22 Сәуір, 2011

Үш ауылды асыраған...

498 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Табиғаты тамылжыған Зырян ауданында Николай Шапорев деген іскер азамат бар. Семей малдә­рігерлік институтын зоотехник мамандығы бойын­ша бітірген ол «Соловьев» кеңшарында бас зоотехник қызметін атқарып, осыдан 14 жыл бұрын шаруа қожалығын құрып алды. Әкесі Николай Шапорев Үлкен Нарын ауданының тумасы, көрші ауданда және Зырян өңіріне ерекше еңбегі сіңген ол осыдан бірнеше жыл бұрын дүниеден озды. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, баласы оның бай тәжірибесі мен үлгілі ісін ізденімпаздық танытып жалғастыруда. Жақында Н.Шапоревтің жұмысымен танысу үшін Ленин ауылына бет алдық. Жанымызда облыс­тық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов, Зырян ауданы әкімінің орын­басары Нұржан Тоқсейітов бар. Биік таулар әлі қар құрсауында жатыр. Бірер күннен бері ауа райы күрт жылығаннан соң тау беткейіндегі қар тез еріп, төмен қарай сарқырап ағып жатыр. Тіпті жолға дейін жақындап, жер мибатпаққа айналған. Николай Николаевич үшін жолдың бұзылғаны қиыншылық ту­ғыз­байтын сыңайлы, астындағы «джипін» ұршық­тай иіріп, зулап келеді. – Өзім Соловьев ауылында тұрамын. Бірақ мына жолдағы Подорленок және Ленин бөлімшелеріндегі тұрғындардың барлығы менің қожалығымда еңбек етеді. Жұмыс табылмаған соң тұрғындардың көпші­лігі басқа жаққа көшіп кетті, ал қалғандары механизатор, малшы болып еңбек етеді, жалақылары жаман емес, 30-40 мың теңге алады, ал егін орағы кезінде комбайншылар жүз мың теңгені еркін қаратады, – деді жол үстінде қожалық төрағасы. Жиырма шақырым жердегі Ленин ауылына келдік. Қатар-қатар орналасқан қоралар ірі қара, жыл­қыға толы. Қожалық төрағасының пысық, жұмысқа ебі бар екенін байқағанбыз, соның дәлеліндей жа­бық қоралар маңындағы таудай болып үйіліп жатқан он шақты мая шөпті көрдік. Жем-шөбіміз еркін жетті, тіпті көршілерге де қарастық. Қар еріп, жерге көк шыққаннан кейін жылқы, ірі қараны өріске шыға­рамыз, деді Н.Шапорев емен-жарқын. Жем-шөп мол, күніне рацион бойынша бірнеше кило жем жеген малдың қоңы жақсы. Қазір қожа­лықта 8 мың гектар жайылымдық, оның ішінде 3,2 мың гектары егістік, үш жүзге тарта ірі қара, төрт жүздей жылқы бар. Қазақтың ақбас сиыры етті мол береді, сондықтан Н.Шапоревтің қожалығы ет өнім­дерімен аудан және қала тұрғындарын қамтамасыз етіп тұрады екен. – Әттең жер көлемі аз, сондықтан мал басын көбейтуге мүмкіндік жоқ, – дейді қожалық төр­аға­сы. – Қосымша жер бөлу жағын ойластырып кө­рей­ік, – деді аудан әкімінің орынбасары Н.Тоқсейітов. Соңғы жылдары қожалық төрағасы «Қазагро­қар­жы» арқылы бірнеше жаңа техниканы сатып алып­ты. Банктен несие алмай төте жолмен техникаларын жа­ңартып жатқан азаматтың бұл ісі мақтауға тұ­рарлық. – Банктер қанды теспей сорады, сондықтан еліміздегі бірнеше қаржылық құрылымдар арқылы қаржы алып, жағдайларын реттегендер ұтады. Осы жолы ауданға жеті бірдей құрылым басшыларын ертіп келдік. Міне, солардың көмегі бізді тұйықтан алып шығады, – деп әңгімеге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов араласты. – Біраз уақыт бұрын үш «Вектор» , үш «Енисей», бірнеше «Нива» комбайндарын лизингіге алдық. Қазір техникаға қарызымыз жоқ, оның үстіне 12 шынжыр табанды, бірнеше «Беларусь» тракторы, К-700 тракторымыз бар. Жұмысшыларды өз автобусымызбен асханаға апарып, тегін тамақ береміз, Соловьевтегі орта мектепке демеушілік жасап тұрамыз, басқа да спорт шараларына көмегімізді береміз, – дейді қожалық төрағасы. Спорт десе Николай Шапорев елеңдей қалады. Ол қазір бірнеше жүйрік сәйгүліктерді баптауда. «Дончак-2», «Красавчик», басқа да сәйгүліктер ау­дандық, қалалық және облыстық жарыстарда үнемі топ жарады. Асыл тұқымды жылқылары өз алдына бір төбе. Былтыр Н.Шапоревтің қожалығы егістіктің әр гектарынан 22,4 центнерден өнім алыпты, биыл да сол межеден түспейміз деп отыр. – Николай Шапорев сияқты іскер, білімді де білікті азамат ауданымыздың мақтанышы. Ол үш ауылдың тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуде. Оларға еліктеген жастар да ауыл шаруашылығына бетбұра бастады, – деді Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімов. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы,  Зырян ауданы. –––––––––––– Суретте: Н.Шапорев жүйрік атымен.