Қоршаған ортаны қорғау, ауа мен ауыз судың сапасы тау-тау болып жиналып, қатты желмен қаланың да, даланың да көркін кетіріп, берекесін алатын тұрмыстық қалдықтарды реттеу әсем Ақтау үшін өзекті мәселе болғалы қашан. Бұл маңызды мәселенің соңғы жылдары «Жер-Теңіз-Аспан» мегажобасы аясында қолға алынуда екендігі құптарлық та қуанарлық жай. Олай дейтініміз, өткен жылғы көктемде облыс әкімдігі мен Еуропа қайта құру және даму банкі «Ақтау қаласының сумен қамту және бөлу жүйелерін жаңғырту» және «Ақтау қаласында қоқыстарды өңдеу кешенін салу» жобалары бойынша несиелік келісімге қол қойған-ды. Соның нәтижесінде, бұл күндері облыста жалпы сомасы 5,6 млрд. теңге болатын екі ірі жоба жүзеге асырылу үстінде еді. Енді осы аптада облыс әкімдігі мен аталмыш банк арасында жалпы құны 2,2 млрд.теңге болатын Ақтау қаласының су тұщытатын зауытын жаңғырту жөніндегі жобаны дайындау бойынша мандаттық келісімге қол қою рәсімі болды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, «Каспий әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК, Ақтау қаласы әкімдігінің басшылары мен Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілі Е.Мирошник қол қойған құжат бойынша қоршаған ортаны қорғау, Каспий теңізі суының ластануын болдырмау, т.б. өзекті мәселелер өз шешімін таппақшы.
Сондай-ақ, жоба аясында зауытпен қатар су сақтайтын орын құрылысын салу, тағы бір сумен жабдықтау торабын іске қосу арқылы қаламен іргелес Мұнайлы ауданы, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының бірнеше құрамдас бөлігін, Каспий энергетикалық хабын таза сумен қамту жоспарлануда. Және бір атап айтарлығы, осынау жобаның жүзеге асырылуы барысында облыс елді мекендері сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілумен қатар оның тұтыну тарифтерін төмендетудің алғышарттарын жасауға мүмкіндік туатындығы болып отыр.
Сондай-ақ, осынау ынтымақтастықтың нәтижесінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының дамуы, оның түрлі қызметтеріне инвестиция тартуда басқа да оң өзгерістер күтілуде.
Жалпы, коммуналдық саладағы осынау үш инновациялық жобаның да еліміздегі қанатқақты жоба ретінде жүзеге асырылуы аймақтың экологиясының жақсаруы мен халықтың тұрмыс-тіршілігіне игі ықпал ететіндігіне күмән жоқ.
Жоламан БОШАЛАҚ.
Ақтау.