22 Сәуір, 2011

Бірегей зауыттың әмбебап өнімі

373 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ақтөбе облысы  – құрылыс индустриясы қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мұнда жыл өт­кен сайын қабырғалық құры­лыс материалдарына сұраныс жо­ғары бола түсуде.  Соңғы жыл­дары облыста құрылыс өнер­кәсібін дамытудың республика­лық салалық бағдарламасы ая­сын­да  бірнеше ірі индустрия­лық-инновациялық жобалар жү­зеге асырылды. Соның бірі де бірегейі  «Экотон-Батыс» ЖШС-ның жылу ұстағыш газды  бетон бұйымдарын шығаратын зауы­ты болып табылады. Алғашқы­да құрылыс саласының жаңа өніміне тосырқай қараушылық болғанымен бұл өнімнің тиімділігі тұтынушыларын тез арада-ақ тәнті етті. Газды бетон бұйымдарының жылу ұстағыш, отқа төзімді, жеңіл де өнімділігіне байланыс­ты силикат кірпіштен тоғыздан астам артықшылығы бар. Еуропада мұндай газды бетоннан құрылыс салуды ертерек қолға алған көрінеді. «Кәрі құрлық­тың» құрылыстарының 90 пайы­­зы осы газды бетон мате­риалынан тұрғызылады екен. Газды бетон блоктары жеңіл де үлкен, сондықтан қабырғаларды тез арада қалауға болады. Бұл бір жағынан, еңбек өнімділігін арттырса, екінші жағынан, тас қалаушының артық-ауыс қи­мыл­дауының алдын алып, көп жеңілдік туғызады. Ал кірпішке қарағанда ерітінді 5-7 есе аз жұмсалса, қалау шапшаңдығы  3-4 есе артады. Тас пен ағаш­тың қасиеттерін бойына қатар сіңірген  газды бетон бірегей жоғары технологиялық құры­лыс материалы болып табыла­ды. Газды бетоннан салынған ғимарат қыста жылы, жазда қоңыр салқындықты қалыпты ұстап тұрады. Міне, осындай экономика­лық тиімділігі мен экологиялық тазалығына көздері жеткен жергілікті құрылыс компаниялары алыс­тан әкелінген ұлутас пен ба­ғасы жалына қол тигізбейтін силикат кірпіштерге қарағанда газ­ды бетон блоктарын қолайлы көре­ді. Әсіресе, жеке құрылыс салушылардан тапсырыстар көп түседі. «Экотон-Батыс» ЖШС дирек­торы Ерболат Рахымбаевтың айтуынша, республика бойынша осындай газды бетон шығаратын, Германия технологиясымен жұ­мыс істейтін екі-ақ зауыт бар екен. Оның бірі  – Астанада, екіншісі  Ақтөбедегі осы зауыт. Серіктестік мұндай кәсіп­орын­­ды іске қосуға технология­лық материалдар мен жергілікті шикізатты зерттеп, талдап барып ден қойыпты. Ақтөбе өңірінде газды бетон шығаруға қажетті кварц құмы, әк және басқа материалдар жеткілікті.  Бастапқыда серіктестік басшылары  Елбасы тапсырмасына сәйкес құрылыс материалдарын сырттан тасымал­дамауды мақсат етіп қойды, олар­ды өз елімізде шығаруға бағыт ұстады. Зауыт пайдалануға берілгенннен кейін бұл проблемалар­дың бәрі де өз-өзінен шешімін таба бастады. Қазір кәсіпорында шығарылатын өнімдер ішкі ры­нокты бірте-бірте толтырып келеді.   Енді елімізден тысқары жерлерден зауыт өнімдеріне сұраныс арта түсті. Бұл да түсінікті, кә­сіпорында шығарылатын газды бетон блоктары бәсекеге қабілет­ті, халықаралық стандарттарға то­лық жауап береді. Оның үстіне зауытта орнатылған немістің «YTOWG International GmbH» компаниясының технологиялық желісінің  әлемдік сауда маркасы бар. Бұл қондырғылар Еуроодақ елдері кәсіпорындарында құрас­ты­рылады және үлкен сұранысқа  ие. – Біз осы жобаны жүзеге асы­ра отырып, сәтті қадам жасадық деп айта аламын. Алдын-ала есеп­теу­леріміз зая кеткен жоқ. Газды бетон бұйымдарының бо­ла­ша­ғы зор. Мұндай материалдар шығару елімізде енді-енді қолға алынуда. Жобаны жүзеге асыруға 25 миллион долларға жуық қаржы салынды. Зауыт әлі толық қуатында жұмысқа көшкен жоқ. Дегенмен жақын күндері өнім өндіруді анағұрлым арттыруға мүмкіндік мол. Біздің құрылыс­тық газды бетон блоктарымызға Қызылордадан, Ақтаудан, Оралдан және Атыраудан тапсырыс­тар түсуде, – дейді  Ерболат Рахымбаев. Қыстыгүндері мұнда ауы­сы­мына 300 текше метр өнім өнді­ріл­се,  жазғы маусымда ауысы­мына 400 текше метр қабыр­ғалық блоктар шығарылады.  Ал, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде айына  өнім өндіру көлемін 10 мың текше метрге дейін жеткізуге болады. Қазір зауытта  143  маман жұмыс істейді. Өндірісте қолда­ны­латын озық технология маман жұмысшылардан кәсіби біліктілікті талап етеді. Мұнда бәрі электроникамен байланысты, қон­­дырғылар автоматтанды­рыл­ған, оларда жұмыс істеу үшін арнаулы білім керек. Сондықтан кәсіпорында мамандар мен жұ­мыс­шыларды даярлауға,  олар­дың  кәсіби біліктілігін жетілдіруге  ерекше мән беріледі. Осындай игі істердің нәти­жесінде зауыт өткен жылы «Қа­зақ­станның үздік тауары» рес­пуб­ликалық конкурсында «Ха­лық үшін үздік тауар» номина­циясы бойынша жеңімпаз болды. – Кәсіпорында шығарылатын газды бетон – құрылыста жаңа материал. Біз сондықтан өз клиенттерімізге газды бетон блоктарынан құры­лыс салуға қолдау-көмек жа­сау­дан қашпаймыз. Біз­дің өнімдерді сатып алушылар әлі де оны қа­лай пай­да­лануды біле бермейді. Кейде құрылыс салушы­лар­ға бұл мате­риалды қалай қол­дану керектігі жайында ке­ңес беруге де тура келеді – дейді серіктестік басшысы. Қазір кәсіпорын ұжымы өнді­ріс көлемін кеңейтуге бағыт ұс­тауда. Сондай-ақ, газды бетон белдік тастамаларын өндіруді көз­деу­де. Серіктестік өз өнім­дерін көр­шілес Ресей  рыногына шыға­руды жоспарлап отыр. Дағдарыс­ты ең­серген өңірде жеке тұрғын үй салу қарқыны арта түсті. Тұ­тыну­шының сұранысын қана­ғат­тан­дыруды мақсат еткен зауыт ұжы­мы тың табыстарға жұ­мылуда. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.