22 Сәуір, 2011

Наз

461 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ұлтымыздың жадынан да, тұр­­мысынан да ысырылып бара жат­қан салт-дәстүрлерді тірілтіп, ол жайында том-том кітаптар шыға­рып зерттеген этнограф, жазу­шы-сатирик Сейіт Кенжеахметов те дүниеден озды. «Егемен Қа­зақ­стан» ел газеті деген атына лайықты арысын жоғалтқан ха­лыққа көңілін айтып, жазу­шы­мен қоштасты. Ал еліміздегі теле­арналар мен радиолар үнсіз қал­ды. Өткенде Людмила Гурченко көз жұмғанда бірінен бірі озып, таласа эфирден орын берген электронды БАҚ-тардың осы жолы үнсіз қалуы қалай? Топырағы торқа болғыр, Гурченко, әрине, мықты дарын иесі, бірақ ол дәл қазақ баласы үшін Сейіт Кенжеахметовтей еңбек етпегені айқын ғой. Арыстай аза­маттың, ұлтына әлі де берері мол қаламгердің келместің кемесіне мініп, бақилық сапарға аттан­ғанын елемеген әріптестерімізге не айтуға болады? «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін» демейтін бе еді. Өзіміздің арда­ғымызды бағалай білейік деген ой ғой айтпағымыз. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.