Амангелді Сембин – Әулиеата өңірінде дүниеге келген дегдар. Әкесі Нақып жылқы бағып жайлауға шыққанда болашақ әйгілі әнші кең даланы көркем күйге бөлеп, көсіліп ән салады екен. Табиғат таңғажайып талант сыйлаған әншінің кең тынысы бұдан кейін төрткүл дүниені тамсантып, тебірентті.
Біз қолға алып көрген көне дәптер өлең өрнектелген, сурет сақталған жай дәптер емес болып шықты. Бүгінде Меркі жерінде тұратын белгілі ақын Шырын Мамасерікованың жеке мұрағатында сақталып келген бұл дәптер – Амангелді Сембиннің өлеңмен жазылған хаты екен. Суреттегі де әншінің бозбала күніндегі бейнесі.
Біреуі ақын, біреуі әнші болсам деген асқақ арманмен Алматыға ат терлетіп келген жерлестердің жолы сол кездегі астанада түйісіп, бір-бірімен жақын танысып-білісе бастайды. Екеуі екі оқу орнында оқып жүріп-ақ ұлт руханиятының алтын бесігі болған ару шаһарда жиі кездесіп тұрады. Тіпті, Шырын ақынның шынайы өлеңдеріне тәнті болған әнші Амангелді ризашылығын білдіріп, ағалық пейілін аңғартып хат та жазған екен. Ол, әрине, жай хат емес, өлеңмен жазылған өрнекті сәттер.
– Амангелді өлең жазатын. Негізгі арманы ақын болу еді. Бірақ ақындық бұйырмаса да, керемет әнші болды. Әдебиетке деген құштарлығы ерекше еді. Әбділда Тәжібаев, Шона Смаханұлы сияқты танымал қаламгерлермен болған кездесулерден қалмайтын, – деді Шырын Мамасерікова.
Бір ғажабы, жарты ғасыр бойы бұл дәптерді ақын жан баласына көрсетпеген екен. Әншінің жұмбақ ғұмырындай болып сарғайып жата беріпті. Шырын Мамасерікова енді әйгілі әншінің бұл сырын да халық білсін, жастар оқысын деген оймен сандық түбінен суырып көрсетті.
– Амангелді сұңғақ бойлы, сұлу жүзді, қыр мұрынды келбетті жігіт болатын. Қыз біткеннің оған қызықпайтыны жоқ еді. Бірақ сол кездегі қыздардың бойындағы нәзіктік, инабаттылық оны білдіруге жібермейтін. Ал Амангелді әуелете ән шырқағанда бәріміз де тамсанатынбыз. Жерлесі болғандықтан, маған әрдайым қарындасым деп ағалық қамқорлық көрсетіп жүрді. Қыздар мен жігіттер бір-біріміздің «анкетамызды» толтыратынбыз. Сол арқылы хат жазысып, сырласатынбыз. Бұл қалың дәптердің бар қадірі осында жатыр. Өз басым Амангелдідей талантты тұлғамен таныстықта, білістікте болғанымды үлкен құрметпен еске аламын, – дейді ақын.
«Құрбыға» деген бұл өлеңнің тарихы осындай. Сондай-ақ, бұл дәптерге әншінің қолымен Абай өлеңдері де жазылыпты. Енді Амангелді Сембиннің өзі жазған өзге де туындылары жоқ па екен деген сауал көлденеңдей берді. Кім біледі, болуы да мүмкін.
Көзден кетсе де көңілден кетпейтін өнерпаздың рухы оның салған әндерінде шарықтап келсе, енді жазған жырларымен де самғай береді.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы