22 Сәуір, 2011

Жаңа тұқымға жаңаша күтім қажет

362 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстандағы мал шаруа­шы­лығының қазіргі жағдайы сүт бағытындағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашы­лық­тардың жеке ассоциациясын құруды қажет етіп отыр. Бұл жайында жуықта «ҚазАгро­Фи­нанс» лизингтік компаниясы ұйымдастырған семинар кезінде көп айтылды. Осы жиынға қатысқан ірі қара малының голштиндік асыл тұқы­мын өсіру жөніндегі венгрлік маман әрі сарапшы Михай Меса­роштың мәлімдеуінше, асыл тұ­қымды ірі қара күтімін тиімді қамтамасыз ету үшін міне осын­дай ұйым қажет. Михай Месарош өз еліндегі голштиндік тұқымды өсіретін шаруашылықтар ассоциациясына жетекшілік жасайды. Сондықтан ол өздерінде жинақталған тәжі­ри­беге сүйене отырып, қоғамдық негізде жұмыс істейтін осындай одақты құрудың пайдалы жағы мол екендігін айтты. Оның пікірінше, сүт бағытындағы асыл тұ­қымды мал өсіретін шаруашы­лықтар өз беттерінше жеке дара жақсы дами алмайды. Олардың басын қосып бір арнада біріктіріп отыратын, проблемаларын ше­шудің ортақ жолдарын қарас­ты­ратын ұйымның пайда болуы іске серпін береді. Оның үстіне ол мемлекеттік емес, қоғамдық ұйым болуы керек те, мемлекет осы ұйымға өзіне тән бірқатар құқықтарды ұсынуы тиіс. Осы ретте Михай Месарош мұндай тә­жірибе ең алғаш 1888 жылы Аме­рикада пайда болғандығын еске салды. Содан бері Америкада голштиндік ірі қараны өсіру­мен шұғылданатын жеке ассо­циа­ция тұрақты түрде жұмыс істейді. «Мұндай ұйымды Қазақ­стан­­дағы асыл тұқымды мал өсі­румен шұғылданатын шаруа­шы­лықтар немесе осындай жетістікке қол жеткізгісі келетін шаруа­шы­лық­тар бірге отырып өздері құру қажет», деді Михай Месарош. 1972 жылға дейін Венгрияда да біздің қазақ даласында секілді жергілікті мал тұқымдары үлкен басымдыққа ие болып келген. Олардың өнімділігі төмен бол­ған­дықтан, сүт өндіру деңгейі де төмен болған. 1970 жылдардан бастап елдің ішкі рыногында сүт тұтыну көлемі бұрынғыға қара­ғанда арта түседі. Тұтынушылар­дың сұранысына жауап беру үшін сүт өндірушілердің жағдайын жақ­сарту, оларға мемлекеттік қол­дауды ұйымдастыру қажет болады. Үкімет оның жолдарын қарастыра келе, ең дұрысы, сол кездегі ең көп мөлшерде сүт бере алатын тұқымдарды іздестіріп, оларды Венгрияға тарту қажет деп шешеді. Сөйтіп, 1972 жылы бұл елде сүт өсірумен айналыса­тын шаруашылықтарды дамыта­тын жаңа бағдарламалар жаса­лады. Осы бағдарлама бойынша елге 1972-1980 жылдар аралы­ғында 21 мың бас асыл тұқымды малдар АҚШ пен Канададан жеткізіледі. Сол кезден бастап осы асыл тұқымды малдарды жергілікті тұқымдармен шағылыстыру нәтижесінде голштиндік асыл тұқымды малдардың венгрлік түрі пайда бола бастайды. «Біз бүгін осы асыл тұқымды малдардың 7-8-ші ұрпақтарымен жұмыс істеу үстіндеміз. Бүгінгі күні біздің еліміздегі барлық ірі қара малдардың үштен бір бөлігін осы тұқым құрап отыр. Осы реттегі бір үлкен жетістігіміз ретінде әр сиырдан сауы­латын сүт көлемін үш есе арт­тыр­ғандығымызды айтуға бола­ды», деді Михай Месарош. Семинар барысында шетелдік маманның бұл пікіріне Ақтөбе облысындағы «АЙС» ЖШС өкілі Рим Әбішев те қолдау білдірді. Рим Әбішев еңбек ететін аталған фирма ірі қара өсірумен шұғыл­данады. Қазіргі күні бұл фирма «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамының лизингтік несие желісі арқылы өздерінің тауарлы сүт фермасын қалыптастырып отыр. «Сүт бағытындағы асыл тұқымды шетелдік малдарды өсіру ісімен шұғылданатын ша­руа­шылықтардың қай-қайсысы болмасын бір бірлестік аясында бірлесіп жұмыс істемейінше, өз беттерімен жеке-дара дами ал­май­ды. Өйткені, шетелден келген мал шаруашылығындағы жаңа технологиямен тәжірибені игеру үшін біз бірлесе отырып, халық­аралық жүйеге барып қосылуы­мыз керек. Әйтпесе, әкелінген асыл тұқымды шетелдік малдар­дың күтімін келістіріп ұстаудың қиындықтарымен жеке-дара бет­пе-бет қалатын боламыз. Ондай жағдайда дамудың орнына, қолда барды ұқсата алмай құр­тып алуымыз да әбден мүмкін», деді Рим Әбішев. «Сүт бағытындағы асыл тұ­қым­ды малдарды өсіру ісіне кіріскен кезімізде біздің алды­мызда көптеген жаңа мәселелер пайда болды. Бұл малдарды қалай азықтандырамыз, қандай күтімде ұстаймыз, ауыра қалған жағдайда қандай ем қолданамыз деген сұрақтар пайда болды. Біз бұрын жергілікті мал тұқымы­мен ғана жұмыс істеп жүрге­німізде біздің алдымыздан мұндай сұрақтар туындамап еді. Енді талап та, жағдай да өзгер­ді. Өйткені, өсіретін малдары­мыз өте жоғары өнімді тұқымға жатады. Олардан жоғары өнім алу үшін осы малдарды өсірудің амал-айлаларын да меңгеру қа­жеттігі алдымыздан көлденең­деп шықты. Міне, осы тұста ма­ған мал дәрігері ретінде халық­аралық тәжірибенің көп көмегі тиді. Демек, қазіргі өтіп жатқан семинардың мамандар үшін пайдасы өте зор. Тек барынша зейін қойып, оның беретінін ала білу қажет», деді Рим Әбішев. Әрине, елімізде басталып жат­қан әрбір жаңа іс оны ба­рын­ша меңгеруді қажет етеді. Белгілі бір жаңа жоба жүзеге асырыла бастаған кезде оның алдағы өмірге қажет болатын барша жаңалықтарын оқып-үй­реніп, меңгерудің де қажеттілігі пайда болады. Өйткені, шетелдік тәжірибеге негізделген жаңа технологияны енгізген кезде, ескіше жұмыс істеу оның жо­лын бөгейді. Әсіресе, мал ша­руашы­лығы жағдайында осы­лай деп айтуға тура келеді. Шетелден әкелініп жатқан әрбір асыл тұ­қымды малдың өзіне тән күтімі бар. Соны келістірмесе болмай­ды. Сондықтан «ҚазАгро­Фи­нанс» акционерлік қоғамы ұйым­­дастырған осы семинар­дың ма­ңыздылығын оған қаты­су­шы­лар­дың барлығы түсінді және оның беретін пайдасын атап көрсетті. Демек, мұндай семинарлар алдағы уақытта да жал­ғасын табатын болады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.