22 Сәуір, 2011

Ықшам елдің үлкен мүмкіндіктері

579 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Эстонияға мемлекеттік сапары екі жаққа да тиімділік әкелетін болады Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Украина астанасы Киев қаласынан Эстонияға екі күндік мемлекеттік сапармен келді. Бұл Қазақстан басшысының кезектен тыс президенттік сайлауда қайта сайланғаннан кейін Мемлекет басшысы ретінде шетелге тұңғыш сапары еді. Қазақстан Президентін Кадриорг сарайында Эстония Президенті Тоомас Ильвес жұ­байы­мен қарсы алды. Салтанатты қар­сы алу рәсімі сарайдың алдын­дағы шағын алаңда атқарылды. Одан кейін Н.Назарбаев Эстония Президентінің бастауымен са­рай­ға еніп, тарихи ғимараттың Құр­мет­ті қонақтар кітабына қол­таң­басын қалдырған соң, келіссөз болатын залға өтті. Осы жерде мемлекет басшылары мемлекеттік наградалармен және сый­кә­де­лермен алмасты. Қазақстан Президентіне Эстония Рес­пуб­ли­ка­сы­ның шетелдік мемлекет бас­шыларына берілетін «Мария же­рінің кресі» ордені табыс етілді. Содан кейін президенттер шағын құрамдағы келіссөзге отырды. Эстония астанасы көктем шуа­ғына бөленіп, жайнап тұрған жоқ, керісінше, күн бұлыңғыр, ауа райы біршама салқын болды. Осының өзі, тіпті, Еуропа ауқы­мымен алғанда да шағын мемлекет саналатын, бірақ ештеңеге елігіп-желігіп кетпейтін, барын­ша салқынқанды, өз ісіне мығым кішкентай халықтың үлкен сы­рын паш етіп тұрғандай. Эстония Еуропа құрлығының солтүстік-шығысында, Балтық теңізіндегі Фин шығанағының жағасында орналасқан. Халқының саны 1,3 млн. адам, жер көлемі 47,5 мың шар­шы шақырым. Халқының эт­ностық құрамын айтар болсақ, 69 пайызы эстондар, 21,6 пайызы орыстар, 2,1 пайызы украиндар және басқалар. 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап Эстонияда ақша бірлігі ретінде еуро енгізілді. 2004 жылдан бастап Таллинн Еуроодақтың және НАТО-ның то­лыққанды мүшесі қатарына өтті. Ал 2010 жылдың аяғында Эс­тония Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) толыққұқылы мүшесі болды. Бұл ұйымға ену үшін Эстония 14 жыл бойы дайындық жұмыстарын жүргізген еді. Сөй­тіп, халық арасында «бай ел­дер­дің клубы» делінетін ұйымға өткені Эстонияның экономика­лық саясатының дұрыс жолмен жүргізіліп келе жатқанын көр­сет­ті және оның халықаралық аренада беделін өсірді. Бұл Эсто­ния­ның инвестициялық тартым­ды­лы­ғын да арттырып, оған деген сенімді еселей түсті. Швей­ца­рия­ның халықаралық бизнес мек­те­бінің бәсекелестікке қа­білеттілік рейтингі бойынша Эстония был­тыр бұрынғы 35-ші орыннан 33-ші орынға көтерілді. Ал «Heri­tage» қорының эко­номикалық еркіндік индексі бойынша 179 мем­лекеттің ара­сынан 16-шы орын алды. Бұл – кеше ғана әкімшіл-әміршіл жүйе­мен жүргізілген эко­но­микамен отырған ел үшін өте үлкен жетістік. Елдің жан басына шаққанда­ғы ІЖӨ-і 2010 жылы 14 000 АҚШ долларын құрады. Дағда­рыс­қа қарсы жасалған шаралар да нәтижелі болып, эконо­ми­ка­ның