Әрине, бар өмірін бала тәрбиесіне, жас ұрпаққа білім беру ісіне арнаған алғаусыз жандарды мұндай тілектестік пен қамқоршылдық қанаттандырады. Осы ретте өзім еңбек етіп жүрген Сарқан қаласындағы Н.Островский атындағы гуманитарлық-экономикалық мектеп-лицейіндегі оқу-тәрбие ісін ұтымды ұйымдастырудың арқасында мәуелеген жемістерді тілге тиек еткім келеді.
Біздің ұжымда әрбір мұғалімнің өз мамандығына деген құштарлығы, жұмыстағы жауапкершілігі, шығармашылық ізденісі бірінші орынға қойылады. Бұл арада басшы тарапының талапшылдығы да үлкен рөл атқаратынын қаперде ұстаған ләзім. Ал біздің білім ордасында осы талапшылдық соңғы бірнеше жыл бойы жоғары деңгейден көрінуде. Сөйтіп, жалпы ұжым болып қалыптасқан жаңаша ойлау, жаңаша жұмыс істеу өзінің оң нәтижелерін беріп те жатыр.
Бұл арада бос дабыра, құр ұраншылдық қажет емес екенін ескерген жөн. Күнделікті құмырсқа еңбек, оқушылардың жан дүниесіне ене білу, сыннан өткен озық тәжірибеге сүйену, өз тәжірибеңді қалыптастыру шәкірттің де білімге құштарлығын, ынта-зейінін арттырады. Осы бағытты берік ұстанған мектеп-лицейіміз соңғы бес жыл ішінде көптеген жақсы көрсеткіштерімен алдыңғы қатарлы білім ордасы болып отыр. Ұстаздардың біліктілік дағдыларының өсуіне қарай оқушылардың да білім сапасы арта түсуде. Айталық, бұдан бес жыл бұрынғы оқушылардың саны – 424, білімдік көрсеткіші – 53 пайыз болса, қазіргі таңда мектептегі оқушы саны 821-ге жетіп, білім сапасы 67,9 пайызбен айшықталған.
Ынта мен зейін екі жақтан да бірдей болмаса, еңбек еш кетпек. Мектебімізде білім беруге, шәкірт жүрегін жаулауға, ой-санасын білім кеңістігіне талпындыруға мұғалімдер барынша күш салады. Ұстаздық ұлағатқа кіршік түсірмеуге сәт сайын ұмтылады десек, артық айтқандық емес. Шәкірттердің әр пәнді, сабақты шат көңілмен, құштар пейілмен игеріп оқуын назарда ұстайды. Мектеп ұжымындағы бір мақсатқа жұмылған ынтымақшылдық ауан, білімге құштар шығармашыл ортақ өріс, тағылымды һәм тартымды орта осылай қалыптасуда. Оқушыларды білімге ынталандыру орайында облыстық, республикалық және халықаралық пән олимпиадаларының мүмкіндігі мен тартымдылығы пайдаланылуда.
Ұстаздарымыз уақыт көшіне ілесуді мұрат тұтқан. Алты әріптесіміз облыстық педагогикалық оқуларға қатысып, жүлделі марапаттарға ие болды, алқалы сында жоғары біліктіліктерін, тағылым үлгілерін танытты. Осындай озық тәжірибелерінің арқасында мектеп-лицейдің жетістіктері «Қазақстандағы заманауи білім беру» жинағына басылып шықты. Мектеп тәжірибесі халықаралық «Большая международная энциклопедия» кітабында да жинақталып, «Үздік білім мекемесі» белгісімен марапатталды.
Білім ордамызда «Мектеп» мұражайы ұйымдастырылды. «Атамекен» бағдарламасы аясында «Ұлттық салт-дәстүріміз», «Тарихтың көлеңкеде қалған беттері» деген тақырыптарда ізденіс жұмыстары жүргізілді. Сөйтіп, мектеп оқушыларының туған жер тарихын біліп өсуіне, туған елді сүйер отаншылдыққа баулуға жағдай жасалды.
Елбасы айтқан интеллектуалды ұлт қалыптастыру, адами капитал сапасын жақсарту ісіндегі мұғалімдердің рөлі үлкен екендігін білеміз. Олай болса, біздің мектептің ұстаздары да осынау ұлы мақсаттың алдыңғы шебінен табылып, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында талмай ізденіп, талаптана бермек.
Меруерт ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ,
Н.Островский атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі
Алматы облысы,
Сарқан қаласы