Дүниежүзілік қауымдастықтың қазіргі кезеңдегі дамуында адам мен табиғат арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы экологиялық мәселелерді шешу жолын іздестіруді талап етеді. Адамзаттың жаһандық дағдарысы Жер шарының экологиялық үйлесімділігінің жеке бөліктері болып табылатын аймақтық деңгейдегі мәселелерден туып отыр. Бұл жағдайда антропогенді өркениеттің қоршаған табиғи ортамен тиімді арақатынасын ұйымдастыруға бағытталған барлық күшті жұмылдыру қажет.
Қазақ халқының біртуар данышпандары А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердіұлы, А.Байтұрсынов, т.б еңбектерінде табиғат пен адам өмірінің тіршілігін ажырамайтын, бөліп алуға келмейтін біртұтас дүние ретінде қарастырған.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды, туған жерін, Отанын құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек, әрбір адам бала кезінен Қазақстаным – менің Отаным, ол мен үшін жауапты, мен де ол үшін жауаптымын, деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей болуы тиіс» – деп көрсетті.
Қазақстан Республикасы тұрақты дамудың жаңа жолына түскен кезеңде жас ұрпақты ізгілікке, эстетикаға, отансүйгіштікке баулитын экологиялық білім мен тәрбие берудің маңызы арта түсуде. Себебі, «табиғат – қоғам – адам» жүйесіндегі қарым-қатынастардың шиеленісуі жылдан-жылға күшейіп, экологиялық зардаптар тіршілікке қауіп төндіріп отыр.
Бірақ, қоғам дамуының қазіргі сатысында адамзат табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, онымен өзара үйлесімділікте өмір сүру керек екендігін әлдеқашан анықтап алған. Бұл жағдайда өскелең ұрпақтың экологиялық білімі, тәрбие мәселесі маңызды рөлге ие болады.
Қоршаған ортадағы адамның орнын түсінуге негізделген табиғатқа деген адамгершілікті қарым-қатынасын, табиғатты қорғауға деген ұмтылыстарын және әлемнің біртұтастығы мен ондағы адамның орны туралы түсінігін, өзін табиғаттың бір бөлшегі деп тануы жайлы білімдерін сонымен бірге табиғаттағы тіршілік иелеріне деген жанашырлық сезімдерін ояту мен қалыптастыру, жас ұрпақтың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыру арқылы жан-жақты тәлім-тәрбие беру, табиғатпен таныстыру – балалардың танымын дамытудың басты құралдардың бірі.
Елбасымыз өз Жолдауында атап өткендей, бұл жыл тәуелсіздікке қол жеткізген, көк байрағы желбіреген, қарқынды қадаммен алға басып келе жатқан қазақ халқы үшін ерекше жыл. Осы 20 жылдықтың тәуелсіздікке қоршаған ортаны қорғау жүйесі бойынша да қосары көп болмақ. Біздің міндет экологиялық мәселелердің маңыздылығын көрсету ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпаққа экологиялық сананы адамзаттың жалпы мәдени-табиғи дамуының бөлігі ретінде көрсету. Сондай-ақ, табиғатты сақтау мен қорғауға, табиғат-анаға көмектесуге ықпал етуді ойлаудың ерекше түрін қалыптастыру. Оны қалыптастыратын, дамытатын, жетілдіретін – өсіп келе жатқан ұрпақ. Яғни, әрбір азамат қоршаған ортаны қорғауға және табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға, өзінің экологиялық білім деңгейін арттыруға және жеткіншек ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге жәрдемдесуге міндетті.
Өскелең ұрпақтың табиғатқа деген ұқыпты көзқарасын, қоршаған орта жағдайының жауапкершілігіне негізделген құндылықты, мінез-құлықты, іс-әрекет бейімділігін қалыптастыру, балалардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін қолдауды айқындау мақсатында Қоршаған ортаны қорғау министрлігі білім ордаларында, оның ішінде дарынды балаларға арналған мектеп оқушыларының арасында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің дипломына «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» тақырыбына конкурс өткізуді ұсынып отыр.
Бұл конкурс біздің жеткіншек ұрпақтарымыздың, мектеп оқушыларының қоршаған ортаны сақтаудағы жауапкершілік идеясын ұялататын және де ғылыми тұрғыдан қарауға, пәнаралық байланысты дамытатын, іс-тәжірибелік жұмыстар жүргізуге жетелері хақ және әлеуметтік-экономикалық, рухани-адамгершілік, интеллектуалдық, саяси, құқықтық, экологиялық және рухани мәдениеттілікті көтеру болып табылады.
Конкурс келесі шығармашылық туындылар бойынша өткізіледі: мақала, зерттеу жұмыстары, сурет, фото, бейнеклип, бейнефильм, өлең, әңгіме, сәулет жұмыстары, сондай-ақ мектеп оқушыларының қоршаған ортаны қорғау саласында атқарған істері.
Бүгінгі таңда сайысты ұйымдастыру туралы тиісті Үкімет қаулысы бекітіліп, конкурсты ұйымдастыру, конкурс дипломанттарын іріктеу үшін комиссия құрылып, бұқаралық ақпараттық құралдарында конкурсты өткізуді ақпараттық сүйемелдеуді ұйымдастыру секілді бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
Конкурс қорытындысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай үздік шығармашылық туындылар жинағын шығару туралы үлкен үміт пен сәуле отын тұтандырады.
Бұл, Президентіміз өз Жолдауында атап айтқандай, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жолының – БОСТАНДЫҚ, БІРЛІК, ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ӨРКЕНДЕУ секілді арқаулы құндылықтарын қалыптастырады.
«Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы!» деп кеткен Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың сөзін басты қағида етіп, кешегінің дәстүрлерін бойына сіңірген, ертеңгі күні ұлтының дамуына үлес қосатын, елімнің өткенін бүгінімен байланыстырам дейтін, қазақ халқының ұлы халық екендігін ұғынған ұрпақтарымыз көп болсын!
Ғалия КӘРІБЖАНОВА, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық саясат және орнықты даму департаментінің директоры.