былтырғы жылғы өсімі 3,1 пайыз құрады, ал 2011 жылғы өсім 4,4 пайыз болады деп болжануда. Еуроодақ сарап­шы­лары­ның болжамы бойынша, Таллин­нің дағдарысты табысты еңсеруі­нің сыры «эстонның өндіріске не­гізделген икемді әрі өміршең экономикасында» болып отыр. Енді дағдарысты еңсеру жолын­дағы кейбір шараларын айта кетер болсақ, үкіметтің бюджетті оңтайландыру бойынша жасаған істері өзінің игілікті нәтижесін берді. Әрине, таяқтың екі ұшы болғаны сияқты, бюджетті оң­тай­ландырудың нәтижесінде Эсто­ния 27 Еуроодақ елдерінің ара­сында әлеуметтік салаға ең аз қаражат бөлетін ел болып отыр. Соның кесірінен жұмыссыздық та өсе түсуде. Сонымен бірге, үкімет тұрып қалған тауарлар мен қызметтерді сыртқа өткізу үшін экспортерлер­ді қолдайтын арнайы бағдарлама қабылдады. Осы бағдарламаны то­лық орындау үшін бюджеттен үстіміздегі жылы да 86 млн. еуро бөлінгелі отыр. Осы аймақтағы кейбір елдердің экономикалары ішкі рыноктағы өз сұраныстарын толығымен қанағаттандыра ал­май­ды. Әсіресе, посткеңестік рес­публикалар экономикасында осындай үрдіс орын алуда. Ал Эстонияда, керісінше, эконо­ми­ка­ның ұсыныстарына әлсіздігі се­бепті ішкі сұраныс сәйкес келе алмай, экономиканың дами тү­суі­не қолбайлау болуда. Осыны ескере келе, Эстония үкіметі был­тыр сыртқы рынокқа акциялар сатуды арттыру арқылы сыртқы сұраныс көлемін өсіруге қол жеткізді. Бұл да экономиканы жан­дан­дырудағы тиімді шара­лары­ның бірі болды. Еуроодақ сарап­шы­ларының пайымынша, Эсто­ния­да дағдарысқа қарсы жүргі­зіл­ген реформалар мен шаралар Орталық және Шығыс Еуропа елдеріндегі ең үздігі. Эстония ІТ-технология саласында да үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Сыртқы саясатында Эстония АҚШ-пен тығыз ынтымақтасуға басымдық береді. Әсіресе, энер­ге­тика, кибернетикалық қауіп­сіз­дік және дағдарысты еңсеру ба­ғыт­тарында ол Ақ үймен тығыз ын­тымақтасқан. Таллинн өзінің Ва­шингтонмен жақындығын қауіп­­сіздігінің кепілі деп баға­лай­­тынын талай жерде жа­рия­лаған. Ал аймақтағы елдер ара­сында Эстония Финляндиямен саяси да, экономикалық та ын­ты­мақтастық белсенділігін арттыра түсуде. Орталық және Шығыс Еуропа елдері арасынан дәстүрлі түрде жақыны болып табылатын Латвия мен Литвадан басқа Поль­шамен арадағы қарым-қа­тынасты терең­детуге ынталы. Сондай-ақ Чехия, Словакия, Венгрия, Хорватия және Болгариямен арадағы ынты­мақтастығын дамытуда. Ресей Федерациясы­мен арадағы қарым-қатынас прагматизм мен эконо­ми­калық мүдделілікке негізделген. Дегенмен, 2010 жылы екі ел ара­сы жақындай түсті деп айту қиын. Соңғы кездері Эстония ын­ты­мақтастықтың азиялық векторын жандандыруда. Соның дәлелі ретінде алдымен Қытаймен бай­ла­нысын айтуға болады. Аспанасты елі де өзінің Нинбо және Эсто­нияның Таллинн порттарының ара­­сындағы ынтымақтастықты да­­мы­­туды көздейді және Эстонияда логистика орталығын ашсақ дейді. Эстонияның Азиядағы эконо­ми­калық ынтымақтастығын терең­де­тіп, саяси үнқатысуын арттыр­ғысы келетін елі Қазақстан болып отыр. Осы мақсаттармен Астанаға 2008 жылы Сыртқы істер министрі У.