Қаржы • 28 Наурыз, 2017

Қазақстанның сақтандыру нарығы серпін алды

801 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы ҚР Ұлттық Банкінің және жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сақтандыру нарығын дамыту мәселелерін талқылады.

Қазақстанның сақтандыру нарығы серпін алды

Сақтандыру нарығының жай-күйі мен болашағы туралы ҚРҰБ Сақтандыруды қадағалау департаментінің директоры Жанат Құрманов баяндама жасады. Ол еліміздің сақтандыру нарығындағы күштердің соңғы жылдарда қалай өзгергенін айта келіп, активтердің, меншікті капиталдың және сақтандыру резервтерінің серпіні бойынша деректер келтірді.

Құрмановтың айтуынша, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 32 сақтандыру ұйымы,15 сақтандыру брокері және 59 актуарий бар. Жиынтық активтер мен меншікті капитал тиісінше 857 млрд. теңгені және 402 млрд. теңгені құрады. 

«Активтер құрылымында сомасы 373 млрд. теңге болатын бағалы қағаздар құрайды. Бұл жалпы көрсеткіштің 43%-ы. Екінші деңгейдегі банктерде орналастырылған салымдар жиынтық активтердің 27% үлесін (228 млрд. теңгені) құрайды», – деп хабарлаған Құрманов сақтандыру резервтері сомасының өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға ұлғайып, 412 млрд. теңге болғанын мәлімдеді. 

Тұтастай алғанда, ҚРҰБ өкілінің айтуынша, Қазақстанның сақтандыру нарығы 2016 жылы негізгі көрсеткіштердің оң серпінін жалғасады және сақтандыру сыйақылары соңғы 5 жылдағы максимумға көтерілді. 

Сақтандыру сыйақысының көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 24%-ға ұлғайып, 357 млрд. теңге болды. 

«Сақтандыру нарығында сақтандыру шарттарын жасасу және сақтандыру оқиғаларын реттеу кезінде көрсетілетін қызметтер сапасының айтарлықтай артуы, халыққа арналған ерікті сақтандыру өнімдері тізбесінің кеңеюі, сақтандыру қызметтерін тікелей сатудың, оның ішінде міндетті ерікті сақтандырудың сақтандыру полистерін онлайн сатудың дамуы байқалады. Сақтандыру ұйымдарының ақпараттық қызметінің жандануы азаматтардың қаржылық сауаттылығын, сақтандыру ұйымдарына және тұтастай алғанда сақтандыруға деген сенімнің артуына ықпал етеді», – деді Ж. Құрманов.

Оның айтуынша, сақтандырудың заңнамалық базасын жетілдіру, сақтандыру нарығының инфрақұрылымын дамыту, сақтандыру ұйымдарының қаржылық орнықтылығын арттыру бойынша қабылданған шаралар сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын және мүддесін қорғауды күшейтуге ықпал етті.

«Сақтандыру секторын тиісінше дамыту және жұмыс істеуі мақсатында сақтандыру омбудсманы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры, сақтандыру жөніндегі деректердің бірыңғай сақтандыру базасы, актуарийлер қоғамы сияқты инфрақұрылымдық ұйымдар құрылды. Сақтандыру сыйлықақыларының серпінді өсуіне қарамастан, олардың ІЖӨ-дегі үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Бұл Қазақстанның сақтандыру нарығы әлеуетінің зор екендігін білдіреді», - деді Құрманов. 

Қазақстан экономикасы мен әлеуметтік саласының заманауи даму сатысы, жаһандану мен әлемдік жүйеге белсенді ықпалдасу процестері, ДСҰ-ға кіру отандық сақтандыру индустриясының алдына жаңа мақсаттар мен міндеттер қояды, оларды іске асыру қаржы нарығын, оның ішінде сақтандыру нарығын дамыту үшін жағдайлар жасауды талап етеді, деп қорытындылады Ұлттық банк өкілі.

Соңғы жаңалықтар