Сәті түсті дейміз-ау, «Қаракөз неге газеттерді жағалап жүр?» деп жұрт сөз ғып жүрер. Осы сұхбатты бермей-ақ қойсам қайтеді. Ыңғайсыз болады ғой» деп келісімін бергісі келмеді әуелде. «Егемен Қазақстанның» 200 мыңнан астам оқырманы бар. Осынша оқырман сіз туралы білгісі келеді» дегенімізде, өзінің бұл басылымның тұрақты оқырмандарының бірі екендігін айтып, сұхбатқа келісімін берді.
Досханға домбыра үйреттім
– Шығыс Қазақстаннан шыққан алғашқы қобызшы қыз атану бақыты өзіңізге бұйырған екен. Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастайықшы.
– 1964 жылы Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің қобыз сыныбына оқуға қабылдандым. Ол уақытта Шығыста қобызшы да, қобыз да жоқ еді. Училищені бітіргеннен кейін Күршім ауданының Құйған ауылындағы мектепке жұмысқа орналастым. Жұмыс деген аты ғана, көп уақыт өтпей қобызшы ретінде жан-жаққа концерттерге шақыратын болды. Аттай қалап, жұмысқа шақырғандар да көбейді. Менің Марқакөлге барғым келді. Мектептің оқушыларын жан-жаққа концерттерге, байқауларға апарып жүреміз. Жаспыз. Жалындаған кезіміз. Мұндай маманды кімнің жібергісі келсін? Досхан ол кезде осы мектептің 10-сыныбында оқып жүрген.
– Досхан дейсіз бе?
– Иә, Досхан. Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов. Сол жылы Досханмен бірге Өскемен қаласына келіп, облыстық теледидардан жарты сағаттық концертті ұсындық. Досхан өз естеліктерінде бұл жайында үнемі айтып жүреді. Қыр соңымнан қалмай жүріп домбыраны да үйренді. Досхан керемет әнші болатын. Мектептегі оркестрге де белсенді қатысады. Сол жылы Досхан Алматыға оқуға кетті.
Бір күні Күршімде келе жатсам, ту сыртымнан келіп, біреу бас салды. Қарасам, Досхан. «Мен Өнер институтына түстім», дейді жымиып. Кейіннен мен Күршім аудандық Мәдениет үйінің директоры болып жүргенде Досханның осында келгені бар. Қателеспесем, қасында дәстүрлі әнші Қапаш Құлышева бар. «Менің алғашқы ұстазым» деп таныстырды мені. Ән-күй сабағынан дәріс бергенім болмаса, Досхан тумысынан талантты, өнер үшін туған жан деп білемін. Мен бәлкім, өнер әлеміне ептеп қана қанаттандырған, талпындырған болармын.
– Қобыз тартуға неге құмарттыңыз?
– Менің қобызшылық өнерге келуіме себепкер болған – үлкен ағам Амантай. Мектеп қабырғасында төрт қыз бірге оқыдық. «Қызылордаға, педучилищеге кетеміз» деп өзімізше ұл балалардан бөлектеніп, оқуға әзірленіп жүргенбіз. Бір күні ағам айтты: «Қызылордаға бармайсың. Семейде музыкалық училище бар. Соның қобыз класына барасың». Ол кезде қай жерде қандай оқу барын да білмейміз. Ағам бәрін біліп, ойластырып қойыпты. Жалпы, біздің әулет өнерге жақын болды. Шешем домбыра шертетін. «Қара жорға», «Жорға аю», «Аңшының зары» секілді халық күйлерін нақышына келтіре орындайтын. Шешемнің немере ағасы Бурата он саусағынан өнер саулаған атақты күйші еді. 1961 жылы Сәбит Мұқанов пен Қалижан Бекқожин Қалғұты өңіріне келгенде Буратаның өнерін жоғары бағалап, сол сапарларында Алматыға бірге ала кетіп, он алты күй жаздырып алыпты. Содан не керек, Семейге училищеге оқуға түстім. Қобызды өмірі көрмегем. Бірақ неге екенін кім білген, қобызды жатсынбай бірден меңгеріп кеттім. Қобыз үйренуі қиын аспаптардың бірі болғандықтан, оқушылар ысқыш (смычок) ұстап, жүргізуді үйренудің өзіне бір-екі ай уақыт өткізеді екен.
– Семейде қобызды кім үйретті?