Паэт, 2010 жылы Премьер-министр А.Ансип ресми сапармен келген еді. Енді Эстония Президентінің шақы­руы­мен Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен барып отыр. Бұл сапарға эстон жағы үлкен мән беруде. Президент келмес бұрын Эстонияның жетекші БАҚ-тарында Қазақстан туралы, оның экономикасы мен саяси ұстанымы жайлы кеңінен са­раптамалық мақалалар берілген. Олардың әділетті көзқарас­пен жазылғаны да көрініп тұр.       Таллинн көшелеріне жиі қа­тармен ілінген Қазақстан мен Эсто­ния­ның ұлттық жалаулары мен басқа жарнамалар да елдің Қазақстан басшысының сапары­на зор ма­ңыз бергенін айғақ­тайды. 2010 жылдың қорытындысы бойынша екі мемлекет арасын­да­ғы тауар айналымы 74,5 млн. дол­лар ғана болды. Эстон капи­та­лының қатысуымен Қазақстанда 26 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Олар экономиканың әртүрлі саласында жұмыс істейді. Ұлт­тық Банктің мәліметіне қара­ған­да, 2001-2010 жылдары Эстония­дан Қазақстанға келген тікелей инвестиция көлемі 16,6 млн. дол­лар болыпты. 2011 жылғы ақпан айында «Халықаралық Ақтау те­ңіз порты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Эсто­ния­ның «Таллинн порты» мемлекеттік мекемелерінің арасында теңіз та­сымалын дамытуды мақсат еткен өзара ынтымақтастықты арттыру туралы келісімге қол қойылған. Шағын құрамдағы кездесу аяқ­талған соң келіссөз кеңей­тіл­ген құрамда жалғасты. Оның қо­рытындысы бойынша үш құ­жат­қа қол қойылды. Соның ішінде Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Назарбаев пен Эс­то­ния Республикасының Президенті Т.Ильвес Бірлескен мә­лім­демеге қол қойды. Онда тараптар халықаралық ұйымдар мен қа­был­данған құжаттар шеңбе­рін­де­гі ынтымақтастықты тереңдете тү­суді, халықаралық терроризм мен экстремизм және басқа да адам құқықтары мен бостан­дық­тарына, денсаулығына, өміріне зиян келтіретін қылмыс түр­ле­ріне, жаппай қырып-жоятын қаруды та­ратуға қарсы күресте халықаралық күш-жігерді біріктіруді, өзара ын­тымақтастық арқы­лы барлық дең­гейдегі үнқаты­су­ларды көтерме­леп, сауда-эко­номикалық байла­ныс­тарды ұл­ғай­туды және тағы басқа қадамдарды жақ­тайды делінген. Одан кейін Қа­зақстан Сырт­қы істер министрі Е.Қазы­ха­нов пен Эстония Экономика және коммуникация министрі Ю.Партс Қазақстан мен Эстония арасындағы инвес­ти­цияны қор­ғау және қолдау, ал Қазақстан Бай­ланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев пен Эс­тония Ұлт­тық мұрағатының мемлекеттік архи­вариусы П.Пирско мұ­ра­ғат іс­тері саласындағы ынтымақ­тас­тық тура­лы келісімдерге қол қойды. Бұлардан басқа Қазақстанның «Атамекен одағы» ҰЭП бас­қар­масының төрағасы А.Перуашев пен Эстония Сауда-өнеркәсіп па­ла­тасының президенті Т.Луман екі мекеме арасындағы, ал ШҚО әкімінің орынбасары Е.