Қазақстан • 28 Наурыз, 2017

​Оқушылар қамкөңіл қарияларға тарту жасады

370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Астана қаласының №51 мектеп-гимназиясында қайырымдылықты насихаттауға байланысты түрлі іс-шаралар өтті. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында әртүрлі кездесулер, пікір алмасулар, ашық тәрбие сағаттары ұйымдастырылды.

​Оқушылар қамкөңіл қарияларға тарту жасады

Мектептің 6-7 сынып оқушылары «Имандылық жүрекке ұяласа», «Ата-анаң сенің байлығың», «Қайырымдылық асыл қасиет», «Имандылық жарасады ұл-қызға», «Адамгершілік тәрбиесі басты мақсат» т.б тақырыптарда сынып жетекшілерімен бірігіп, өнегелі тәрбие сағаттарын өткізді. Бауырмалдылыққа баулитын бастама қайырымдылық жәрмеңкесімен жалғасты. Оны өзін-өзі басқару ұйымының жетекшісі Жақсылық Сапарғали сәтімен ұйымдастыра білді. Мектеп ұжымы мұнымен тоқтамай, мұғалімдер мен оқушылар қарттар үйіне барып, қазына кеуде жандардың жағдайын біліп қайтты. Қарттар үйіне қырық оқушы, жеті мұғалім барды. Оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы ақпан айында туған қарияларға сыйлықтар беріп, концерт ұйымдастырды. Науқастанған, жүре алмайтын қариялардың бөлмелеріне барып, көңілін көтеріп құттықтады. 

«Шарапатты шара барысында шәкірттер үлкендерді сыйлау, құрметтеу керек екенін, оларға қызмет ету керектігін түсінді. Қазақта «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, парызың өтелмейді» деген мақал бар емес пе. Ұққанға бұл мақалдың мазмұны терең. Қарттар бүлдіршіндерге ақ батасын беріп, ризашылықтарын білдірді. Жақсы көңіл күймен шығарып салды», дейді мектеп директоры Күнімхан Смағұлқызы.

Нұрдәулет Нұрсейітов

Соңғы жаңалықтар