Бокс • 28 Наурыз, 2017

Қанат Исламның Астанада өтетін бокс кешінің орны белгілі болды

306 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада EXPO-2017 көрмесі кезіндегі бокс кешінің өтетін орны мен билеттерінің сатылымға шығатын күні белгілі болды. Бұл туралы бірінші орта салмақта WBO Intercontinental және WBA Fedelatin белбеулерінің иегері Қанат Исламның өкілі Берік Сұлтан Facebook парақшасында хабарлады.

Қанат Исламның Астанада өтетін бокс кешінің орны белгілі болды

«Астанада 9 қыркүйекте өтетін кәсіпқой бокс кеші «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Спорт кешенінің сыйымдылығы 10 мың адам. Ринг айналасына 2-3 мың орындық қоюға болады. Бас-аяғы 13 мыңға жуық жанкүйер келеді деп күтілуде. Жекпе-жек алдында 3 баспасөз мәслихаты және ашық жаттығу өтеді. Жекпе-жек бітісімен, Сарыарқа велотрегінің баспасөз залында боксшылардың қатысуымен ресми баспасөз мәслихатын жасаймыз. Ескерте кететін бір жайт "Алматы Аренада" өткен кәсіпқой бокс кешінде 15 мыңға жуық халық келіп, билет жетпей кіре алмай қалғандары өте көп болды. Сол үшін билет сатылымға шыға салып, тезірек алып қоюларыңызды сұранамыз. Билет шамамен тамыз айының 1 жұлдызында сатылымға шығады. Бұл жолы да бағалары қолжетімді болады. Айта кетейік, кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде жеңілмеген боксшы Қанат Ислам жұдырықтасады. Сондай-ақ, еліміздің мақтанышы, әлем чемпионы Бейбіт Шүменов те осы бокс кеші аясында жекпе-жек өткізеді деп күтілуде. Басқа да кәсіпқой боксшылармен келіссөздер жүргізілуде», – деп жазды Берік Сұлтан.

Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы бокс кешінің 9 қыркүйекке белгіленгенін айтты. Бірақ министрліктің баспасөз қызметінің xабарлағанындай, бұл алдын ала мерзімі. Жұмыс барысында бұл күн әлі де өзгеруі мүмкін.

Осыған дейін Қанат Исламның жаттығуға кіріскені хабарланған. Астанада өтетін бокс кешіне дейін ол бір рет шаршы алаңға шығуды жоспарлап отыр. Алдағы он күннің ішінде қарсыласы мен өтетін орны және күні белгілі болады.

Ал Бейбіт Шүменов 29 сәуір күні Лас-Вегаста (АҚШ) кубалық Юниер Дортикоспен күш сынасады. 

Соңғы жаңалықтар