Көшер­баев пен Эстонияның «Eesti Ener­gia AS» компаниясы әкімдік пен компания арасындағы ынтымақ­тас­тық туралы меморандумдарға қол қойды. Соңғы екі коммер­циялық құжаттың қол қойылуына президенттер қатысқан жоқ. Қол қою рәсімі аяқталған соң мемлекет басшылары БАҚ өкіл­дерімен шағын брифинг өткізді. Оны ашқан Эстония Президенті Т.Ильвес алдымен Ливанда кепілдікте ұсталынып отырған жеті эстон азаматының тағдырына тоқ­талып өтті. Екіжақты келіс­сөз­дердің қорытындысы туралы айтқанда, өз елінің Қазақстанның әлемдік тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау жолында көтеріп жүрген бастамаларының бәрін қолдайтынын және жоғары ба­ғалайтынын жеткізді. Ал эко­но­ми­калық ынтымақтастық мәселе­сін­де Эстония Қазақстанның Еу­ро­одақпен байланыстарына қол­дау көрсететінін білдірді. Қазақ­стан Эстонияның порттарын пай­далануға мүдделі, біз екі жаққа да тиімді шартпен бұл ұмты­лыс­ты жақтаймыз. Сонымен бірге, біз электронды үкімет саласында да ынтымақтастықты тереңдету қажеттігіне тоқталдық, деді ол. Сондай-ақ көлік, мәдени-гумани­тар­лық салалардағы ынтымақ­тас­тықтар туралы да айтып өтті. Өзінің сөзінде Қазақстан Президенті Эстония тарапының ша­қы­руын қабыл алып, екіжақты ынтымақтасты тереңдету қажет­ті­лігін ескере отырып, үлкен делегациямен келіп отырғанын мә­лімдеді. Келіссөздер қорытын­ды­сына өзінің риза екендігін жеткізе келіп, Н.Назарбаев Эстонияға Қазақстанды ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде, Еуроодақпен байланыс орнатуда қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Әрине, деді ол, бізге қуат көздерін, ауыл ша­руашылығы, металл, т.б. өнім­дерді тасымалдау үшін Эсто­ния­ның порттары қажет. Бұл өнімдер жаңа рыноктарға шығу арқылы бәсекелестік тудырып, бағаның төмендеуіне әсер етер еді. Одан әрі Елбасы Қазақстандағы индус­трия­лық-инновациялық бағдарла­ма­ға қатысуға эстондық іскер топтарды шақыратынын атап өтті. Ал Эстонияның Астанада елшілік ашу туралы шешімін құп­таймыз. Бізге бір-бірімізді жақ­сы білу үшін жиі кездесіп отыруымыз керек. Сондықтан да мен Президент Т.Ильвесті біздің елге ресми сапармен келуге ша­қыр­дым, деді Н.Назарбаев сөзі­нің соңында. Қазақстан басшысы түстен кейін бірнеше кездесулерге қа­тыс­ты. Алдымен 1792 жылы граф Стен­бокқа салынған ғима­рат­та орна­ласқан Эстония Үкіме­тінде болып, Премьер-министр А.Ансиппен кездесіп, келіссөз жүргізді. Кездесу кезінде Премьер-министр Н.На­зар­баевты пре­зиденттік сайлаудағы тамаша же­ңі­сімен құттықтады. Одан әрі ІТ-тех­нология, элек­трон­ды үкі­мет саласындағы Эстония­ның қол жет­кізген табыстары туралы айтты. Біз осы сала бой­ынша сіз­дердің ма­мандарыңызды шақы­рып, тығыз ын­тымақтастық ор­нату­ға әзірміз, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Кездесу барысында екіжақты ынты­мақ­тас­тықтың көптеген мәселелері тал­қыланды. Үкімет үйінен шыққан соң Президенттің кортежі Эстония Республикасының Парламентіне келді. Мұнда Н.Назарбаев Парламент спикері Э.