– Алматының консерваториясын бітіріп келген Гүлзия Алмейнова деген ұстазымыз болды. Астрахан жақтың тумасы екен. Біздің курста қобызды екі-ақ қыз оқыдық. Оған дейін қобыз курсында өзге өңірлердің қыздары ғана білім алып, біздің облыстан ешкім оқымаған екен.
Сақатовтармен бір сахнада өнер көрсеттім
– Кезінде Марқакөлде Ораз Кәкеев, Марат Сақатов, Шайқуали Есенов сынды майталман өнерпаздармен бір сахнада өнер көрсеткеніңізді білеміз. Сол шақтарды еске алудың сәті келіп тұрған секілді...
– Семейдегі училищені бітіргеннен кейін Құйғанда, одан кейін Қалжырдағы мектепте жұмыс істеп жүргенде мені қобызшы ретінде жан-жаққа шақыратындар көбейді деп айттым ғой жоғарыда. Өскеменде концерт болса, бірінші мен барамын. Алматыда концерт болса, тағы да мен. Сөйтіп жүргенде, Қалжырдағы апайым айтты: «сен өзіңді қинамай Марқакөлдегі мәдениет үйіне бар», деді. Әйгілі өнерпаздармен осы Марқакөл сахнасында жолықтық. Қобыз тартумен ғана шектелгем жоқ, спектакльдерде де ойнадым. Бұл уақытта спектакльге деген халықтың құштарлығы керемет болатын. Гастрольмен барған жеріміздің барлығында ине шаншар орын болмайтын.
Ораз, Марат, Шайқуали, Рахметолла, Гүлнәрлар нағыз өнер үшін жаралған жандар еді ғой. Сахнада оттай лаулайтын. Қандай қияға салсаң да, қисынын табатын, өрге салсаң, төске озған дейтіндей. Адамгершіліктері жоғары, өнерге адал еді. Кәсіби актер болмасақ та, сол кісілердің жанында жүріп оқығандардан әрмен өнер көрсеттік. Бірімізден-біріміз үйрендік. Бірімізге-біріміз үйреттік. 1972 жылы Марқакөл аудандық мәдениет үйіне «Халық театры» атағын алып бердік. Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзінде» Ораз Кәкеев Сырымның, мен Қарагөздің рөлін сомдадым. Рахметолла ағай Асан деген әнші, сал жігіттің рөлінде ойнады. Марат Дулат деген жігіттің рөлін сомдады. Күлдіргілігі, әзілкештігі сондай, ол сахнаға шыға келгенде, жылап отырған жұрт қалай күліп жібергенін аңғармай қалатын. Өйткені, оның тұла бойы, бүкіл болмысының өзі күлкі шақыратын. Таза комедияның адамы еді ғой.
Сахнаны былай қойғанда, Мараттың қарапайым өмірдегі жай сөздері, қылықтары қатарластарын күлкіге көміп жүретін. Ораз жарықтық та сондай еді. Рахаң, Рахметолла Тұрабаев та керемет өнерпаз еді. Комедияны да келістіріп ойнайтын. Трагедияда да, драмада да қамшы салдырмайтын. Гүлнәр Кемешева деген әріптесіміз де көрермендердің алғысына бөленді. Несін айтасыз, бірінен-бірі өтетін өнерпаздар еді. «Қарагөз» қойылымында Ораз жарықтық жылаған кезде көзден аққан жасы сақалын жауып кететін. Соншалықты беріле ойнайтын.
Әншінің бәрін әулие көретін болдық
– Әйгілі өнерпаздармен бірге Марқакөл ауданының өнерін өрлетіп, мерейін асырдыңыз. Одан кейін Күршім ауданында ұзақ жыл мәдениет саласында еңбек еттіңіз.
– Күршімде 23 жыл еңбек еттім. Оның 15 жылында аудандық мәдениет үйінің директоры болдым. Дүние іздеген жоқпыз, атақ қуған жоқпыз. Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Малшының үйіне барамыз. Жалғыз кемпірдің алдында өлең айтып тұрасың, домбыра, қобыз тартасың. Әрине, ол кісілердің еңбегі бар ғой. Оған өкінбейміз. Бірақ біздің еңбегімізді кім бағалады? Кейде кісілер сұрап жатады: «Қандай атағыңыз бар?» деп. «Қаракөз дегеннен басқа атағым жоқ» деймін қалжыңдап. Қаракөз деген атағымнан басқа сенсеңіз, күні бүгінге дейін басымда баспанам да жоқ. Біреудің үйін жалдап тұрамын. Ұлан ауданына 2001 жылы көшіп келгенде үй сатып алғанбыз. Үлкен ұлым ауырып, үйді сатуға тура келді. Үйге арыз беріңіз деді. Бергелі үш жылдай болып қалды. Хабар жоқ. Өзім кісінің алдына барып, жалынғанды жек көретін адаммын. 70 жасқа келгенде кімнің алдына барып мөлиіп отырамын?! Ең бастысы, өнерді бағалайтын ел-жұрт аман болсын. Үйді қойшы, уақыты келгенде шешіле жатар.
