22 Сәуір, 2011

Кемел келешекке апаратын жол

1169 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап отандық бизнес үшін даму мен өркендеудің жаңа парақтары жазылуда. Үш ел: Ресей, Беларусь және Қазақстанның арасындағы кедендік шекаралар ашылған соң, қазақстан­дық бизнеске жаңа рыноктар мен мүмкін­діктердің есігі айқара ашылды. 2010 жылдың 1 шілдесінен бастап, Ресей мен Қазақ­станның арасындағы кедендік шекара жойыл­ды. Яғни, Қытай-Қазақстан шекарасы­нан шыққан тауар поляк-беларусь шекара­сына дейін ешқандай да кедендік тексерусіз өтуде. Бұл дегеніміз – жаңадан пайда болған үлкен рынок. Біз бүгінде осы бәсекелесті рынок ішіндегі көптеген қызықты эконо­микалық үдерістерге куә болып отырмыз. Ал Кеден одағынан біз не ұтамыз? Ең алдымен, қарапайым қазақстандықтар әрі сапалы, әрі арзан ресейлік және беларустық тауарларға қол жеткізеді. Бәрінен бұрын, бұл халық бірінші кезекте тұтынатын және шетелдерден тасымалданатын тауарлар. Екіншіден, өзара бәсекелестік күресте отандық тауарлардың құны арзандай түседі. Ең бастысы, адал бәсекеге қабілетті болуы үшін біздің өнім өндірушілер күш жұмылдыруы тиіс. Яғни, Кеден одағы Қазақстанға Ресеймен және Беларусьпен тең дәрежеде әріптес болуға жол ашады. Ең бастысы, үш елдің кедендік шекарасын ашып тастау – қазақстандық тауарлардың тұтыну рыногын 16 млн.адамнан 170 млн. адамға дейін көбейтеді. Ресей, Беларусь және Қазақстанның Кеден одағының посткеңестік кеңістіктегі өте тиімді экономикалық және технологиялық бірлестік екеніне көзіміз жетті. Қазақстандық компаниялар пайдаланып үлгерген Кеден одағының артықшылықтарын әзірше өзге мемлекеттер толық көлемде бағалаған жоқ. Соған қарамастан, қазірдің өзінде Қырғыз­стан сияқты елдер одаққа кіруге ниет білдіріп отыр. Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік мәселелерін зерттеу жөніндегі орталықтың жетекшісі Александр Корсуновтың пайымдауынша, КО-ның тиімділігіне қазақстандық кәсіпкерлер мен өндіріс жұмысшылары бірінші болып баға берді. «Бұған дейін Ресей мен Беларусқа экспортқа шығарылатын қазақстандық тауарлар көлемінің өсуіне ветеринарлық және санитарлық талаптардың, техникалық норма­лардың сәйкессіздігі, өзара саудада лицензиялау әдісі кедергі келтіретін. Ал, Кеден одағы іске қосылғанына 1 жыл өтпей жатып-ақ Ресейге шығарылатын қазақстандық экспорт­тың көлемі 30 пайызға ұлғайып, 5 млрд-тан астам рубльді құрады», – дейді А.Корсунов. Өз кезегінде, – дейді ресейлік сарапшы, КО ашылғаннан бері көптеген ресейлік кә­сіпорындар Қазақстанда өз филиалдарын аш­ты, ал кейбіреулері салық тәртібіне жеңілдік берілгенін ұтымды пайдаланып, өндіріс орындарын ашуда. Александр Корсу­новтың бағалауынша, капиталдың, тауарлар­дың қызмет түрлері мен жұмыс күшінің еркін қозғалуына жол ашатын БЭК жұмыс істей бастаған соң, Қазақстанның макро­эко­номикалық даму көрсеткіштері де өсетіні сөзсіз. «Бір ерекшелігі, елдегі тұрақты саяси жағдайдың әсерінен қазақстандық экономика өте жігерлі және сырттан келетін тікелей инвестициялар үшін тиімді», дейді А.Корсунов. М.Ломоносов атындағы ММУ-дың пост­кеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси процестерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-сарапта­малық орталығының сарапшысы Юлия Якушеваның пікірінше, «Кеден одағына кіруден Қазақстанға келетін ең үлкен пайда – бұл рынокта еркін бәсекелесуге үйрену мүм­кіндігі, БСҰ-ға мүше болғаннан кейін жаһандық бәсекелестікке үздік дайындалуға үлкен мүмкіндік. Кеден одағының Қазақ­стан үшін тағы бір артықшылығы – транзиттік әлеуетінің тиімділігін арттыру, – дейді ресейлік сарапшы. Өйткені, сыртқы шекараларда кедергілердің болмауы жүк тасымалдау көлемін ұлғайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, негізгі тұтыну рынокта­рынан алыс жат­қан Қазақстан сияқты елдерге ортақ инфра­құрылымға шығатын жол ашылады». Жалпы алғанда, деп санайды Ю. Якушева, Кеден одағының құрылуы әріптес-елдердегі қуатты экономикалық әлеуетті толығымен пайда­лануға мүмкіндік туғызады. «Бұл жерде Кеден одағына мүше мемлекет­тердің ортақ мұнай резервтері 90 млрд. баррелді, табиғи газдың қоры 538 трлн. текше метрді құрай­тынын мысалға айтсақ та жетіп жатыр»,  деп түйіндеді сөзін Якушева. Ресейлік сарапшының транзиттік әлеуе­тіміз туралы айтқан пікірінің жаны бар. Қазақстанның көлік саласындағы әлеуеті зор. Мәселен, 190 млрд. текше метрге дейін өткізу мүмкіндігі бар газ-көлік жүйесі 