22 Сәуір, 2011

Қарыз алу үшін де жауапкершілік қажет

376 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Сенаттың жаңа Төрағасы  пала­та­ның кезекті жалпы оты­ры­сында  сөй­ле­ген сөзінде алдағы міндет­тердің маңызын ашып көрсетті. Қ.Мәми қос па­ла­талы Пар­ламент мемлекеттік билік тармақ­та­рының бірі ретінде Қазақстанның өр­кен­деуіне сүбелі үлес қосып келе жат­қан­дығын ерекше атады. – 2007 жылғы конституция­лық реформаға сәйкес, жоғары заң шығару органының өкілет­ті­лігі едәуір кеңейіп, мемлекеттік басқарудың президенттік-парламенттік нысаны анықталғаны белгілі. Жақында Елбасы «Нұр Отан» партиясының ХІІІ съезінде мемлекетіміздің саяси жүйесі Парламент құзыретін кеңейту ар­қылы одан әрі жетілдірілетінін айт­ты. Бұл – Парламенттің екі па­латасына да қатысты, – деді Қайрат Әбдіразақұлы. – Қазақ­стан халқына Жолдауында, ұлық­тау рәсіміндегі сөзінде және 17 сәуірдегі Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында Президент  ұлт­тық эко­номиканың бәсекелес­тік­ке қабі­леттілігін арттыру мен ха­лықтың әл-ауқатын көтеруге, білім беру және денсаулық сақтау са­лаларын жетілдіруге қатысты үл­кен мақ­сат­тарды айқындап бер­ді.  Сондық­тан, депутаттық кор­пус биліктің барлық деңгейдегі атқарушы және басқа да өкілді тармақтарымен ты­ғыз ықпалдаса отырып, Елбасы көрсеткен айқындықтарға ерекше назар аударады деп сенемін. Сонымен бірге, Төраға қазіргі уақытта экономиканың индус­трия­­лық-инновациялық дамуы, ша­ғын және орта кәсіпкерлікті қолдау күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселелер екенін атап көрсетті. Әлеуметтік сала да қа­шанда Парламенттің айрықша на­зарында болуы тиіс. Құқық­тық-қорғау, сот жүйесін одан әрі дамыту үрдісін жалғастыру – біз­дің негізгі мақсаттарымыздың бірі болып қа­ла береді, деді ол. Күн тәр­ті­бі­не сәйкес депутаттар бір­қа­тар халық­ара­лық келісімдерді қа­рап, рати­фи­ка­ция­лады. Атап айтқанда, «Қа­зақстан Респуб­ли­ка­сының Үкі­ме­ті мен Жапония Үкіметі ара­сын­дағы ОАӨЭЫ Кө­лік дәлізін қайта жаңарту жо­ба­сын  (Жамбыл об­лысы) жүзеге асыру үшін қа­рыз тарту туралы  ноталар алмасу нысанындағы келісімді  ратификациялау туралы» және «Жапония Халықаралық ын­тымақ­тас­тық агенттігі мен Қа­зақстан Республикасының Үкіме­ті  ара­сын­дағы ОАӨЭЫ Көлік дә­лізін қайта  жаңарту жобасы (Жам­был облысы)  бойынша Қа­рыз туралы келісімді  ратификациялау тура­лы» заң жобалары қабылдан­ды. Сонымен қатар, осы мақсатта­ғы «Қазақстан Респуб­ли­касы мен Азия Даму банкі ара­сындағы Қа­рыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі [Жамбыл облысын­дағы учаскелер] [«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дә­лізі] Ин­вестициялық бағдарлама – 3-жоба) ратификациялау ту­ра­лы» заң жо­басы да қабылданды. Қаралған үш заң жобасы бой­ынша Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушы Е.Дүйсенбаев баяндама жасады. Оның сөзінен белгілі болғандай, Жапония Халықаралық ынты­мақ­тастық агенттігінен алынатын қар­жы сомасы 6 миллиард 361 мил­лион жапон йенін құраса, қа­рыз 7 жылдық жеңілдікті қос­қанда 25 жыл ішінде өтелуі тиіс екен және 1,7 пайыздық ставкамен жарты жылда бір рет төлеу көзделеді. Ал қазақстандық та­рап­тың қоса қаржыландыруы 40 миллион доллар шамасында.  Азия Даму банкі жай капитал ресурстарынан елімізге 173 миллион АҚШ доллары сомасында қарыз беретіні белгілі болып отыр. Қарызды өтеу 4 жеңілдік жылын қоса алғанда 19 жылды құрамақ. Пайыздық ставка әрбір кезеңге есептегенде LIBOR+0,2 пайызға тең. Комиссия міндеттеме үшін 0,15 пайыздық ставкамен алынады. Депутаттар өз сөздерінде қарызды алудағы жауапкершілік туралы мәселені өткір қойды. Өйткені, алғанды қайтару мәселесі жан-жақты пысықталуы қажет. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.