Эргма ханыммен кездесіп, екіжақты байланыстар­ды, соның ішінде парламенттік ын­тымақтастықты дамыту мәсе­ле­лері бойынша пікір алмасты. Осыдан кейін Н.Назарбаев Азат­тық алаңындағы Жеңіс монументіне гүл шоқтарын қойды. Бұл ескерткіш 2009 жылы Эс­то­нияның ұлттық мерекесі күні ашылған екен. Осы күні кешке Эстония Рес­публикасының Президенті Т.Ильвес пен оның жұбайының атынан Қазақстан Президенті Н.Назар­баевтың құрметіне мемлекеттік қабылдау болды. *   *   * Кеше Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың Эстония Рес­пуб­лика­сына мемлекеттік са­пары одан әрі жалғасты. Қазақстан бас­шы­сы ал­ды­мен Эстонияның экс-пре­зиденті Арнольд Рюйтельмен кездесті. А.Рюйтель – Эстонияның тәу­елсіздік алуына көп еңбек сі­ңір­ген қайраткер. КСРО тарардың ал­дында Эстон КСР Жоғарғы Ке­ңесінің төрағасы болған ол ор­та­лық биліктен өз респуб­ли­касы­ның мүддесін жан аямай қорға­ған­дардың бірі болды. Халық ара­сындағы зор беделінің арқа­сында төрағалықтан кеткен соң сегіз жылдан кейін билікке қайта оралып, 2001 жылы 73 жасында республика Президенті болып сай­ланды. Бұл қызметті 2006 жылы мерзімі аяқталғанша абы­рой­мен атқарып шыққан соң саяси аренадан кетсе де елдегі ба­рынша ықпалды қайраткерлердің бірі болып қалып отыр. Президент Н.Назарбаев онымен Қазақ­стан мен Эстония қарым-қаты­нас­тарының көптеген перспек­ти­валары туралы пікір алмасты. Осыдан кейін Қазақстан Рес­публикасы Президентінің кортежі Таллинн ратушасына бет алды. Бұл – кәрі тарихқа 1322 жылдан бері куә болып келе жатқан көне ғимарат, оның қазіргі келбеті 1402-1404 жылдары жөнделген­нен бері сақталған. Бүгінгі күн­дері оның алдындағы шағын алаң­да ежелгі дәстүрлер бой­ын­ша рыцарьлар сайысы, «тотықұс ату жарысы» сияқты мерекелік шаралар өткізі­ліп тұрады. Осы уақыттарда рату­ша­ның маңына халық көп жи­налып, ән салып, би билеп, қаланы бастарына көтере­тін көрінеді. Елбасын мұнда Таллинн қала­сы­ның мэрі Эдгар Сависаар қар­сы алып, ратуша мен ескі қаланы аралатып, оның тарихын айтып берді. Жалпы, Таллинн – Еуро­па­да­ғы тарихи, өте ежелгі қала­лар­дың бірі.  Оның орнына финн-угор тайпасының адамдары ал­ғаш осыдан 3,5 мың жыл бұрын қоныстанғаны белгілі болып отыр. Таллинн Финляндияның ас­та­насы Хельсинки қаласынан 80 шақырым жерде ғана орналасқан. Қаладағы Пирита өзені орта­лық­тан әжептәуір алыс жерде, оның жағалауының ұзындығы 46 ша­қы­рым. Қала халқының саны 407 мың адам, соның 55,3 пайызы – эстондар, 36,3 пайызы – орыстар, 3,5 пайызы – украиндар, қалғаны басқа ұлттардың өкілдері. Қазір қала туризм орталығы, өте көрікті, көне шаһар. 2007 жылы Таллинн Еурокомис­сия­ның ше­шімімен «Еуропаның 2011 жыл­ғы мәдени астанасы» деген құр­метті атаққа ие болған. Қа­ла­ның айнадай жарқырып, ба­рын­ша таза болып тұрғаны да сол атаққа лайықты болудың көрінісі секілді. Осы атақ шеңберінде би­ыл қалада 7  мыңға жуық мәдени шаралар өткізу көзделген екен. Елбасы ескі қала мен рату­ша­ны аралап көрген соң, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырып, одан кейін қалабасы Э.