– Қазір сізді тігіншілікпен шұғылданып жүр деп естиміз. Рас па?
– Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентіне көшіп келгеніме 15 жылдың жүзі болып қалды. Біраз уақыт осындағы мәдениет үйінде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым. Бірақ зейнеткермін деп қол қусырып, қарап отыратын заман емес. Қазір киім тігумен айналысамын. Біреудің дүкенінің бір бөлмесін жалдап отырмын. Таңертең тоғызда келемін, кешкі тоғызда қайтамын. Киімнің барлық үлгісін тігемін. Қасым Қайсенов кентіндегі Мәдениет үйіне қажетті киімнің бәрін тігіп беріп отырамын. Бүкіл ауыл маған келеді.
– Сонда қасиетті қобызды тігін машинасына ауыстырдыңыз ба?
– Қобызшылық құдай берген өнер. Оны қалай тастайсың? Үйде қобызым бар. Қажет кезде тартамын. Біреу айтып еді: «Сіз пенсияға шыққанда қобыз да пенсияға шыға ма?» деп. Сол айтпақшы, қобыз ешқашан пенсияға шықпайды, мен қобызды ешқашан тастамаймын.
– Саналы ғұмырыңызды өнерге арнадыңыз. Көрген, түйгеніңіз мол. Бүгінгі қазақ өнері, өнерпаздар жайында не айтасыз?
– Бес саусақ бірдей емес қой, қарағым. Бибігүл Төлегенова сынды 80-нен асса да, сыр бермей сахнада сырбаз қалпын сақтап жүрген жандарға сүйсіне қарайсың. Осындай біртуар адамдардан кейінгі жастар үлгі алса дейсің. Бірақ «Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім» дегендей, жастарға келгенде күмілжитініміз рас. Қазір жас әншілерге құдайдай табынатын жаман әдет таптық. Әншінің бәрін әулие көретін болдық. Өнер деген қасиетті дүние екенін ұмытқандаймыз. Құдай-ау, қазір лақтырған тасың әншіге тиеді. Солардың біреуінің де атын білмеймін. Кезінде халық «Дос-Мұқасан» ансамблін сүйіп тыңдайтын. Әлі де құрметтейді. Қазір де ансамбльдер көп қой. Соның ішінде Мейрамбектердің «Музарты» мен «Қоңыр» тобын ғана айтар едім.
– Өкінішіңіз бар ма?
– Ештеңеге де өкінбеймін. Біз туралы біреу жақсы айтады, біреу жаман айтады. Соның жақсы айтатындары көп шығар деп ойлаймын. Ел арасында көп жүреміз. Қаптаған атақтың не керегі бар, егер сені ешкім білмейтін, танымайтын болса. Құдайға шүкір, ешқандай атағым болмаса да, елдің бәрі таниды, біледі. Қай жерге барсақ та, құрметтеп жатады. Бұдан артық не керек?
– Қаракөз Әбдікеқызы, «Егеменнің» оқырмандарына қандай тілек айтасыз?
– Газет басшылығына өнер, мәдениет тақырыбына жиі қалам тартып, өңірдегі біз секілді өнер адамдарын іздеп, қолдау білдіріп жатқандары үшін алғысымды білдіргім келеді. Газеттің әр нөмірін асыға күтеміз. Жақында нәзік жандылардың құрметіне «Әйел әлемі» деген арнайы бет ашқандарыңызды көріп қуанып қалдық. Газеттің оқырмандарын алдағы уақытта да осындай тұщымды дүниелермен қуанта беріңіздер.
– Мазмұнды әңгімеңізге алғыс білдіреміз.
Әңгімелескен
Азамат ҚАСЫМ, "Егемен Қазақстан"
Шығыс Қазақстан облысы
Суретті түсірген Мерей ҚАЙНАРОВ