Қаладағы «Медикер педиатрия» жекеменшік клинкасымен «Жедел медициналық жәрдем» стансаларының жұмыстарымен танысқан министр үшінші нысанда пациенттермен де әңгімелесіп, одан дәрігерлермен кездесіп, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға да жауап берді.
Емделушілердің бірі министрдің алдында емханаларда салалық маманға барып қаралудың аса қиын екендігін алға тартты. Оған жауап берген бас дәрігер Алтыншаш Табылдина: «Пациенттің айтқан сөзі рас, салалық мамандарға учаскелік дәрігер жазып алады. Бұл мәселе біздің көптеген пациенттерге ұнамайды, біз түсіндіруге тырысқанымызбен, олар оны түсінгілері келмейді. Қолда ЭКГ болмаса, кардиолог маманға барудың қажеті қанша? Қажеті болмаса, онсыз да үлкен салмақ салынып отырған салалық маманға пациенттерді жіберу қисынсыз», деді. Бас дәрігердің жауабын естіп, мәселеге мән берген министр, салалық мамандар тапшылығынан осындай мәселелер туындап отырғанына тоқталды: «Әрине, бұл – өте үлкен мәселе. Бүгінгі біздің басты мақсатымыз – жекеменшік медициналық орталықтар мен тегін медициналық қызметтер жүйесін медициналық сақтандыру жүйесіне тарту. Бұл адамдардың салалық маманды таңдап, оны үш ай күтпестен емінен өтуіне мүмкіндік береді. Бүгінде мемлекеттік медициналық мекемелерде кезек көп, мамандар тапшы, тарифтер төмен, содан дәрігердің де жалақысы аз. Жекеменшік сектор болса өте қарқынды дамып жатыр, нарықтық бағалар тартымды болған соң дәрігерлер сол жаққа кетуде. Мысалы, бiз бiр дәрiгердiң консультациясына 1 мың теңге төлеймiз, ал жекеменшік клиникада ол 5-6 мың теңге тұрады. Әрине, сондықтан дәрігерлердің барлығы жекеменшiк клиникада отырғысы келедi. Бізге осы екі жүйені біріктіру керек», деп атап өтті Е.Біртанов.
Кездесуде министр биылғы жылдың соңына дейін елордадағы емханалардың толығымен электронды форматқа көшетінін айтты. Қағазбастылықтан мүлдем бас тартқымыз келеді, сондықтан да оны бір-екі жерде емес, республика бойынша бір уақытта жүзеге асыру маңызды. «Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевпен келістік, олар өз емханаларын дайындап қояды. Осылайша, елорданы 1 қаңтарға дейін толығымен электронды форматқа көшіруді көздеп отырмыз. Себебі, медицина қызметкерлерінің не жазуы керек, не компьютермен басуы керек. Бұл бір жұмысты екі рет қайталап істемеу үшін қажет», деп атап көрсетті Е.Біртанов.
Кездесуде астаналық белді медициналық клиникалардың менеджерлері өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді министрдің қаперіне салып, жаңа жүйенің енуіне байланысты кейбір медициналық көмек көрсетудің тарифтеріне қатысты сауалдар қойды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»