10 мың шақырымнан асады. Мұнай жүретін құбырлардың ұзындығы 7,4 мың шақы­рымнан асады. «Қазтрансгаз», «Қазтран­с­ойл» сияқты отандық компаниялар мұнай-газ ресурстарын тасымалдаушылардың әлем­дік элитасына кіреді. Алдағы жылдарда бұл көрсеткіштер өсе беретіні белгілі. Ал, «Қазақстан темір жолы» АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан және Украина компанияларымен бірге жүк тасымалдау көлемі жөнінен темір жол компанияларының әлемдік алтылығына кіретінін біреу білсе, біреу білмес. – Тәуелсіздік жылдарында инвестиция­лардың, халықтың табысының өсуі жиынтық сұраныстың қарқыны мен көлемін арттырды. Соңғы бес жылда кедейлік деңгейі 4 есеге дейін, күнкөріс мини­мумынан төмен табыс табатын халықтың үлесі 2 есеге дейін төмендеді. Бұл құбылыс еліміздегі экономи­калық ахуалдың жалпы жақсаруынан анық байқалды. Халықтың тұтыну шығындары құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауар­­лардың үлесі ерекше қарқынмен өсіп келеді. Егер 2000 жылы бұл өнімдердің тауар айналымы азық-түлік тауарларының айна­лымынан 1,27 есе артық болса, 2009 жылы бұл аралық 3 есеге дейін ұлғайды. Өйткені, халық ет, балық, шоколад, кондитер өнімдерін, сондай-ақ, киім, аяқ киім, тұрмыс заттарын, аудио және бейнеаппаратураны бұрынғыдан көбірек тұтынатын болды. Сонымен бірге, халық­тың банктердегі депозиттері де өсті. Осылайша, отандық эконо­микада жағымды үдерістер көбейіп отыр. Халықтың өмір сүру деңгейінің көтерілуі, банктердегі са­лымдарының көбеюі, азық-түлік сапасы­ның жоғарылауы сияқты құ­былыстар нақты мысал болады, – дейді экономика ғылым­дарының докторы, профессор Рахман Алшанов. «Ұзақ уақыт пайда­лануға болатын тауарлар да көбірек сатыла бастады. Ал, көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын шы­ғын­дар төрт жыл ішінде екі есеге ұлғайып, 800 млрд. теңгеге жетті. Бұл салада жинақталған қаржы тұтынылған қаржыдан асып түсті. Халықтың өз қажетіне көп қаражат жұмсауының өзі қоғамның жаңа даму кезеңіне өткенінің белгісі», – дейді Р. Алшанов мырза. Сенат депутаты Әділ Ахметовтің ай­туынша, кешегі қаржылық дағдарыстың өзінде көптеген елдер бізден үлгі алатындай жағдайға жеттік. «Біз қаржы дағдарысынан қалай шықтық? Мысалға, «Жол картасын» алсақ. Мемлекет ең әуелі ішкі жағдайға көңіл бөлді. Жолдар мен тұрғын үйлерді жөндеу, білім мен денсаулық саласын күшейту, ауылдық жерлерде жұмыс орын­дарын ашу арқылы тығырықтан тез шыға алдық. Егер ғаламдық деңгейде алып қарасақ, жақсы жол деген елдің экономи­калық дамуының сипаты. Егер жол нашар болса, ол сол елдің эконо­микасы да дамыма­ғаны деген сөз. Жақсы жол салу бүкіл елдің тұрмыс-тіршілігіне әсер ететін әлеуметтік фактор. Яғни, барлығы бір-бірімен бай­ланысты»,  дейді ол. Қазақстанның жаңа он­жылдықта үздіксіз дамуы үшін президенттік «2020 стратегиясының» барлық негізгі міндеттерін жүзеге асыруымыз қа­жет. Бір анық нәрсе, бұл стратегиялық бағдар­ла­маны оның авторы – Тұң­ғыш Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаевтың бас­шылығымен ғана тиімді түрде жүзеге асырамыз. Алдағы уақытта негізгі, базалық үш әлеуметтік-экономикалық бағдарламаны – 2020 жылғы кезеңге дейінгі елімізді да­мытудың стратегиялық жос­парын, үде­мелі индус­триялық-инновация­лық даму бағдар­ла­ма­сының алғашқы бес­жылдығын және 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған биз­нес­тің жол картасын жүзеге асыру жоспар­ла­нып отыр. Онда да мақсаттарымыз айқын. Мә­се­лен, жүз мыңдаған жаңа жұмыс орын­дарын ашу үшін 2014 жылға дейін 294 ин­вес­­тициялық жобаны іске асыру жос­парланған. Ал үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басты мақсаттары мыналар: еліміздегі ІЖӨ өсімін (ол 2010 жылы 128 млрд. АҚШ долларын құрады) 2015 жылы 210 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу; жан басына шаққандағы ІЖӨ өсімін (2010 жылғы көрсеткіш – 8 000 АҚШ доллары) 2015 жылы 12 400 АҚШ долларына дейін; орташа айлық жалақыны (2010 жылы 77 000 теңге болса) 2015 жылы 120 000 теңгеге көбейту; орташа зейнетақыны (2010 жылы 27 400 теңге болса) 2015 жылы 46 200 теңгеге көбейту; ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2015 жылы 2 есеге дейін ұлғайту; инновациялық жағынан белсенді кәсіпорындардың үлесін (2010 жылғы 4 пайыздан) 2015 жылы 10 пайызға дейін өсіру және т.б. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстан кемел келешекке апаратын тура жолды таңдай алды. Таңатар ТАБЫНҰЛЫ.