Сависаармен ресми кездесу өт­кізді.  Онда басқа мәселелермен қа­­тар, Астана мен Таллинн қала­ла­ры арасындағы ынтымақтас­тық­­тың перспективалары сөз болды. Осыдан кейін Нұрсұлтан На­зарбаевтың кортежі Таллинн пор­ты­на қарай бет алды. Президент мұнда эстондық аса ірі компания басшыларымен кездесті. Кездесу­дің өзі «Victoria-1» атты алып паромның ішінде өтті.  Бүгінгі күні Таллиннен Швецияның ас­та­насы Стокгольм қаласына жо­лаушы тасымалдайтын осынау палубалық паромға 2,5 мың адам сыяды екен. Оның биіктігі тоғыз қабатты үйдей, ал ұзындығы 193 метр, қызмет көрсететін пер­со­на­лының саны – 200 адам. Паромда барлығы 740 каюта бар.  Кеме 2004 жылы Финляндияның Раум атты портты қаласында жасалған. Оны «Таллинк» атты кемемен та­сымал жасайтын компания сатып алған. Кеменің бүгінгі күнгі құны 100 млн. еуро екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осында келіп, кемені басқару ор­нында болып, капитанмен әңгі­мелесті. Содан кейін өзімен кездесуге жиналған бизнес өкілде­ріне бет алды. Мұнда Эстония­ның аса ірі компанияларының бас­шылары жиналған екен. Олар­дың қатарында «Таллиннк» компа­ниясы, «Таллинн порты» АҚ, «Таллинн әуежайы», «Эстония темір жолы», «Эстон әуе жолдары», «Балтық кеме жөндеу зауыты», «Еест энергия» компаниясы және т.б. өкілдері болды. Кездесуді Эстонияның Премьер-министрі Андрус Ансип ашып, жүргізіп отырды. Өздеріне сөз кезегі тигенде компания бас­шы­лары қазақстандық фирмалармен ынтымақтасуға құлықты екен­діктерін жеткізіп, нақты ба­ғыттарға тоқталды. Соның ішінде «Таллинн портының» басшысы Қа­зақстаннан жүк қабылдау кө­ле­мін арттыруға дайын екенін жет­кізді. Қазірдің өзінде компания құрамы­на кіретін Мога пор­ты қазақ­стан­дық жүктерді қабыл­дап жатқан көрінеді. Ол өз ком­па­ниясының зор мүмкіншілік­те­рін де атап өтті, соның ішінде қа­былданған жүктер мұнда тез қотарылып, тасымал көліктері тез босатылады екен. «Эстония әуе жолдарының» басшысы Эстония мен Қазақстан арасына тікелей әуе жолын ашу мүмкіндігі туралы айтты.   Елба­сы әрбір айтылған сөзге назар аударып, оларға өз бағасын беріп отырды. Қорыта айтқан сөзінде Н.Назарбаев Кедендік одаққа кіргені себепті қазір Қазақстан Эсто­ниямен шартты түрде шекаралас ел екенін атап өтті. Сондық­тан да біз өз жүктерімізді, сон­дай-ақ тауарларымыз бен қыз­меттері­міз­ді Эстонияға тура әке­ле аламыз, деді Қазақстан бас­шысы. Кездесу жүріп жатқан кезде «Victoria-1» кемесі ашық теңізге шығып, өзінің мәртебелі қона­ғы­на Балтық теңізінде бір сағатқа жуық серуен жасатты. Портқа қайтып келген соң, Н.Назарбаев бастаған қазақстандық делегация Эстония Республикасына жаса­ған мемлекеттік сапарын сәтті аяқтап, әуежайға бет алды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» – Таллиннен. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.