлемдік аренада өз орнымызды алу үшін көп еңбектену керектігін айтты.

Елбасы тозаққа және жұмаққа барған кәсіпкер туралы аңызды мысал етті

«Біздің бірнеше ұрпақ Кеңес Одағының ықпалымен өмір сүрді. Ол кезде барлығы жоспарлы болды. Адам дүниеге келеді. Балабақшаға барады. Комсомол болады. Оқиды. Диплом алған соң жұмысқа орналасады. Үй алады. Өмір бойы бір жұмыс орнында істейтін. Ал қазір жағдай өзгерді. Экономика да өзгеріп отырады. Яғни, кәсіпорындар тұтынушының қажеттіліктері мен сұраныстарына қарай жұмыс істейді», деді журналистермен әңгіме кезінде Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 80 елге тауар экспорттайтынын, оның көп бөлігі шикізат екенін айтты.

«Қазір жеңіл өнеркәсіп пен азық-түлік тауарлары да экспорттала бастады. Бірақ жұмыс істеу керек. Осы ретте білім мен ғылым мәселесі туындайды. Біздің өнім бәсекеге сай болуы үшін жаңа технологияларды үйреніп, әлемдік жағдайды зерттеу керек. Үнемі іздену қажет», деді ол.

Президент Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдауға барлық жағдай жасалғанына тоқталып, елімізде бизнес пен мемлекет бір-біріне көмектесу арқылы жақсы табыс таба алатынын айтты. Осы ретте ол Құдаймен кездескен кәсіпкер туралы әфсананы мысалға келтірді:

«Мол байлыққа жеткен, адамдарға көп көмектескен кәсіпкер өмірден өтіпті. О дүниеге барғанда Құдай оған сый жасамақ болады. «Мен саған бірінші тозақты, екінші, жұмақты көрсетейін. Сосын біреуін таңдайсың» дейді. Ол тозақты көруге барады. Онда дастархан жайылып, үсті сан түрлі дәмді тағамдарға толып тұр екен. Бірақ ондағылар шулап, ешкім ешкімді тыңдамайды екен. Байқаса, күнәсі үшін Құдай олардың қолы бүгілмейтіндей етіп қойыпты. Сөйтіп, олар тамақтана алмайды екен де бір-бірімен ұрсысады екен. Сосын бизнесмен жұмаққа барып көріпті. Жұмақта да дастархан жайылып тұр екен. Бірақ ондағы адамдар тойып алып, зерігіп отыр екен. Мұны көрген кәсіпкер «Мені тозаққа жіберіңіз» депті. Неге жұмақты таңдамағанын сұрағанда ол «Мен тозақтағыларды тік қолдарымен бір-бірін тамақтандыруды үйретемін» деп жауап беріпті. Ол ұлы бизнесмен болған. Біреуге бірдеңе беру арқылы ала аласың», — деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар