Аймақтар • 28 Наурыз, 2017

Ақындар білім мен ғылымды жырлады

530 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын­да Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры мен «Жәдігер жастары» қоғамдық бірлестігі «Білімдіге дүние жарық» атты республикалық ақындар айтысын ұйымдастырды.

Ақындар білім мен ғылымды жырлады

Әр айтыстың өз жаңалығы бар. Жаңалығы жоқ айтыс халық тарапынан жылы қабылданбайды да. Жас ақындардың 12 жұбы сөз сайыстырған айтыс мазмұны жағынан бай, қоғамдағы күрмеуі қиын тақырыптарды көркем оймен байланыстыра қозғауымен байырғы құндылығын арттыра түскендей әсерде қалдырды. Айтыскерлер еркін ой толғап, өзекті мәселені дөп тауып, кең көсіле құлаштап жырлауымен айтыс өнеріне өзінше өрнек салды. 

Алматы, Астана, Қостанай, Ақтау, Тараз, Қызылорда, Қара­ған­ды, Орал, Ақтөбе қалаларынан келген жасы 30-ға жетпеген суырыпсалма жүйріктер айтыс кө­рігін, негізінен, білім мен ғы­­лым тақырыбы төңірегінде қыздырды. Ақындардың бірі студент, бірі мұғалім болғандықтан, бұл саладағы мәселемен жете та­ныс екенін әр сөзімен дәлел­деп, тың теңеулерімен танытты.

«Білімдіге дүние жарық» атауын ұран етіп алған ұйым­дас­тырушылар «білімсіздің кү­ні ғаріп» екенін ақындардың өрнекті ойымен, кестелі тілімен көпшілікке жеткізуді мұрат тұт­қаны айқын. Білім мұхитынан маңыздысы мен нәрлісін сүзіп алып, еңбекпен ел көшін алға сүйрейтін, болашақтың тізгінін ұстайтын білімді жастар екенін әр ақын шумақтарымен шымыр өре білді. Әзірге аламан айтыс­тарда топ жарған дүлдүл болмаса да, алдаспан сөздің додасына бас­тап барар алғашқы баспалдақ осы тақылеттес сайыс болатындықтан, жас жүйріктер тосылып қалмауға тырысып, жанын салды. Иығына «айтыс ақыны» деген үлкен атақты ілгенімен, орда бұзар жасқа жете қоймағандықтан, жас ақын есе­бінде келген жүйріктер бір-бі­рімен әдемі әзіл-қалжың жарастырды. Жігерлі жастыққа тән қасиеттің бірі қалжың бол­ғандықтан, онысы және жарасымды шықты.

«Шымкенттің қызын сүйген ем, қалыңмалын естіген соң, жалғыз қайттым үйге мен», деген секілді жолдар күлкі шақырғанымен, бұл ақынның ескі дәстүрдің әлеуметтік астарына жаңаша қарауға шақыр­ған тұспалы секілді сезілді. Әсі­ресе, ақтаулық жас ақын Абай Жол­ма­ғамбетовтің жоғары оқу орын­дарындағы сабағына салғырт қарап, нәтижесінде, қандай ма­мандықты оқып шыққанынан хабары жоқ студенттерді сын садағына ала отырып: «екі беті қызармай, ең соңында, дипломы қызарып шыға келед» деген ащы сөзі бүгінгі білім жүйесіндегі беті бүркемеленіп жүрген шындықтың пердесін сыпырғандай болды. А.Жолмағамбетов осы айтыстағы уытты ойын ұтымды әзілмен әрлен­діріп, сыпайы сөзбен екіжүз­ділік пен өтіріктің терісін сыды­рып, көп­шіліктің көңілінен шыққан бірден-бір ақын екенін дәлелдеді.

Сонымен, айтыстың бас жүл­десін тараздық Әсет Дүйсебаев еншіледі. Ал бірінші орын Орал­дан келген «Қадыр Мырза Әлі» орталығының жас маманы Талғат Мықиға бұйырды. Халық лық толған Студенттер сарайында өткен сөз додасына Астанадан кел­­ген 8-сынып оқушысы Диас Өтепберген де қатысып, балғын­дығына қарамастан суырыпсалма сөз өнерінде тайталаса алар тегеуріні, кем түспейтін келешегі барын байқатты. Шақ­таулы шағын ортада шамасына қарай шапқан әр ақынды екпініне қарай екшеп, алдағы дүбірлі жарыстар алдындағы ащы терін сыпырған айтыс қоғамға да, билікке де ой салуымен өз мақсатын орындады.


Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ



Соңғы жаңалықтар